Қоғам

Бос тұрған клубты босқа қорығаннан не пайда?

Бос тұрған клубты босқа қорығаннан не пайда?


Бүгінгі таңда ауылда, әсіресе,орталықтан шалғай орналасқан шеткері мекендерде тіршілік кешу оңай емес. Бұған соңғы кезде тағы бір толғақты мәселе қосылып отыр.

Аудан орталығында, іргелі елді мекендерде қатымхана, тойхана дегендер бар. Ал Бурабай, Қойтас, Қыстаукүршім, Маралды, Үшбұлақ сияқты ауылдарда, жағалаудағы балықшы ауылдарында (бұл тізімге Марқа өңірінің де бірқатар ауылдары кіреді)қауқарлы кәсіпкерлер болмағандықтан, мұндай арнайы ғимараттар салынбаған. Сол себепті, кісісі дүниеден өткен немесе той жасаған адамдар осындағы ескі клубтарды жағалайды. Қазіргі уақытта бұрынғыдай күнде кино, би кеші мен жиналыстар жоқ, клуб жыл бойы қаңырап бос тұрады. Қайта осындай науқан кезінде жуылып-шайылып, сырланып дегендей, өңі кіріп қалатын клуб үйі соңғы жарты жылдың бедерінде бір жаңа заң шығып, әлгіндей дырдуларға берілмейтін болды. Оның қандай заң екенін ешкім жіліктеп түсіндіріп берген де жоқ, әйтеуір «мәдениет ғимараттары тойға, өлімге берілмесін» деген нұсқаудың бар екенін естиміз. Тойға жұрт шатыр тігіп, бірдеңе етер, ал жақынына айтпай ажал келгендер қайтпек, әсіресе, қыс кезінде не істемек? Үй тар, қазақта көңіл айтып келетін жұрттың аз болмайтыны түсінікті. Сондайда бір жағынан қайғы меңдетіп, екінші жағынан мынадай таршылық-қолайсыздықтан есі шыққан жанның қандай күйде болатыны белгілі. Осы мәселе бойынша аудандық мәдениет бөліміне, аудандық прокуратураға кіргенімізде де жарытымды жауап ала алмағанымыз шындық. Әйтеуір қаржы полициясының «айыппұл саламыз» деп қорқытатынынан құлағдар болып қайтқанбыз.

Ауылдардағы клубтардың сонау тоқсаныншы жылдардағы аумалы-төкпелі кезеңде иесіз қалғандықтан, қирап-бүлініп, көбінің мал қораға айналып кеткенін жұрттың бәрі біледі. Кейіннен ел есін жиған шақта осы ғимараттардың баршасын сол ауылдардың тұрғындары ешкімнен ақша сұрамай-ақ, өз материалдарын ортаға сала отырып, бірлесе жөндеп шыққанын көзіміз көрді. Енді сол клубтар неліктен өлімге, оқта-текте жұрттың басын қосатын тойға берілмейтін болды? Осы сауалға тиянақты жауап қайтарып, бүгінде шын мәнінде асқынып тұрған мәселені бір жағына шығарып беретін біреу бар ма? Көпшіліктің білгісі келетіні – осы.

Бос тұрған ғимаратты босқа қорығаннан не пайда? Егер тұрғындар керегінше пайдаланар болса, сол клубтың керек-жарағын ауылдастардың өздері-ақ түгендеп отырмас па еді? Жұртта жазық бар ма, олар клуб үйі жалға берілсе де қарсы емес, белгіленген мөлшердегі қаржыны төлеп алуға да бейіл.

Хасен Зәкәрия
Күршім ауданы.

Осы айдарда

Back to top button