Болашақтың технологиясын меңгеріп жатыр

Облысымызға жұмыс сапары барысында «Нұр Отан» партиясының хатшысы Қаныбек Жұмашев, партияның облыстағы филиалы төрағасының бірінші орынбасары Әнуарбек Мұхтарханов, Семей қаласының әкімі Ермак Сәлімов қаладағы ІТ сыныптары бар мектептер мен орталықтарды аралады. Бұлардың қатарында балаларға арналған ІТ-сыныптар жобасы бойынша жұмыс істеп жатқан №10 мектеп, ІТ мамандарын даярлайтын» электротехникалық колледж бар.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Нұр Отан» партиясының съезінде 2020 жылға дейін еліміз бойынша 1000 ІТ сыныптар ашылуы керек деген тапсырма берген болатын. Бүгінде Шығыс Қазақстанда әр мектеп бойынша толықтай жабдықталған ІТ сыныптар бар. Олардың деңгейі жоғары және роботтехникасы сыныптарымен бағдарлау сыныптары біріктірілген.
-Біз балалардың барлығын ІТ маман етіп шығаруды жолға қойып отырған жоқпыз, – деді партия хатшысы Қаныбек Жұмашев,-тек технологияны қосымша меңгерсе деген тілегіміз бар. Болашақта әр оқушы өз қалауымен мамандық таңдайды. Бірақ көп дүние осы ІТ-технологиясымен тығыз байланыста болады.
«Нұр Отан» партиясының хатшысы жаңадан пайдалануға берілген Д.Қалматаев атындағы медициналық колледж жатақханасындағы студенттердің жағдайымен танысты. Басқа жақтан келген студенттер үшін жатақхананың ашылуы Президенттің бес әлеуметтік бастамасын іске асырудағы маңызды қадам. Бүгінгі күні Д.Қалматаев атындағы мемлекеттік медицина колледжінде 1300-ден астам студент оқиды, олардың жартысы еліміздің басқа өңірлерінен келген жастар.
-Д.Қалматаев атындағы мемлекеттік жоғары медицина колледжінің 90 жылдық тарихы бар,-деді қала әкімі Ермак Сәлімов,-осы уақытқа дейін 40 мыңнан астам маман даярланды. Соңғы жылдары колледждің материалдық-техникалық базасын нығайтылып келеді. Былтыр колледж институционалдық және мамандандырылған аккредитациядан сәтті өтті, сонымен қатар жоғарғы колледж мәртебесіне ие болды.
«Нұр Отан» партиясының хатшысы Қаныбек Жұмашев бұдан кейін қаладағы №49 орта мектептегі асханасында болды. Асхана заманауи жабдықтармен қамтылған. Семей қалалық білім бөлімінің басшысы Наталия Фесенконың айтуынша, алдағы уақытта әр мектептің асханасын жалға алатындар белгілі бір жылға мерзімде сапа бойынша жұмыс істеуі қажет. Ал №49 мектептегі жаңа жабдық бюджет қаражатына алынған. Ал жалгер «Таипов» ЖК өз қаражатына бактерия өлтіретін шам, көкөніс, картоп турағыш, су сақтайтын диспенсер алыпты.
-Оқушыларға берілетін ас мәзірі, дайындалуы көңілімнен шықты. Барлық жағдай жасалғандығы көрініп тұр. «Ас – адамның арқауы» демекші, оқушыларды дұрыс тамақтандыруымыз аса қажет, – деді Қ.Жұмашев.
Семей қалалық білім басқармасының басшысы Наталия Фесенконың айтуынша, балалар үшін тегін тамақ 303 теңгені құрауда. Жағдайы төмен отбасынан шыққан 112 балаға жағдай жасалып отыр. Оларға міндетті түрде сүт, бал, жемістер беріледі. Басқа ата-аналар өз қалталарынан 220-250 теңгеге балаларына ыстық тамақ әпере алады.
Қаныбек Жұмашев Шығыс Қазақстаннан бастау алған «Ұлы даланың көне са¬рын¬¬дары» атты ұлттық музыка фестиваліне де қатысты.
-«Ұлы даланың көне сарындары» атты музыкалық фестивалінің мақсаты – ұлттық құндылықтарды дәріптеу, егемен еліміздің жарқын болашағын паш ету, Елбасымыздың «Ұлы аланың жеті қыры» мақаласына орай бұл бастама Абай елінде, Шығыста қолға алынып отыр,-деді партия хатшысы Қаныбек Жұмашев,-алдағы уақытта бұл фестиваль Қазақстанның өзге өңірлерінде де өтеді.
Фестиваль аясында Семейдегі облыстық тарихи өлкетану музейі көрме ұйымдастырып, музей директоры Қайрат Сабырбай күмістен жасалған әшекей бұйымдар, ағаш домбыралар жайлы кеңінен әңгімеледі. Ұлттық ән-термені тамашалауға келгендердің бірі, мүгедек жан, қолөнер шебері, «Қазақстанның 100 есімі» жобасына кірген Абылайхан Асылбай да жылы лебізін білдірді.
-Шыны керек, осындай фестивальдар ерекше қуантады. Қазақтың ән-жырын, биін, күйін естіп, жаным жадырап қалды, – деді ол.
Раушан Нұғманбекова
Семей.