Қоғам

Боркемік болмай, белбеу тарт

Боркемік болмай, белбеу тарт


Тәуелсіз еліміздің болаттай берік тірегі, құрыш қамал қорғаны – оның айбынды әскері. 7 мамырда «Отар» әскери базасында өткен мерекелік әскери парадты көріп отырып, көкте әуе ұрыстарын жүргізген заманауи әскери авиациямыздың қарымды күшіне, сайыпқыран сарбаздарымыз бен сардарларымыздың тамаша әскери дайындығына тәнті болдық. Саптағы сол отан қорғаушыларымызға сүйсіне қарап отырып, перзенттік борышын абыроймен өтеуді былай қойып, қарапайым ер-азаматқа тән қасиет, қайраты, білегі, жүрегі жоқ боп жүрген қоғамдағы кейбір босбелбеу жігіттер жайлы ойладық. Төл әскерлеріміздің әлеуеті артып, абыройы асқақтап келе жатқан бүгінгі шақта дені сау, шымыр да шыныққан, мығым жігіттердің саны молайса деп тіледік.

«МАЙТАБАНДАР» АЗАЙЫП, КӨЗІ АУЫРАТЫНДАР КӨБЕЙГЕН

Сирия, Иран, Ливия, Ауғанстан елдеріндегі өршіп тұрған соғыс өрті, алыс, жақын елдерде теракт оқиғаларының дендеп бара жатуы мемлекетіміздің әскери әлеуетін арттыра түсуді, қорғаныс қабілетімізді күшейте беруді қажет ететіні сөзсіз. Жексенбіде КТК арнасына берген сұхбатында еліміздің Қорғаныс министрі Сәкен Жасұзақов бүгінде әскерге алынатын сарбаздардың қатары біршама көбейтіліп отырғанын айтты. Қазір елдегі жастардың көпшілігі әскерге бармағандар. Жігіттердің әскерге бармай қалуына себеп болып отырған басты жағдайдың (әскердегі «әлімжеттік» үрейімен бірге) бірі- олардың денсаулығының жарамсыздығы екенінің айтылып, жазылып «жыр» болып келе жатқанына бірнеше ондаған жылдың жүзі болғанымен ұрпақтың денсаулығы әлі жақсармаған жәйі бар. Майтабандардың қатары азайыңқырап қалғанымен, есесіне көз ауруы, көзінің көру қабілеті төмендер көбейіп кетіпті. Өскемен қалалық қорғаныс істері жөніндегі басқармасының қоғаммен байланыс жөніндегі инспекторы Бақтияр Қаженовтің айтуынша, әскерге шақырылып жатқан бозбалалардың көпшілігінің көру қабілеті нашар болып шығуда. Бойына салмағы сай емес қушиған, қатты арық, керісінше түрлі эндокриндік аурулардан тым толып кетіп, қорбаңдап қалған жігіттер де үсті-үстіне көбейіп келеді.

Спортпен айналысқанның орнына жөн-жосықсыз смартфоннан сығалап, телефоннан ажырай алмай жүрген ұлдардың сап-сау көзін жеген компьютер екені анық. Смартфон демекші, бір танысымыз: «Қызым: қазақтың небір жақсы жігіттері бар ғой, бірақ өзім жақынырақ танысқандардың көпшілігі маған жақсы әсер қалдыра қоймады, бәрі инкубатордан шыққандай болып кеткен тәрізді бір-бірінен айнымайды, әлжуаздықтарын айтпай-ақ қояйын, қай уақытта да қолдарынан смартфон түспейді, қайталанбас қасиеті, болмысы жоқ, талғамдары төмен, сөздері ұсақ… » – дейді» деп айтқан еді.

«Дұрыс жігіт жоқ» деп, «Көк етікті кездеспей, көне етіктіні менсінбей» қартайып жатқан сол қыздардың бұл сөзі біреуге күлкі, біреуге түрпі. Дегенмен, материалдық жағдайы, үйі-күйі, жұмысы жоқ, ақшасы аз, байдың баласы емес демей жігіттік қасиет пен қайратты іздеген қыз сөзінің жаны бар сияқты. Бойға біткен тектілікті ешкім таптап тастай алмайды, ал өз басындағы ерсілікті, сабырсыздықты, сенімсіздікті, талғамсыздықты, бойкүйездікті өшіріп, олардың орнын басқа асыл қасиеттермен, мінездермен алмастыра алу өзгенің емес жігіттің өз қолында.

Боркемік болмай, белбеу тарт

Елтең-селтең еткен, іске жоқ, сөзге бар, ауырдың үстімен жеңілдің астымен жүруді қош көретін, спортты жек көретін кейбір болбыраған жігіттерді көргенде өзің қысыласың. Қоғамнан осындай жігіттердің көп көрініп қалуына олардың әскерде болмағандығы да әсер етіп жатқаны сөзсіз. Әскерге барса да, бармаса да жігіт әуелі ел қорғаны, ер деген атына сай болғаны жөн ғой.

Психологтар қоғамда шымыр да ширақ қимылды ұл, ұрпақ өсіру үшін әлеуметтік жағдайымыздың дұрыс болуы, өмір сапасын арттыру басты рөл атқаратынын айтып жатыр алдымен. Дұрыс тамақтану, спортты жанына серік ету – әрбір жастың өмірлік ұстанымына айналуы керек. Сөйтіп, келешекте елдің, отбасының тұтқасы болар ер-азаматтарымыздың жасынан жігер-қайраты толысып, нағыз жігіт болып өсуі ең әуелі отбасындағы, мектептегі тәрбиеден, оларды отансүйгіштік рухта тәрбиелеуден басталуы керек дейді. Мектептерде ер мұғалімнің қалмай отырғандығы да ұлдардың қайратты болып өсуіне әбден кесірін тигізіп жатқанын және айтады.

Бақтияр Қаженов, Өскемен қалалық қорғаныс істері жөніндегі басқармасының қоғаммен байланыс жөніндегі инспекторы:

-Өскеменнен жыл сайын күзгі және көктемгі әр шақырылымдарда шамамен 100 бозбала әскерге аттанады. Бұрын бір шақырылымда әскерге баратындардың саны бұдан аз, 50-70 шақты болатын. Қазіргі күні сарбаздарға деген тапсырыс көлемі біраз болса да көбейді. Жалпы шақырылым бойынша келген ұлдардың 70 пайыздайы түрлі себептерге: ауру болуына, оқу орындарында оқып жатуына, отбасының жалғыз асыраушысы болып отыруына, мерзімінің шегерілуіне, басқа да себептерге байланысты әскерге жарамай, бармай қалады. Медициналық тексерістен бөлек, болашақ сарбаздар қатаң психологиялық тестілеуден де өткізіледі.

ӘСКЕРДЕ БОЛДЫҢ БА? ЖОҚ…

Қысқасы, қыздардың қиялындағы шыныққан, қайсар жігіт болу үшін бөріктілер боркемік болмай, белбеуін тартып, ез емес ер атануы керек. Сол ерлікке, өрлікке бастайтын баспалдақтың бірі- біз айтып отырған біржылдық әскери борышты өтеу.

Бірақ жоғарыда айтып өткендей, әскердің темірдей тәртібіне негізделген өмір мектебінен өткен, сабақ алған, сарбаз болған, қаруды қалай пайдалануды үйренген, ата-анаға, туған жерге деген сағынышты сезінген жігіттер сирек. «Әскерде болдың ба?» деген сауалыңа «Жоқ» деген жауап дайын тұрады.
Қазіргі күні мектептерде ашылып жатқан кадет сыныптары осы «жоқтың» орнын толтырып, ұлдарды жауынгерлік рухта тәрбиелеуге, шымырлыққа үйретуге септігін тигізсе екен. Ондағы болашақтарын әскери саламен байланыстырғысы келетінін айтып, әскери қызметке құлшынып тұрған ұлдардың сөз саптауына, өзін-өзі ұстауына қарап ішің жылып қалады.

– Денсаулығының жарамай қалуына байланысты, әскерге барудан жалтаруына байланысты көп жігіттер әскерге бармай жатыр. Мен өзім әскери қызметтің қызығы мен қиындығын қатар көре жүріп, шынығып жатырмын. Ерлік жасамасам да әскери тәртіпке, батылдыққа, шыдамдылыққа үйреніп, ата-анамның қадірін бұрынғыдан да жақсы біле түскендеймін. Сарбаздарға қажетті жағдайлар да жасалуда. Қазір казармалардың бірнеше жерінен бейне бақылау камералары қойылған. Енді жарты жылдан соң мерзімдік қызметім аяқталып, ауылға қайтатын кез де келіп жетеді, мен Ішкі істер министрлігі органдарына қызметке тұруды жоспарлап жүрмін немесе келісім-шартпен әскери қызметімді жалғастырамын, -дейді Ұлттық Ұлан қызметінде жігіттердің үрейін ұшыратын «әлімжеттіктің» жоқ екенін айтқан қатардағы сарбаз Жәнібек Тұңғышбек. Ол Қарағанды облысы, Шет ауданынан келіп, Ұлттық Ұланның 5518 әскери бөлімінде отан алдындағы әскери борышын өтеп жатыр.

Ниязтай Алкешев, Ұлттық Ұланның «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы қолбасшысының тәрбие және әлеуметтік құқықтық жұмыстар бойынша орынбасары:

Боркемік болмай, белбеу тарт

– Жігіттердің болбыр болмауына берері көп. Ол әскерде киімін жууды, тігуді, тазалықты сақтауды, бәрін де өзі атқарып, үйренеді. Ұсақ-түйек десек те мұның өзі үлкен жауапкершілікке бастайды. Мұндағы темірдей тәртіп алдымен сарбазды жедел, сергек ойлап, қимылдап, тапсырманы тиянақты атқаруға үйретеді. Қазіргі күні мектептердегі алғашқы әскери дайындық оқулары да жақсы деңгейде қойылмаған деп есептеймін, өйткені сарбаздар алғаш келгенде өзгені қойып саппен дұрыс жүре де алмайды, көпшілігі бұзып, қайта жинап алатын автоматты ұстамақ түгілі, көрмеген болып шығады. Бірақ ынталары жақсы. Әскерде болған жігіт жұмыссыз қалмайды. Әскерге келіп, әскери билет алған жігіттің кез келген жерге, соның ішінде органдарға кедергісіз жұмысқа тұруына болады. Сарбаздардың басым бөлігі келісімшартпен әскери қызметін жалғастырып, әрі қарай қалып жатады. Еңбекақылары жоғары. 2005 жылдардан бастап шартты қызметпен істейтін әскерилердің қатары көбейіп келеді. Қазір әскери салада қызмет етемін дегендерге барлық мүмкіндіктер бар. Ұлттық Ұланның Петропавл қаласында әскери институты бар, 11 сыныпты бітірген ұлдардың бір бөлігі соған оқуға түсе алады. Оқу тегін, әскерилерге баспана да тегін беріледі. Әскерге алынатындардың денсаулығынан бөлек, білімі мен біліктілігіне де сұраныс артып отыр. Себебі әскер бұрынғыдай емес, жаңа технологиялармен жасақталып, мобильдендіріліп, кәсібилендіріліп жатыр.

– «Ой да көп, уайым да көп ойлай берсең, ой да жоқ, уайым да жоқ ойнай берсең», – дейді ұлт ғұламаларының бірі, жігіттер артқан сенімге, арқалаған жүгіне сай жігіт болсын.

Жанаргүл Мұқатай

Осы айдарда

Back to top button