Бородулихалықтар қазақ күресіне ден қойды

Бородулиха ауданының әкімі Григорий Акулов өңір тұрғындарының 30 пайызға жуығы бұқаралық спортпен шұғылданатынын айтуда. Өткен жылы «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесі құрметіне Семейде волейболдан турнир өтіп, аудан саңлақтары жүлделі орынға ілініпті.
– Күз айында дзюдодан жасөспірімдер арасында аймақтық ашық біріншілік өтіп, ол жарыста да жерлестеріміз намысты қолдан берген жоқ. «Қазақстан барысы» жарысының іріктеу кезеңі де қызықты әрі тартысты өтті. Қазақ күресінен Әлем біріншілігінің жүлдегері, Азия ойындарының чемпионы М.Қажымұқанов жарыстың есте қаларлықтай өтуіне көп үлес қосты, – дейді аудан әкімі.
Негізі, Григорий Акулов спорт десе ішкен асын жерге қоятын азамат екенін айта кеткен абзал. Бұрын Шемонайха ауданын басқарған кезде ауданның спортшылары жыл сайын өтетін облыстық халықтық ойындарда жүлделі орындардан көрінетін еді. Қазір де дәл солай. Әсіресе, ат спорты ерекше дамыған.
Аудан әкімінің орынбасары Ерлан Селиханов, балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Қанат Қайырбеков, оның орынбасары Талғат Бейсембаевпен бірге қазақ күресінен өтіп жатқан облыстық біріншілікті тамашалауға бардық. Дүбірді дода екі залда өтіп жатыр екен. Бас төреші М.Қажымұқанов ауданда қазақ күресіне қызығушылық артып келе жатқанын айтты. Мұнда жыл сайын өтетін турнирге облыстың барлық аудан-қаласынан екі жүзге тарта бала келетінін жеткізді. Біз қызыға тамашалаған жарыс аяқталған соң үздіктер марапатталып, балуандар мен жаттықтырушылар түрлі сый-сияпатқа ие болды. Дәл осы жерде аудан әкімінің орынбасары Ерлан Жұмабайұлы келер жылы бұл жарысқа көрші Павлодар облысының жас балуандары қатысатынын айтып қалды.
– Бүгінде аудандық балалар және жасөспірімдер спорт мектебінде 610 бала жаттығып жүр. Жиырмаға тарта бапкеріміз бар. Спорт мектебінің бөлімшелері Жезкент, Петропавловка, Жаңа Покровка, Жаңа Шүлбі және Зенковка ауылдарында жұмыс істеп тұр, оларда дзюдо, қазақ күресі, карате-до, футбол, ауыр атлетика, ат спорты, шайбалы хоккей сияқты спорт секциялары ашылған. Шүкір, ауыз толтырып айтарлықтай жетістіктеріміз де жоқ емес, атап айтқанда, Бекжан Нұржігітов деген боксшымыз Сидней Олимпиадасының чемпионы Ермахан Ыбырайымовтың турнирінде чемпион атанса, Өскемен қаласында өткен жасөспірімдер арасындағы облыс біріншілігінде Артем Востриков жеңіс тұғырына көтерілді. Біздің мектептің шәкірттері Б.Нұржігітов, А.Серікқан, Н.Дүйсенбаев, Р.Төлеуханов, І.Қадыров 14-15 жастағылар арасындағы облыс біріншілігінде бірінші және екінші орындарды иеленді. Жеңіл атлеттердің бапкері Е.Лавреновтың шәкірттері В.Митрофанова, Н.Соседов, В.Ясавина, Д.Сүлейменов, Д.Попов, П.Панков және тағы басқалар Семей қаласында өткен облыс біріншілігінде қоржынды жүлдеге толтырды, – дейді спорт мектебінің директоры Қанат Кенжебекұлы.
Ауданда соңғы жылдары қазақ күресі қарқынды дамып келетінін де айтқанымыз орынды болар. Бүгінде бүтін бір облыс, тіптен республиканың мақтанышына айналған Айбек Нұғымаров, Шалқар Жоламанов, Мұхит Тұрсынов сынды қазақ күресінің жілігін шағып, майын ішкен балуандар Бородулихадағы спорт мектебіне келіп, жастармен салиқалы кездесулер өткізуді дәстүрге айналдырыпты. Содан болар, мектептің қазақ күресі бөлімінде жаттығамын деушілер қатары уақыт өткен сайын көбейіп келеді. Қазір мұнда жүзге тарта бала жаттығып жүр. Оларды Азия чемпионы М.Қажымұқанов, Б.Зәйкенов, Ә.Бозаев сияқты тәжірибелі бапкерлер баптауда. Аягөзде өткен «Жас барыс» облыстық іріктеу турнирінде Санжар Әбілов пен Дидар Көпжасар чемпион атанса, Айбар Айдарұлы мен Данияр Файызов қола медальды иеленді. Дзюдо күресінен талапты жастарды Е.Сүлейменов жаттықтыруда. Тараз қаласында өткен жасөспірімдер арасындағы ел біріншілігінде оның шәкірті Дидар Көпжасар үшінші орынға ие болды. Шаңғы және гір спорты, футбол, волейбол, каратэ үйірмелері де талаптылардың басын біріктіріп, жас спортшылар түрлі жарыстарда аудан намысын абыроймен қорғап келеді. Өткен жылы аудан саңлақтары 25 облыстық және республикалық жарысқа қатысып, жүзден астам медальды қанжығаларына байлапты.
Оңдасын Елубай
Бородулиха ауданы.