Қоғам

БОС ЖҮРМЕЙ ОРТАЛЫҚҚА  БАР

Биыл облыс бойынша жоғары оқу орындары мен колледждерді 20 мыңнан астам түлек бітірген.   Олардың, олардың алдындағылардың да, бәрінің мәселесі – жұмысқа орналасу. Жұмыс берушілер қажетті маманнан тәжірибе мен еңбек өтілін талап етуден танбай келеді. Дипломын енді алған маманда ол екеуінің де жоқ екенін біле тұра өстиді. Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясындағы «Жастар іс -тәжірибесі»  осы түйткілді мәселенің түйінін шешуге септігін тигізіп жатыр.

Жұмыспен қамту орталықтарының мамандары әдеттегідей күзден бастап жұмыс іздеген жастардың легі үсті-үстіне көбейе түскенін айтады.  «Қай жерге барып тұрам?» деп басы қатып жұмыс іздейтін жастар бұдан былай өз қиындығымен бетпе-бет қалмайды. Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017- 2021 жылға арналған бағдарламасының үшінші бағыты халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесуге және еңбек ресурстары ұтқырлығын арттыру арқылы еңбек нарығын дамытуға арналған. Осы бағыттағы «Жастар іс-тәжірибесін ұйымдастыру» шарасы аясында оқу орындарын бітірген түлектер меңгерген мамандығы бойынша бастапқы жұмыс тәжірибесін алып, тұрақты  жұмысқа орналаса алады.

Біздің облыста өткен жылдың қорытындысы бойынша  «Жастар іс-тәжірибесі» бойынша жоспардағы 864 маманның орнына 1 271 жас маман жастар  іс-тәжірибесінен өткен. Биылға 885 жасты іс-тәжірибеден өткізу  жоспарланғанымен   алдағы уақытта сұранысқа сай  артуы мүмкін. Оның үстіне биыл «Жастар жылы» болғандықтан жас мамандарды  осы шарамен қамтуға үлкен мән беріліп отыр. Қыркүйек айына дейін  кәсіпорындарға,  құқық қорғау,  денсаулық сақтау, білім беру  мекемелеріне 878 түлек тәжірибеге жіберілген.   Өткен жылы 476 маман  іс-тәжірибе жинап, жұмыс істеген мекемеге тұрақты жұмысқа алынған.

«Жастар іс-тәжірибесі» туралы түсінік бере кетейік: оқу орындарын бітіріп, жұмыс таба алмаған жас мамандар аудандардағы 19 жұмыспен қамту орталығына барып жұмыссыз ретінде тіркеліп, осы бағыт бойынша жастар іс -тәжірибесінен өтулеріне  болады. Оқу орнын бітірген студенттердің тәжірибе жинауына көмектесуге, жас мамандардың жұмыспен қамтылуын қамтамасыз етуге бағытталған жастар іс-тәжірибесі шарасы жоғары және орта оқу орындарын бітіргеннен кейінгі үш жыл ішінде ешқайда жұмысқа тұрмаған және 29 жастан аспаған жұмыссыз жастарға арналған.

Жастар іс-тәжірибесінен өтетін оқу орны түлектеріне ай сайын мемлекеттен 25 АЕК немесе 63 мың 125 теңге көлемінде еңбекақы төленеді. Сәйкесінше, зейнетақы, әлеуметтік аударымдары жасалады.  Сонда жас маманның қолына 51 мың 500 теңгедей тиеді. Жастар іс-тәжірибесіне қатысушыларға жалақыны қаржыландыру еңбек шартына сәйкес алты ай ішінде жүзеге асырылады. Яғни, жастар іс-тәжірибесінің ұзақтығы алты айдан аспайды.

Жастар іс-тәжірибесі барлық меншік нысанындағы кәсіпорындар мен ұйымдарда ұйымдастырылады. Оқу орындарын бітіріп, жұмыс таба алмаған жас мамандар «Жастар  іс-тәжірибесіне» қатысу үшін халықты жұмыспен қамту орталықтарына келіп, өтініш береді. Халықты жұмыспен қамту орталықтары жұмыссыздарға жастар практикасын өту мәселесі бойынша кеңес беріп, олар келіскен жағдайда жастар практикасына жолдама береді. Жұмыс беруші мен жастар практикасына қатысатын жұмыссыз арасында еңбек шарты жасалады.

Шынар Нұрсейтова, облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасы жұмыспен қамту бөлімінің басшысы:

-Жұмыспен қамту орталықтарына келген барлық жұмыс іздеп жүрген жұмыссыздарға және заңға сәйкес басым құқықтарды пайдаланатын өзге адамдарға лайықты бос жұмыс орындарын іздеу және жұмысқа орналасуға жәрдемдесуге қолдау, басқа да көмектер көрсетіледі. Мысалы, техникалық және кәсіптік біліммен және қысқа мерзімді кәсіптік оқумен қамтамасыз ету, кәсіпкерлік бастамаларды қолдау, әлеуметтік жұмыс орындарын ұйымдастыру, қоғамдық жұмыс орындарын ұйымдастыру.

Сонымен қатар орталықтарда еңбек нарығының бірыңғай ақпараттық базасы –«Электронды еңбек биржасы» енгізілген. «Электронды еңбек биржасы» порталында жұмыс берушілерден, жұмыспен қамту орталықтарынан, жұмысқа орналастыру жөніндегі жеке агенттіктерден бос жұмыс орындары мен түйіндемелер орналастырылған.

Жұмыс іздеп жүргендер тікелей жұмыспен қамту орталықтарына өзі бармай-ақ, WWW ENBEK.KZ  сайтындағы  Электронды биржаға кіріп өз түйіндемелерін тіркеуге болады. Жұмыс берушілердің ішіндегі лайықты ұсыныстарды таңдап түйіндеме жіберуге болады. 10 қыркүйектегі  мәліметтерде биржада  облыс бойынша 4073 жұмыс орнына маман, жұмысшы керектігі көрсетілген. Жұмысшы мамандарына деген сұраныстың жоғары екендігі байқалады. Сонымен қатар кейбір білім саласы мамандарының аса қажеттігі аңғарылады.  Білім саласы бойынша 42 шет тілі маманы, 32 бастауыш сынып маманы, денсаулық сақтау  саласы бойынша 29 жалпы тәжірибедегі дәрігер, 14 педиатр керектігі көрсетілген.

Статистикаға сенсек…

2018/2019 оқу жылының басында облыста 77 колледжде және екі музыкалық училищеде 35,5 мың адам техникалық және кәсіптік білім алған. Бір жылда бұл орта оқу орындарын техникалық және кәсіптік білімі бар 10,9 мың маман бітіріп шықты, соның ішінде 7,5 мың адам жұмысқа орналастырылған (түлектер санынан 68,6%) және 978 адам (9%) жоғары оқу орнында және колледжде оқуын жалғастырды.

 КӘСІБИ МАШЫҚТЫ ҚАЛЫПТАСТЫРУҒА МОЛ МҮМКІНДІК

Бүгінде түлектерінің жұмысқа тұруына оқу орындарының өздерімүдделі бола бастады.

 – Оқу орны түлектерінің сұраныссыз қалмауын қамтамасыз ету мақсатында С.Аманжолов атындағы ШҚМУ-да былтырдан бері маркетинг, мансап және жұмысқа орналастыру орталығы жұмыс істеп жатыр. Орталық университет студенттері мен жұмыс берушілерді байланыстыратын көпір іспетті, студенттерге жұмыс  табуға көмектеседі, жәрмеңкелер өткізеді. Университетте 150-ден астам жұмыс берушімен кәсіпорын, мекеме базасында  студенттерді өндірістік тәжірибеден өткізу туралы келісім жасалынған. 17 мамандық бойынша дуальды оқыту жүйесінің түрлері енгізілген.

Биыл ШҚМУ-ды 1543 түлек бітірді, оның 1322-сі  бакалавриатты, 221-і магистратураны бітірді. Мемлекеттік грант бойынша бітірген 61 түлектің 35-і білім беру мекемелерінде  жұмыс істеп жатыр, 18 түлек – бала күтіміне байланысты демалыста, сегізі магистратураға түсті. Ауылдық квота бойынша бітірген 22 түлектің 15-і білім беру саласына жұмысқа орналасты. Биыл  «Мәңгілік ел жастары – индустрияға» жобасы аясында университетті 172 түлек бітіріп отыр (127 – педагогикалық, 45 – техникалық мамандық). Олардың 110-ы жұмысқа орналасты. 14-і магистратурада оқуларын жалғастырмақ. Оқу орнын бітірген түлектердің 99 пайызы жұмысқа орналасты, – дейді ШҚМУ-дың маркетинг, мансап және жұмысқа орналастыру орталығының басшысы Жанель Болатова.

Өздеріне маман іздеген мекемелер мен ұйымдар үшін де «Еңбек» бағдарламасы, «Жастар іс-тәжірибесі» тиімділігін көрсетіп отыр. Мұндай ұйымдар қажет мамандарын  бағдарламасы арқылы  да оқытып алады. Бұрын жастар іс-тәжірибесіне  қатысушылар тек  мемлекеттік мекемелерге жіберіліп келсе, қазір жеке сектормен де байланыс тығыз екендігін айтады мамандар.

Жастар іс-тәжірибесімен келген мамандарға тәжірибе жинақтатып қана қоймай жұмысқа тұруларына оңды  ықпал етіп отырған жекеменшік мекеменің бірі-Өскемендегі «Жакупбаева» ЖК-нің «Білім» орталығы. Репетиторлық қызметтермен айналысатын орталықтың иесі Әсел Жақыпбаеваның айтқанындай  өздеріне бастауыш, орыс және қазақ тілі мен әдебиеті, математика, шет тілі тағы да басқа пәндердің мұғалімдері аса қажет.

«Жастар іс-тәжірибесі» уақытша жұмыс орны десек те, жас маманның алғашқы кәсіби машықтарын қалыптастыруға мол мүмкіндік беріп отыр. Бұл мемлекеттің жұмыссыз жастарды жұмыспен қамту бағытында шын мәнінде оң нәтижесін көрсеткен тиімді шараның бірі. Жыл сайын қаншама түлек оқу орнын бітіреді, оларға дайын тұрған жұмыс жоқ. Екінші жағынан маман тапшы деп зар қағатын кәсіпорын, өндіріс, ауруханалар мен мектептер көп. Екі тарап арасындағы байланыстың жолы – «Жастар тәжірибесіне» екі жақ та мүдделі. Осы бағдарлама аясына бастапқы кәсіби біліктілікке қол жеткізіп, өтіл жинақтайтын жастар   сол мекемелерге болмаса да сол саладағы жұмыс орындарына  дайын маман болып баруда.

Жанаргүл Мұқатай

Осы айдарда

Back to top button