Қоғам

Бородулихадан шыққан, көзі тірі Совет Одағының Батыры елінің тыныштығын тілейді

Бородулихадан шыққан, көзі тірі Совет Одағының Батыры елінің тыныштығын тілейді

Ұлы Отан соғысына қатысқан қазақстандықтардың 497-і Кеңес Одағының Батыры атағын иеленген. Солардың 109-ы Шығыс Қазақстанның жауынгерлері екен. Яғни, әрбір бесінші қазақстандық батыр – Шығыстың тумасы. Сол 109 Батырдың қазір екеуінің көзі тірі. Бірі – Иван Васильевич Косенков, екіншісі – Иван Николаевич Борозинец. Ұлан ауданының Ақтөбе елді мекенінде дүниеге келген Иван Борозинец бүгінде АҚШ-тың Чикаго қаласында тұрып жатыр. Біз осы мақалада бүгіндері Алматы облысында тұрып жатқан Иван Косенков туралы сыр шертпекпіз.
Ұлы Отан соғысында ерекше ерлік көрсеткен Кеңес Одағының Батыры, Бородулиха ауданындағы Богословка ауылының тумасы – Иван Косенков қазір Алматы облысының Үштөбе қаласында тұрады.
Бізге Жетісу өңіріндегі әріптестерімізбен хабарласып, батырдың өмір деректері, қазіргі жағдайы туралы біраз ақпарат алудың сәті түсті. Қолымызға тиген материалдарды жинақтай отырып, төмендегі мағлұматтарды беруді жөн көрдік.
Қазір қария тоқсан екі жасқа таяған. Артиллериялық құрамның сержанты болған Иван Косенков Украина жеріндегі арпалысқа толы оқиғалардың куәгері. Есінде ерекше сақталғаны – Днепр шайқасы. 1943 жылы 20 жасқа енді толған жігіт дәл осы ұрыста өзінің естен кетпес ерліктерін көрсетіпті.
1943 жылғы қыркүйектің 25-інен 26-сына қараған түнінде Иван Косенков өзінің құрамымен Украинаның Днепропетров облысы, Солонянский ауданына қарайтын Войсковое селосы маңында Днепр өзенінен өтіп, оның батыс жағасындағы плацдармды басып алып, бақылауда ұстау үшін болған шайқасқа қатысқан. Войсковоеның оңтүстік шетінен бұзып кірген құрам немістің екі мәрте шабуылын тойтарып, екі артиллериялық қаруын, екі автокөлігін және жау әскерінің бірқауым солдаттары мен офицерлерін жояды. Майданға Бородулихадан аттанған ол 333-ші атқыштар дивизиясының 1118-ші атқыштар полкі құрамында Еуропаны жаудан азат етуге қатысып, Жеңіс күнін Болгарияда қарсы алды.
КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының 1944 жылдың 22 ақпандағы Жарлығымен сержант Иван Косенковқа Кеңес Одағының Батыры атағы беріліп, Ленин ордені мен «Алтын Жұлдыз» медалі табысталды.
– Біз әкеміздің бастан кешкен оқиғаларын қонақтарға айтқан әңгімелерінен еститінбіз. Жалпы, ол кісі соғыс жайында көп айта бермейді. Қазір, өкінішке қарай, әкеммен сөйлесе алмайсыз, құлағы жөнді естімейді, – дейді бізбен телефон арқылы сөйлескен батырдың қызы Ольга Черемных. – Мен достарымен алысқан хат-хабарларын, госпитальдағы медициналық анықтамаларын ретке келтіріп қойдым. Бұларды сақтау керек. Келешекте аудан мен облыстың мұражайларына тапсырамын. Атап өтерлігі, Президентіміз ардагерлерге үнемі көңіл бөліп, қамқорлық жасап келеді. Жылда солай. Мәселен, Ұлы Жеңістің 70 жылдығы алдындағы құттықтауы әкеме әл-қуат бергендей болды. Алғысын айтып, қуанып қалды. Ол хат біздің үйдің құнды құжатына айналған.

Бородулихадан шыққан, көзі тірі Совет Одағының Батыры елінің тыныштығын тілейді

Иван Васильевич – әрдайым қарапайымдылығынан ажырамайтын, кезінде өзіне ерекше құрмет көр¬сетілгенде, оның барлығын көпшілікпен бөліскен мейірімді жан. Соғыстан кейін өмір бойы теміржол саласында қызмет еткен. «Құрметті теміржолшы» деген атағы бар. Бұрын өз күшімен салып алған жекеменшік үйінде тұрып, бау-бақшасын баптап жүретін. Заманында Құрметті теміржол¬шы ретінде мемлекеттен беріліп отыр¬ған қолайлы пәтерден бас тартып, оны кезекте тұрған баспанаға мұқ¬таж жандардың біріне беруді өтін¬гені бүгінде аңыз етіліп айтылады. Жылдар бойы тұрған қара шаңы¬рағынан тұрмысқа қолайлы пәтерге көшкеніне де бірнеше жыл болды. Соғысқа дейін және соғыстан кейін теміржолда тер төккен, шойын жолды қардан, бораннан қорғау үшін жағалай талдар жолағын ек¬кен¬дерге жетекшілік жасаған арда¬гер бүгінде қызы Ольганың қо-лын¬да. Үштөбенің «Шаңырақ» ықшамауданындағы үш бөлмелі пәтерде тұрады. Қыста жылы, жазда салқын. Оңашадағы серігі – фотосуреттер. Майдандас достар, туыстар мен көршілер, әріптестер, осының бәріне көз жүгіртіп, өткен уақыттарды еске алады. Айта кетерлік жайт, Иван Косенковқа қазіргі үш бөлмелі жаңа пәтерді кілтін мемлекет берген. Билік өкілдері жаңа пәтерге құр қол келмей, кір жуғыш мәшинені және газ плитасын сыйға тартыпты.
– Мен үнемі Елбасы мен еліме амандық, жақсылық, татулық тілеп отырамын, – депті сол салтанатты сәтте қария. – Ұрпағымыз аман болып, ешқашан соғыс көрмесін. Еліміз өркендей берсін! Майдангерлерге көрсетіліп жатқан жан-жақты қолдаулары үшін Елбасыға шынайы алғыс айтамын.
Батыр барлық уақытта көпшіліктің назарында. Әсіресе, мереке күндері оны ардагерлер кеңесі мен қоғамдық ұйымдардың және әскери бөлімдердің өкілдері ұмытпайды. Алтын жұлдызды азамат Ұлы Жеңістің 70 жылдығында майдангер достармен қауышып, «Міне, біз осындай күнге де жеттік!» деп суретке түсуді армандайды. Жылдың басында осы¬дан біраз жыл бұрын ұрланған Алтын жұлдызы заңды түрде қайта қалпына келтіріліп, өзінің реттік нөмірімен кеудесіне қайта қонақ¬тағанда тағы бір шалқыпты.
Ардагер бүгінгі күні Алматы облысындағы жалғыз Кеңес Одағының Батыры, бұдан бөлек Иван Косенков Ұлы Отан соғысының І және ІІ дәрежелі ордендерімен, Кеңес Одағының Маршалы Жуков атындағы орденмен марапатталған.
Жеңістің 70 жылдығы қарсаңында батырдың пәтеріне барған билік өкілдеріне Иван Косенков өзінің еш нәрсеге мұқтаж еместігін, мемлекет тарапынан қажетті қамқорлықтың барлығы жасалып отырғанын айтып, соғыс ардагерлерін ардақ¬тауға айрықша назар аударып отыратын Елба¬сыға өзінің сәлемі мен алғысын жеткізуді өтініпті.

Ержан Әбіш

Осы айдарда

Back to top button