Қоғам

Болат Бағадаев Өскемендегі «Best & Alliance Group» ЖШС бас директоры: Ақылды адамдармен араласуға асық болдым

Болат Бағадаев Өскемендегі «Best & Alliance Group»  ЖШС бас директоры: Ақылды адамдармен араласуға асық болдым


ҚАЗАҚША АТ БҰЙЫРҒАН БАЛАБАҚША
– Болат Ағзамұлы, сіз – өңіріміздегі, еліміздегі геология саласының жілігін шағып, майын ішкен осы кәсіптің майталманысыз. Кез келген жетістіктің арғы жағында еңбек пен білім тұратыны белгілі. Жетістікке жеткізген жеңісті күндеріңіз аз емес шығар?

-Мен өзім Өскемендегі құрылыс-жол институтының сәулет факультетін бітірдім. Әскерге кетерде Асубұлақ кентіндегі Өскемен геологиялық барлау экспедициясына орналасқан едім, қайтып келіп сол жұмысымды жалғастырдым. Асубұлақ кентінде тұрғын үйлер, әлеуметтік нысандар салдық. Біздің кезімізде қанша жерден институт, университет бітіріп келсе де, қазақ жастарының басшылық қызметте жұмыс істеуі сирек болатын. Сенен кем, білгені аз болса да, басшылықта дені өзге ұлттың өкілі отырды. Мен намысшылдығымның арқасында оқығанымды, білгенімді бәрібір көрсетіп, мойындаттым десем, асыра айтқаным емес. Асубұлақтағы барлау экспедициясының СМУ құрылыс бөлімшесінде басшы болып жүргенімде, 160 орындық балабақша салдық.
Мен еңбектегі жемісімді, жетістігімді емес, елімнің азаматы, ұлтымның ұлы ретіндегі кішкентай ғана бір жеңіске барабар болған сәт туралы айтайын. 90-шыжылдардың басы елдің мен қазақпын деген жан дүниесі, рухы жаңа-жаңа көтеріліп келе жатқан заман еді. Біздің Асубұлақтағы экспедицияда 600 адам еңбек етті. Олардың ішінде ауылдан келген өзім сияқты қазақ жастары да көп болатын. Сол балабақшаның құрылысы аяқталып қалған шақта қазақтар өзіміз нысан басында әңгімелесіп отырып, «Жігіттер, мына салып жатқан балабақшамыздың атын өзіміз қазақша қояйық. Ертең көр де тұрыңдар, «Теремок», тағы бірдеңе болып шыға келеді, қазір жазып, қалап тастамасақ, кеш қаламыз» дедім. Сөйтіп, келесі күні өзімнің көңіліме қонған «Балдырған» деген атаудың кескіндерін қағазға сызып, жұмысқа келгенде, қалтама тығып жігіттерге әкеліп бердім. Сосын сол күні түнделетіп отырып өзіміз пайдаланып жатқан қызыл кірпіштердің біразын ақ кірпіштерге айырбастап алып келдік. Бір күннен соң жұма күні қабырғалары қаланып, құрылысы аяқталып қалған балабақшаның ең жоғарғы қасбетіне тасқалаушылар ақ, қызыл кірпішті алмастыра жинай отырып, «Балдырған» деген атауды қалап шығарды. Әріптер бейнеленген кірпіштердің жартысы қабырғадан сыртқа қарай 30 сантиметрдей шығарыла қаланды. Сөйтіп, ертесінде сенбіде Асубұлақтың тарихында қазақ атауы бар тұңғыш балабақша, ең алғашқы ғимарат пайда болды. «Балдырған» деген атауды көрген бүкіл кент тұрғындары гуілдеп кетті. Қазақтар қуанып, қазақша атаудың қойылғанына дән риза болса, орыстардың көбісі тұра қалып сөз қылып, қарсылық білдіріп жатты. Мұндай қазақша атау деген ол кезде Асубұлақта еш жерде жоқ болатын.

Содан сенбі, жексенбі өтіп, дүйсенбі күні жұмысқа келсем, кеңседегілердің бәрі зыр жүгіріп жүр. Маған алая қараған көздерді де бірден байқадым. Бір заматта директордың орынбасары шақырып алып, неге өзім білемдікке салынып, кәсіпорын басшылығымен кеңеспегенімді сұрады. Мен оған өзім бастан-аяқ салып шыққан құрылысқа өз тілімде атау бергенімнен ешқандай тәртіп бұзушылық көріп тұрмағанымды айттым. Ол кісі ұлты неміс адам еді, кейін Германияға көшіп кетті. Директорға өзі барып, сол уәжімді өзі түсіндіріп айтты. Сөйтсе де, басшылық кәсіподақты жинап, жиналыс ашып, бұл әрекетім туралы біраз шу болды. Бірақ әйтеуір, «Балдырған» қалатын болып шешілді. «Ал!» десе де, оңайшылықпен алынбас еді, кеңседегі әңгімені естіген соң, жігіттер «Балдырғанды» балабақша ғимаратының артқы жағының да жоғары тұсына тастай ғып қалап тастаған болатын. Бұл жағдай 90-шы жылдардың басында, еліміз тәуелсіздігін енді алып жатқан кезде болды. Егер бірер жыл бұрын, кеңес одағы кезінде болса, бұл әрекетім үшін сотталып кетуім де әбден мүмкін еді.

БЕРІЛГЕЛІ ТҰРЫП, ТАРТЫП АЛЫНҒАН «ВОЛГА»

– Басы қатты болғанымен, соңы сәтті аяқталыпты. Ал «әттеген ай» деп бармағыңызды тістеткен уақыттар болды ма ?

– Өзім ұзақ жыл еңбек еткен сол «ВостКазгеология» өндірістік геологиялық бірлестігінің облыста 11 бөлімшесі болды. Өндірістік бірлестік құрамындағы бөлімшелер әсіресе 80-ші жылдары геологиялық барлау, зерттеу жұмыстарымен қатты айналысты. Кеңестер одағы тұсында Лениногор, Зырян жақтаға қазба орындарының дені осы мекеменің бөлімшелерінің күшімен ашылды. Бір жылдары «ВостКазГеология» ӨГБ КСРО-ның ауыспалы Қызыл Туын жеті рет қатарынан жеңіп алған. Өндірістік-бірлестік бөлімшелерінің бірі Асубұлақтағы біздің геологиялық барлау экспедициясы болды. Сол 90-жылдары мен ол кәсіпорыннан ауысып, Өскеменге бас кеңсеге келдім, жергілікті жердегі бөлімше қысқарып, таратыла бастаған соң. Келіп, бірлестіктің коммерциялық орталыған директор болып орналастым. Өскемендегі жаңа қызметіме білек сыбана кірісіп кеттім. Бұл орталықтың полиграфиясы, басқа да шаруашылық нысандары жетерлік болғанымен, қарызға батып отыр екен. Келе салып сол қарыздарынан құтылдырып, табысқа жеткіздім. Басшылар коммерциялық орталыққа маған кәсіпорынға табыс түсір, содан соң пәтер мәселесі де шешіледі деп уәде берген еді. ¬Өзім қалада, отбасым, үш балам – бәрі Асубұлақта. Қалада үйсіз жүрмін, сондықтан пәтер үшін де тер төгіп жұмыс істеуім керек болды. «Нивамен» Асубұлаққа, үйге күнде барып тұру үшін, жанармай керек, ақша керек. Үйге қайта алмай қалған күндері жазда Ертістің жағасына қонып шығам. Ертіске барып жуынып-шайынып алып, көліктің ішіне іліп қоятын таза киімдерімді киіп, таң ата жұмысқа құдды бір үйден келгендей болып келіп тұрам. Бұлай етпеске амалым болмады. Қалада тұратын жерім жоқ.
Туысқанның, таныстың үйіне қашанғы барасың, күнде қылқиып барып тұру ұят та. Онсыз да қыстыгүні солардың үйінде болдым. Содан қалаға келгеннен бастап, үй-күйсіз жүргеніме қарамай, коммерциялық орталықтың жұмысын жүргізуге күш салып, табысын үсті-үстіне арттыруға тырыстым. Жарты жылда-ақ жағдайы жақсарып, әжептәуір көтеріліп қалды. Негізгі бас кәсіпорнымыз тіпті өзінің осы еншілес кәсіпорнына қарыз бола бастады ақыры. Дәл сол бір шақта кәсіпорынның бас кеңсесіндегілерге пәтер мәселесін шешіп беріңіздерші деп тағы да бардым. Келісімшартты орындап, еншілес кәсіпорынды көтергенім үшін, кәсіподақ шешіммен «Волга» берілетін болды әйтеуір. Пәтерге айырбастап аларсың деп берді. Қиындықтың бәрі артта қалатынына көзім жетіп, қатты қуандым. Сол қалпы жүрегім лүпілдеп басқыштан түсіп келе жатып, қарсы кездескен бір (өзге ұлт адамы болатын) жақын араласып жүрген жолдасыма қойныма сыймаған қуанышымды жеткізіп, жаңалығымды жайып салдым. Ол болса бетіме қараған қалпы қалшиып тұрды да қалды. Ойымда түк жоқ. Оның қалада үйі бар, барлық жағдайы бар болатын. Түрі әлемтапырық болып бұзылып кеткен ол «Қалайша саған? Бастық «Волганы» маған берем деп уәде еткені қайда?» деп сүріне-қабына бірден жоғарыға қарай жүгірді. Сәлден соң далаға шығып, кетіп бара жатқан менің артымнан қуып жеткен қызметкерлердің бірі «бастық сізді шақырып жатыр!» деп тақ етті. Бардым. Кірдім. Ол болса қолымдағы кәсіподақ жиналысының «Волганың» маған берілгендігі туралы шешім шығарылған бұйрық қағазын алып, екі бөліп жыртты да тастады. Дәл сол сәт төбемнен біреу су құйып жібергендей аласапыран күй кештім…

Кейін еліміз бойынша облыстық «ВостКазГеология» бірлестігі мемлекеттік холдингтік компания болып құрылып, «Топаз» деп аталатын болды. 1996 жылы осы компанияға конкурстық негізде алты үміткердің ішінен іріктеуден өтіп, директор болып келдім.

БІЗДЕ АШЫЛМАҒАН ҚАЗБА ОРЫНДАРЫ КӨП

-Мәскеудің тапсырмасы бойынша Қазақстанның жерасты қазба байлығының картасын жасаған кезде, Қаныш Сәтбаев төрт-бес ірі кенішті картаға кіргізбеген екен. Мәскеу жаққа ”Ондағы рудалар өте тереңде. Қаржыны да, теxниканы да көп қажет етеді. Сондықтан бұл жерді картаға кіргізуге әлі ерте” деп сылтауратып, ал өзімен сырлас достары Мұхтар Әуезов пен Әлкей Марғұланға “Әдейі жасырып алып қалдым. Кейінгі ұрпаққа да байлық керек шығар!” депті деген әңгіме бар. Шығыстағы қазба байлықтарының болашағы қандай?

-Қаныш Сәтбаев Қазақстандағы кен орындарын ашып қана қоймай, сол жерлердің метогендік картасын жасап, кен қорларын санап кеткені белгілі. Ұлтымыздың тұңғыш академигі КСРО-да алғаш рет біздің елімізде Геология министрлігін құрып, Маңғыстауда, Орталық, Шығыс Қазақстанда мұнай, газ, мыс, алтын, сирек кездесетін металдар кен орындарын бірінен соң бірін тауып ашты.

Болат Бағадаев Өскемендегі «Best & Alliance Group»  ЖШС бас директоры: Ақылды адамдармен араласуға асық болдым

Қазіргі заманауи ғарыштық, геофизикалық зерттеулер болашақ кен орындарын табуға үлкен мүмкіндік беріп отыр. Біздің Шығыста қазба байлығы орындары өте көп. Бір кен орны мен екінші, үшінші кен орнының арасында, маңында жатқан қазба орындары да баршылық әлі. Қаныш Сәтбаевтың өзі айтып кеткендей, тек ұқыпты, үнемді пайдалана алуымыз керек. Қазақстанда, облыста осыған дейін ашылған кен орындарының қоры азайып барады. Сол себепті жаңа қазба орындарын зерттеп, барлауға мемлекеттен қаржы біршама көп бөліне бастады. Осыдан 15-20 жыл бұрын геологияға бөлінген қаржы мүлде аз болатын. Біздің кәсіпорын жер қойнауын зерттеуге арналған мемлекеттік тендерлерге қатысып, сол тапсырыстар аясында барлау, зерттеу жұмыстарын жүргізіп келеді. Ең бірінші болып Қазақстанда жер қойнауын зерттеудің заманауи технологияларын қолданып жатырмыз.

Мемлекетіміз табыстың 60-70 пайыз көлемін кен орындарынан, шикізаттан алып отыр. Өкінішке қарай, сол кен орындарын реттейтін бір министрлік жоқ елде. Кезіндегі жер қойнауын қорғау және геология министрлігінің орнына шағын комитет жұмыс істеп жатыр. Қойнауындағы қазба байлығы, кен орындары, минералды шикізаты бірден-бір басты байлығы болып отырған Қазақстанға жер қойнауымен, геологиямен мықтап айналысатын, оны көздің қарашығындай қорғайтын жеке министрлік керек. Көкейімде жүрген осындай өзекті мәселелермен айналысу үшін, геология саласын дамыту үшін 2005 жылы өзім қолға алып, қала маңындағы «Нұртау» демалыс кешенінде бүкіл еліміздегі геологиялық мекемелердің басшыларының басын қосып, республикамызда ең алғаш рет геологтар қауымдастығын -Қазақстан өндірістік геологиялық ұйымдары қауымдастығын құрдым. Қауымдастық қазір көп мәселенің шешілуіне ұйтқы болып келеді. Ал 2010 жылы тәуелсіздік алған жылдардан бері ең алғаш рет Қазақстан жас геологтарының тұңғыш олимпиадасын, слетін өткіздім. Біздің «Көгілдір бұғаздағы» демалыс кешенінде өткен республикалық слетке еліміздің ғана емес, Ресей, Украина, Беларусь елдерінің де геологтары келіп қатысты.

ЖАҚСЫ ЖҰМЫС ІСТЕГЕНГЕ -СУ ЖАҢА КӨЛІК

Қазір кәсіпорнымыз «Best & Alliance Group» ЖШС деп аталады. Кәсіпорында өзіміздің оқу орталығын аштық. Орталықтың үш айлық оқу курсында геология саласының мамандарын даярлап жатырмыз. Семей геология колледжін, ШҚМТУ-ы бітірген мамандарды да алып келеміз. ШҚМТУ-дағы геология кафедрасына өзіміздің тәжірибелі мамандарымыз сабақ беріп, келісімшартқа отырып, маман даярлау мәселесін бірлесе шешіп келеміз. Жұмысшылардың әлеуметтік жағдайына үлкен көңіл бөлініп отыр. Соңғы жылдары жақсы жұмыс істеген бұрғылаушыларға, геологтарға сыйақыға жеті су жаңа көлік бердім. Ұжымның жетістігі үшін, еңбеккерлердің талпынысы үшін оларды осылай қолдап, қуаттап отырмыз. Менің өмірлік қағидамның бастысы – түзу жүру. Алдымен өзіңді қадағалау керек. Өзім жасөспірім кезімнен білімді, адамгершілігі мол жандарға жуық болып өстім. Негізі, ақылды адамдармен араласуға асық болу керек. Олармен жай сөйлескеннің өзі үлкен мүмкіндіктерге жол ашады.

Біздің ұлтымызда тағы бір жақсы менталитет бар, ол -қолынан келгенше баласына білім беруге тырысу. Ауылдағы, қаладағы болмасын ата-аналар қашан да барды -жоғын баласының білім алуына жұмсап жатады. Мен осыған қуанамын. Талай жерге барып, көріп жүрмін, кез келген халықта балам оқысын, білсін деген мұндай қасиет жоқ. Өзім де ұлым Әлібекті қатарынан қалдырмай, білімді болуға бағыттадым. ШҚМТУ-дың геология факультетін бітірген. Қазір өзіміздің компанияда жұмыс істеп жатыр. Басында «Қазатомөнеркәсіп» компаниясының оңтүстік жақтағы уран өндірісінде үш жылдан астам уақыт еңбек етіп, тәжірибе жинақтап қайтты. Шетелдік геологиялық компанияларда болып, тәжірибе де алды. Шетелде өтіп жататын дүние жүзілік конгресс, жиындарда біздің елдің атынан ағылшын тілінде баяндама жасап, біздің шығыстық геологтардың жетістігін өзгелерге паш етіп, ол жақтың озық әдістерін, жетістіктерін өзімізге алуға үлкен қолғабысын тигізіп отыр. Әрісі Африка еліне дейін барып келді. Шетелдіктерді Қазақстанның геологиясы қатты қызықтырады. Шетелдіктер тіпті геология саласындағы біздің кітаптарды оқуға сұрап алып жатады.

-Жаныңызға жақын, жігер берер, көкірек сарайыңызды ашар рухани дүниелер не сіз үшін?

-Мен елдің, жердің тарихына қатты қызығамын, құр қызығып, оқып қана қоймай, қолымнан келгенше осындай тарихи еңбектер жазып жүрген жерлестеріме қолдау көрсетіп келемін. Тарғында өстім, Зейнолла Қайсенов ағамыз менің тарих пәнінен берген мұғалімім болған. Бала кезімде қолына кассеталық магнитофонын ұстап алып, кілең бір көнекөз қария, ақсақалдармен әңгімелесіп, айтқандарын жазып жүретін. Сонда күле қарайтынбыз: «Біздің ағайға осы не үшін керек?» деп. Сөйтсек, ол кісі сөйтіп жүріп көп материалдар жинаған екен. Ұстазыма алдымен бірнеше тарихи шежіре кітапшалар шығаруға қол ұшын бердім. Бертін «Ұлан ауданының тарихи очерктері» деген кітабын шығардық. Сосын ағамыз Шығыс Қазақстан бойынша жазуға кірісті. Тарбағатай ауданына, басқа аудандарға геологтармен бірге барып, сол жақта жатып материалдар жинады. Геологтар аудандарға кетіп бара жатқанда, Зейнолла ағамды қоса отырғызып жіберетін болдым. Сөйтіп, әр ауданнан екі-үш жылдың ішінде жиналған материалдар бойынша «Шығыс Қазақстан облысының тарихи очерктері» , «Найман шежірелері мен руларының тарихы» шықты. Кейіннен тағы бірнеше кітаптарын шығаруға қолдау көрсеттім. Таяуда Рахымғазы Қабдыкәрім деген жерлесіміздің «Наймандардың ұлы қағанаттары және империялары» атты кітабын шығаруға көмектестім.

Бизнес сарапшылардың пайымдауынша, кәсіпкерлікпен айналысуға тартымды, қолайлы үш бағыттың біріншісі – азық-түлік, екіншісі – демалыс, туризм, одан соң білім алу екен. Өзіңіз туризм бизнесіне кіріскен көрінесіз…

-Геологиямен қатар туризмге ден қойдым деуіме болады. Сібенің төртінші Қоржын көлінен үлкен демалыс базасын салып жатырмыз. Көл жағасына салған дәмханамыздың сәулеті де ерекше, ұлттық нақыштағы сегіз қырлы шатыры бар. Төбесі қазақтың қалпағына ұқсастырып салынған, бас жағына Найманның жалауын желбіретіп қойсам, өз еліміздің, туған жеріміздің көз тартар көрікті демалыс орнына айналдырсам деген ниетім бар. Менің сәулетші мамандығым осы жобаны іске асыруға әжептәуір септігін тигізген жайы бар. Сәулеті ерекше ғимарат салу менің жас кезімнен ойымда келе жатқан арманымның бірі болатын. Енді, міне, соның сәті келгендей. Үш жылдан бері Сібенің жағасында демалыс базасының құрылысын жүргізіп жатырмын. Мұндай демалыс базасы әзірге Шығыста жоқ деп айта аламын. Судың бетіне пирс–айлақ, жүргінші жолын салып, қалқымалы көпір, экстримпарк орнатып қойдық. Скалодром салдық. Таудан тауға баратын арнайы трос тартып қойдық. Мұндай спорттық-демалыс кешені Қазақстанда әлі еш жерде жоқ.
-Әңгімеңізге рахмет!

Әңгімелескен – Жанрагүл Мұқатай

Осы айдарда

Back to top button