Қоғам

Бос жатқан жерлер қайтарылып жатыр

Ержан Әбіш

Аймақ басшысы Даниал Ахметовтің төрағалығымен өткен кеңесте пайдаланылмай жатқан жерлерді жайылым санатына қайтару мәселесі талқыланды. Атап айтқанда, Ұлан, Күршім, Самар аудандары мен Өскеменде жайылым тапшылығы бар, 43 мың гектар жер жетпейді.

– Әрине, бұл көп емес, дегенмен жұмыс жүргізу керек. Пайдаланылмайтын учаскелерді иелері көп жағдайда өз еркімен қайтарып жатыр, заңдық құралдарды да қолданудамыз. Өнімділігі төмен жерлерді жайылымдыққа беруді қарастырып отырмыз. Мониторинг көрсеткендей, бізде 760 мың гектар бос жер бар, – деді облыс әкімі.

Ауылдарды цифрландыру бойынша салалық басқарма ауқымды жұмыс жүргізуде. Комиссия 45 ауылдағы жағдайды талдап, құрылыс басқармасы антенналардың үлгілік жобасын әзірледі, орнатылатын жерлері анықталды. Өкінішке қарай, ұялы байланыс операторлары өздері қол қойған меморандум міндеттерін соңына дейін орындамай, жұмыс кешеуілдеп тұр. 25 қазанға дейін ауылдарды интернетпен қамтудың нақты іс-қимыл алгоритмі дайындалады.

Сондай-ақ Президент тапсырмасына сай аудандар мен ауылдардың әкімдері фельдшерлік-амбулаториялық және медициналық пункттер, отбасылық-дәрігерлік зертханалар құрылысына арналған телімдерді анықтады. Жыл соңына дейін әр учаскеде жұмыс басталады.

Осы айдарда

Back to top button