Руханият

Бошай ағаның тапсырмасы

немесе ұмытылмас іссапар

Осыдан  отыз бес жыл бұрын Украинадағы Запорожье облысына барған іссапарымның жай-жапсарын оқырман қауыммен бөлісейін деген ниетпен қолыма қалам алып едім.

 Сол кезде мен Өскемен құрылыс-жол институтын инженер-механик мамандығы бойынша бітіріп,  одан кейін жол-құрылыс әскерінде екі жыл офицер қызметін атқарып, Большенарым ауданының Ленин атындағы ұжымшарында жөндеу шеберханасының бақылаушы-инженері ретінде жұмыс істей бастаған кезім. Өзім сол кездегі ұжымшар орталығы Новоберезовка ауылында (қазіргі Алтынбел)   дүниеге келдім, осы жерде орта мектепті бітірдім.  1990 жылдары туған ұжымшарымда бас инженер қызметін атқардым. 2006 жылы мені Алтынбел ауылдық округінің әкімі етіп тағайындады.  Он жылдан астам уақытты осы жұмысқа арнадым.

Біздің ұжымшар ауданның едәуір аумағын алып жатқан жеті шаруашылықты біріктіру жолымен 1956 жылы құрылған.  Үш шаруашылық таулы аймақта орналасқан. Шығыс Қазақстандағы ең ірі ауыл шаруашылығы кәсіпорны болып табылатын жаңа ұжымшарға Ленин есімі берілді. Басқарманың төрағасы болып Бошай  Кітапбаев  сайланды. Амангелді атындағы ұжымшарды (Майемер ауылы) басқарған менің әкем Нұраш Жексембаев  біріккен шаруашылықта  қой шаруашылығы саласын  басқарды. Оның ата-бабалары Қожамбет руынан шыққан.

1987 жылы маусым айының соңында ұжымшарда егіс науқаны  аяқталып, барлық бөлімшелер шабындыққа және астық жинау науқанына дайындалып жатқанда мені ұжымшар төрағасына шақырды.  Бошай аға менің қалай орналасқаным туралы сұрастыра келе, жақсы жұмысым, ішімдіктен аулақтығым үшін мақтады. Әңгіменің соңында ұжымшардың штаттық жабдықтаушылары іссапарда екенін, сондықтан маған Запорожье облысының Бердянск қаласына, Первомайск ауыл шаруашылығы машиналары зауытына  барып, ұжымшар комбайндарына ЖРБ-4.2 жаткаларын алу қажеттігін айтты. Олар  –  бұршақ дақылдарын шабуға арналған және бөлек жинау кезінде жатып қалған егінді бастыруда таптырмас тіркеме қондырғы.

Күтпеген ұсыныс болғандықтан, мен біраз абдырап қалдым. Алайда төраға менің толқуымды тез басып, тіпті өзі Новоберезовкада болса да қажетті қолдауды  қамтамасыз етемін деп сендірді.

Алдағы іссапар оңай емес және шалғай  болғандықтан, ол әңгіме барысына қатысып отырған бас инженер Тоқтамысов Қапашқа маған серіктес табуды тапсырды. Үш-төрт күннен кейін жолға шығуды белгіледік. Соңғы сәтте бас инженер мені жалғыз баруға көндірді. Шаруа  қызып тұрған  уақыт, бос адамдар жоқ. Келісуге тура келді.

Жүрер алдында Бошай Кітапбайұлы Бердянскіге дейін қалай жетуге болатынын тағы бір рет толық түсіндірді. Зауыт директорына ресми хатты қолыма ұстатып,  Мәскеуге дейін авиабилет мәселесін шешіп берді.  Содан кейін мен машинамен Өскеменге жол тарттым, онда «Облыстық ауылшаруашылық техникасы» мекемесінен  жаткаларды сатып алуға сенімхат алдым.  Бұл сенімхат ештемеге кепілдік бермейтін, ол зауыт басшылығы ұжымшар төрағасының сұранысын қанағаттандыру қажет деп шешкен  жағдайда мәмілені рәсімдеу үшін қажет болды.

Мәскеуде біршама қиындықтармен Бердянскіге дейін теміржол билетін  алудың сәті түсті. Ол кездерде жазғы маусымда он миллиондаған демалушылар отбасыларымен  еліміздің оңтүстік курорттарына, Қара және Азов теңіздерінің жағажайларына ағылатын. Аэропорттар мен теміржол вокзалдарында кассаларға үлкен кезектер тұратын.

Пойыздан түсе салысымен, зауытқа жеттім. Директордың қабылдау бөлмесінде хатшыға хатты беріп, қабылдауға жазылдым. Хатшы директорға кіру өте қиын екенін және кем дегенде бір апта күтуге тура келетінін ескертті.

Ойлағанымдай, қаланың қонақ үйлерінде орын болмады. Азов теңізінің сол жақ жағалауында орналасқан Бердянск, порттық қана емес, курорттық қала да болып табылатын. Теңіз жағалауы, жайлы климат және емдік балшығы бар бұл курорттың республикалық маңызға ие болуы да тегін емес еді.  Қала көшелері демалушыларға толы. Дегенмен, курортты қаланың тұрғындары  үшін жазғы маусым  тұрғын үй-жайларын жалға беріп табыс табатын кезең болғандықтан, көп қиындықсыз  жалға пәтер таптым. Содан кейін, келіскеніміздей, ұжымшар бастығына Бердянскіге сәтті жеткенім туралы телеграмма жолдадым.

Менің қаладағы күндерім зауыттың қабылдау бөлмесіне барумен басталды, алайда біздің хатымыз бойынша ешқандай қозғалыс жоқ, толық тыныштық. Жалдаған пәтерімнің телефон нөмірін хатшыға қалдырып, күтуге тура келді. Сонымен, үшінші күні таңертең үй иесі мені телефонға шақырды.  Зауыттың қабылдау бөлмесінен қоңырау шалған хатшы: «Генеральный директор Сахаров Владимир Александрович сізді күтіп отыр» деп, сарыла күткен қуанышты хабарды айтты.

Жарты сағатта зауыт басқармасына жеттім. Хатшы Қазақстаннан  ұжымшар өкілі келді деп баяндады.  Директор кең кабинетінде жылы жүзбен күлімдеп қарсы алып, қолын беріп амандасты. Біз ұзын үстелдің бас жағына қарама-қарсы отырдық. Сол сәтте-ақ қолына менің хатымды ұстаған көмекшісі кірді.

Директор әңгімені біздің төраға туралы сұрақтарымен бастады. Мен ұжымшар төрағасының соғыс ардагері, бірінші топтағы мүгедек, Социалистік Еңбек Ері, КОКП съезінің делегаты, экономика ғылымдарының кандидаты  екенін, Жоғарғы Кеңеске депутат болып сайланғанын айтып жеткіздім. Ұжымшар туралы біраз әңгімеледім.

Мені тыңдап болып, зауыт директоры түн ортасында оның пәтеріне қалааралық телефон қоңырауы түскенін айтты.  Тұтқаны көтерген әйелі оны оятып, Қазақстаннан  бір адамның осымен екінші рет телефон соғып қоңырау соғып тұрғанын айтқан. Ұйқысын аша алмай тұрған Сахаров жақтырмай күңкілдеген, бірақ әйелі болмаған соң, тұтқаны алуға тура келген.

Ол ақталғандай болып, тіпті Украина Компартиясының ОК хатшысының өзі оны кеш қоңыраулармен мазаламайтынын айтты. Соңында түнгі әңгіме жарты сағатқа созылған.

Мен Бердянск зауытының директорына телефон шалған ұжымшар төрағасы  Бошай ағамыз екенін бірден сездім. Шамасы, күндіз кәсіпорын басшысын қызметтік кабинетінде ұстау мүмкін болмаған.

Бошай Кітапбайұлының  өжеттілігі мен қайрат-жігері, кез келген жағдайда қажетті сөздерді таба білуі КСРО ауыл шаруашылығының машина құрылысы министрлігі жүйесіндегі жетекші кәсіпорындардың бірін ондаған жылдар басқарып жүрген тәжірибесі мол басшысы Сахаровқа әсер еткен.  Ол өзінің алыстағы қазақстандық ұжымшары туралы  телефон арқылы қызыға  әңгімелеген біздің төрағаға құрметпен қарағанын атап өтіп, жұмысы үшін алаңдайтын адамның еңбегіне және табандылығына бас иетінін айтты. Сондай-ақ бұл ретте өзінің үй телефонын қалай тауып алғанына таңғалды.

Көмекшісі бастығына хатты беріп, бекітілген кестеге сәйкес Шығыс Қазақстан облысы үшін жаткалар күзде тиелетінін баяндады.  Алайда директор Ленин атындағы ұжымшарға зауыттың резервтік қорынан ЖРБ-4.2 он екі жаткасын дереу бөлу туралы өкім етті.

Осыдан кейін Владимир Александрович  көмекшісіне   мені зауыттың қонақ үйіне ақы алмай орналастыруды  және теміржол платформаларына жаткаларды тиеу процесін көріп, бақылай алуым үшін зауыт аумағына  кіруге рұқсат беруді тапсырды. Қоштасарда барлық туындайтын мәселелер бойынша көмекшісіне жүгінуді айтып,  ұжымшар төрағасына үлкен сәлем жолдады.  Сонымен бірге қаланы көруге, жергілікті мұражайларға барып, Азовтың тамаша жағажайларында күнге қыздырынуға кеңес берді.

Ұлы Отан соғысы жылдарында Бердянск екі жыл оккупацияда болған. 1941 жылдың қазан айында ауыл шаруашылығы машиналары зауыты Қырғыз КСР астанасы Фрунзе қаласына (қазір Бішкек қ.) көшірілген. Бердянскіні азат еткеннен кейін зауыт өзінің жұмысын Қырғызстанда жалғастырған, ал көшірілген кәсіпорынның орнына үш жылдан аз уақыт ішінде жаңадан Первомайск ауыл шаруашылығы машиналарының зауыты салынған. Фрунзе ауыл шаруашылығы машиналары зауыты  ірі шабындық техникаларын  өндіруші кәсіпорынға айналды. Олар шығарған пресс-жинаушылар КСРО-ның түкпір-түкпіріне жеткізілетін және де шетелде сұранысқа ие болған.

Сахаровтың қабылдауынан кейін бір апта ішінде біздің жаткалар екі теміржол платформасына тиеліп, біздің ұжымшарға ең жақын орналасқан Зырян қаласының Зубовка стансасына жөнелтілді. Бошай аға күнде маған қоңырау шалып, жағдайды біліп тұрды.

Адамға іссапар тапсырмасын беріп, ары қарай өздігінен амалын тапсын, қойылған міндетті қалай шешетінін өзі ойласын деген ол кісіде болған емес.  Ол әрқашанда көмекке келуге дайын тұратын.

Зауыт директорының өкімімен тиелген партияны машинаның ең басты тораптарының қосалқы бөлшектерінің жеткілікті кең номенклатурасымен толықтырып бергенін де айтқан жөн.

Первомайск зауытының тарихы 1876 жылы ағылшын инженері Джон Гривз Бердянскіге болашақ зауыттың негізі болған ауылшаруашылық техникалары мен құралдарын бөлшектелген түрде әкеліп, сатып алынған шеберханаларда жинақтай бастаған кезден басталған. 1917 жылғы революциядан кейін  Гривз Ресейден кеткен, ал оның кәсіпорны  саяси және экономикалық апаттардан аман қалып, ауыл шаруашылығы машиналарын шығаруды жалғастырған.  Көп ұзамай зауыт  атауы Первомайск деп өзгертілді.

Кеңес кезеңінде Первомайск ауыл шаруашылығы машиналары зауытының конвейерлерінен шығатын  өнім жыл сайын елде шығарылатын аспалы және тіркемелі жаткалардың 80% құрайтын. Зауыт КСРО-да дәнді және дәнді-бұршақты дақылдарды бөлек жинауға арналған жаткалар өндіретін жалғыз кәсіпорын болды. Тоғызыншы бесжылдықтың қорытындылары бойынша зауыт Еңбек Қызыл Ту орденімен марапатталды.

        Қабдырғали Жексембаев

 

 

 

Осы айдарда

Back to top button