Қоғам

Бордақылауға жемшөп жеткілікті ме?

Бордақылауға жемшөп жеткілікті ме?


«Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының саяси кеңес бюросында Жарма ауданының әкімі Нұрлан Сыдықов аудандағы агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы көрсеткіштерінің орындалуын баяндаған кезде облыс әкімі Даниал Ахметов оған осындай сауал тастады.

Аудан басшысы ұсынған мәліметтерге сүйенер болсақ, Жармада 600-ден аса ауылшаруашылық тауар өндірушілері жұмыс істейді. Саладағы мал шаруашылығының үлесі – 80 пайыз. Соңғы жылдары ауданда мал басын асылдандыруға үлкен қадамдар жасалуда. Былтыр ауылшаруашылық құрылымдары асыл тұқымды 558 бас ірі қара, 866 бас қой, 35 жылқы сатып алып, 372,5 млн. теңгеге субсидияланған.

– Ет бағытындағы мал шаруашылығының дамуына көңіл бөлініп, «ҚазАгро» арқылы 983,5 млн. теңгенің жеті жобасы қаржыландырылды. Соның ішінде жобалық құны 580 млн. теңгені құрайтын, үш мың басқа арналған бордақылау алаңын іске қосқан «Sembell» ЖШС ең ірі болғандықтан, аудандағы ет кластерінің операторы болып белгіленді. Қазіргі уақытта 1500 ірі қараны аудан тұрғындарынан, көршілес Көкпекті ауданынан сатып алып, бордақылап жатыр. Тағы бір ірі ауылшаруашылық құрылымдарының бірі – «Шалабай» ЖШС қазақтың ақбас ірі қара малының тұқымын асылдандыруда. Ақбас ірі қара малдың бұқашықтары еліміз бойынша үлкен сұранысқа ие. Былтыр шаруашылық 307 бас тайынша, 120 бас бұқашық сатты. Асыл тұқымды қой шаруашылығы 14-ке жетті, 2017 жылы ауданда «Байыс» тұқымды қойдың республикалық палатасы құрылды, – деді аудан әкімі.

Нұрлан Сыдықовтың баяндамасын орта жолдан тоқтатқан облыс әкімі Даниал Ахметов «Үш мың басқа арналған бордақылау алаңын іске қостыңдар, ал жемшөп базасы әзірлеу, жер мәселесі қалай шешілуде?» деген сауал қойды.

Жарма ауданы әкімінің айтуынша, оларға 6 мың гектар жер берілген, оның 4 мың гектары – бұрынғы суармалы жер. Алайда оларда жемшөп цехы жоқ. Ол мәселені шешу үшін шаруашылық иелері «ҚазАгромен» келіссөздер жүргізіп жатыр.

– Бұл – өте өзекті мәселе. Мәселен, үш мың басқа 21 мың гектар жайылымдық жер керек. Ал біздің бергеніміз алты мың ғана. Осынша малға қаншама шөп, қаншама жем керек. Мысалы, берген алты мың гектар жерден гектарына орта есеппен тоннадан шөп алдық десек те, алты мың тонна шөп қаншаға дейін жетпек. Ертең үш мың бас мал қолға қарағанда, жемшөп жетпей жатса, нағыз мәселе сонда туындайды. Бұл мәселені мен қазірдің өзінде көріп тұрмын. Ертең ол шаруасын жүргізе алмаса, субсидия алған соң, басқа жаққа кетіп қалуы да мүмкін. Осы жағын неге ойлап, алдын ала есеп жүргізбейсіздер? Бұл – бірінші мәселе. Екіншіден, жарайды құрама жемді бір жақтан тауып, сатып әкелер, ал шөпті қайдан алады? Осыны реттеудің жолын іздеңіздер, – деген облыс басшысы аудан әкіміне аталмыш мәселені ауылшаруашылық басқармасымен бірлесе шешуді міндеттеді, сонымен қатар, салалық орынбасары Шалқар Байбековке бақылауға алуды тапсырды.

Дәурен Аллабергенұлы

Осы айдарда

Back to top button