
Жасыратыны жоқ, соңғы он жылдың көлемінде облыс орталығы – Өскемен қаласының шеткі аудандары қанатын кеңге жайып, өсіп кетті. Тіпті бұрындары жазық дала болып жатқан аумақтарда бүгінде бүтіндей бір елді мекендер пайда болған. Өңірдің аудан-қалаларынан қалаға қоныс аударғандар, жаңадан отау құрған жастар қала шетінен жер алып, сол жерге өз күштерімен баспаналарын тұрғызып, Өскеменнің айналасын өзгертіп, дамытып, жазық далаға жан бітіріп жатыр. Сол баспаналарда тұратындардың барлығы да өзіміздің қаракөздер. Өкінішке қарай, сол бой көтерген бүтіндей шағын аудандармен бірге олардың проблемалары да қатар өсіп келеді.
Әлеуметтік мәселелері әлі шешілмей келеді
Солардың бірі – облыс орталығының құрамындағы Меновное ауылы мен Ахмер ауылының дәл ортасындағы тұрғындарының өздері «Болашақ» деп атап кеткен шағын тұрғын аудан. Меновное ауылынан шығып, Ахмерге бет алғанда жолдың сол жағында орналасқан аталған елді мекенде бүгінде жүзге тарта түтін бар. Қала іргесінде тұрса да, мұндағы тұрғындардың ауызсу, электр қуатымен қамту, көшелерді жарықтандыру, жол, қоғамдық көлік секілді әлеуметтік мәселелері әлі күнге дейін толық шешімін таппай келеді. Тіпті азық-түлік сатып алатын дүкен де жоқ. Жақында тұрғындары шағымдарын айтып, редакцияға хабарласқан соң, арнайы барып мәселелерін тыңдап қайтқан едік.
Осы жерден биыл жер алып, баспанасының құрылысын бастап жатқан жас отбасының бірі – Нұрлан Қуанышұлының отбасы. Бүгінде төрт бала тәрбиелеп отырған Нұрлан мен Назгүл Ержанқызы да «Болашақтың» болашағына үлкен үмітпен қарап, алға қойған мақсаттарын іске асыруда.
– Бұл жерде қазір жүзге тарта баспана бар. Бұл ауданда қала іргесінде тұрса да, күні бүгінге дейін жарық, орталықтандырылған ауызсу, балалар ойнайтын алаңқай мәселелері шешілмеген. Бергі Меновноеға жақын көшелерге өткен айда ғана қиыршық тас төсеп кетті. Суды тұрғындар тасып ішеді, не үйлерінің алдынан өз ақшаларына жалдап, құдық қаздырып жатыр. Маған да құрылыс басталған соң құдық қаздыруға тура келді. Жер алып үй бастағандар көп, менің қасымнан да төрт бірдей баспананың құрылысы басталып жатыр. Электр қуатын тұрғындар жекеменшіктегі подстанциялардан алады, бұл әдеттегіден екі-үш есе қымбатқа түседі. Мен жер алған Мейірім көшесінің тұрғындары да электр қуатын түгелдей жекеменшіктен алып отыр, көшелерде электр бағаналары да орнатылмаған. Ал «ШҚ АЭК» АҚ (ВК РЭК) Меновное ауылына жақын көшелерге трансформаторлар орнатты, алайда әлі қоспады. Адам әлі аз деп орнатпай отыр. Қыста көшелер қардан тазартылмайды. Мектеп, балабақша туралы сөз қозғаудың өзі орынсыз. Тұрғындар атынан сұрағым, жоғарыда аталған мәселелер қашан шешімін табады? Қалалық әкімдіктен нақты жауабын білгіміз келеді, – дейді отағасы Нұрлан Кәрібжанов.
Жас отбасылар қолдауға мұқтаж
– Бұл жерде негізінен жастар, ауылдан көшіп келгендер тұрады. Бәрінің ең үлкен мәселесі баспана ғой. Бірақ тұрғындар мемлекетке алақан жаймай, өз күштерімен жер сатып алып, үй салып жатыр. Жүз пайыз қазақтар тұрады десек те болады. Біз де бала-шағамызбен біраз жыл пәтерден пәтерге көшіп жүрдік. Бюджеттік қызметкер болғандықтан, жалақымыз да көп емес, бірден ақша жинап, үй сатып алуға жетпейді. Осы үйімізді алты жыл бойы салып, енді ғана кіріп жатырмыз. Негізінен жерді тұрғындарға бермей тұрып, инфрақұрылым мәселесін алдымен шешкенде мұндай мәселе туындамас еді. Ал бізде бәрі керісінше болып тұр. Балаларымызға балабақша, ойын алаңқайлары қажет, балалар ойнайтын жер жоқ. Әзірге амалдап Меновное ауылындағы балабақшаға тасып жүрміз. Ең үлкен мәселеміздің бірі – қоғамдық көлік жайы. Біздің ауданның маңында ешқандай аялдама жоқ. Қыста суықта, жазда ыстықта жұмысқа жету үшін тағы сол Меновное ауылындағы «Айтуар» дүкенінің жанындағы аялдамаға қарай сабыламыз. Жолға жарты сағаттан астам уақытымыз кетеді әрі үлкен трассаны кесіп өткенде балаларымыз үшін алаңдаймыз. Қалаға жүретін сол №55, №54, №53 және №4 бағыттардағы автобустарды сағатқа жуық тосамыз, олардың өзі Ахмер жақтан лық толып келеді. Бір сөзбен айтқанда, жеке көлігіңіз болмаса, бұл жерде тұру мүмкін емес. Жақын маңайдан аялдама ашып берсе ғой. Біздің проблемамызды қалалық әкімдіктің өкілдері жақсы біледі. Келіп танысып та кеткен. Әзірге уәде берумен келеді, проблемалар нақты шешімін тапқан емес, – дейді Нұрланның сөзін қостаған Шапағат көшесінің тұрғыны, жас ана Әйгерім Мақсатқызы.
Әйгерімнің айтуынша, бюджеттік қызметкерлер ретінде жолдасы екеуінің үй кезегінде тұрғандарына биыл 15 жылдың жүзі болған екен.
– Мәселен, мемлекетіміз біз секілді жас отбасыларды әлеуметтік қолдау жағын күшейтсе екен дейміз. Мысалы, жастардың «Жас отбасы» санатымен үй алуы үшін жас мөлшерін 29 емес 35 жасқа дейін ұзартса, көп жеңілдік болар еді. Әзірге көп балалы аналарға ғана қолдау болып тұр. Ал біз секілді екі-үш баласы барлар, қалайша, қандай жеңілдікпен үй алмақ. Әрине, бәрінің көп балалы болғысы келеді ғой, алайда, көпшілігінің денсаулықтары келмей жатады. Сол жағын да ескерсе дейді, – дейді Әйгерім.
Жарыққа ай сайын жеті мың теңге төлейді
«Болашақтың» Мейірім көшесіндегі Нұрланның көршісі Қуаныш Жеңісбековтің де үй салғанына биыл екі жыл болады, содан бері электр қуатын жекеменшіктен алып келеді. Бұл отбасылық бюджетке кәдімгідей салмақ екенін жасырмайды ол.
– Қазір бойлер қосып отырған жоқпыз. Соның өзінде тек электрге ғана айына жеті мың теңгеден асып кетеді. Оны қоссақ, тіпті қымбат. Ең өзекті мәселеміз деп осы электрдің жырын айтсақ болар. Одан кейінгі айтарымыз – жолдың жайы. Көктемде батпақ, көлікке де, адамға да қиын. Биыл ғана көшелерге тас төсеп шықты. Ал қыста қар мүлдем күрелмейді, жолды өзіміз ашамыз. Қар көп жауғанда көлігімізді үйден 300-500 метр алысқа, көшеде жеткен жерінде тастап кетеміз. Балаларымыз қалаға қатынап оқиды. Осы мәселелер жанымызға батып тұр, – дейді Қуаныш.
«Болашақ» тұрғындарының айтқан арыздарын мұқият тыңдап алған соң, оларды Өскемен қалалық әкімдігінің жауапты бөліміне жолдаған болатынбыз.
Қалалық ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының орынбасары Абзал Мәулетхановтың айтуынша, Өскемен қалалық қаржы бөлімінің 2019 жылғы 26 желтоқсандағы №785 бұйрығымен аталған аудандағы 400 кВт-тық ТП 222-2 трансформаторы қаланың коммуналдық меншігіне алынып, сәйкестендіру бойынша жұмыстар жүргізілген. Сондай-ақ 0,4 кВт жаңа желі де салынған. Аталған желілер Өскемен қаласының иесіз, теңгерімдік тиістілігін жоғалтқан және пайдалануға жаңадан енгізілген электр желілері объектілеріне, техникалық қызмет көрсетуге арналған объектілер тізбесіне енгізілген.
Дегенмен, бөлім мамандарының айтуынша, аталмыш аудандағы бөлінген жер учаскелері мен салынып жатқан үйлерді электрмен жабдықтау үшін жаңа техникалық шарт алынған. Соған сәйкес қуаттылығы 1000 кВт ТҚС орнату және Меновное ауылынан 10 кВт жаңа желіні салу қажет.
– 0,4 кВт жаңа желіні 400 кВт ТП 222-2-ге қайта қосу үшін «ШҚ АЭК» АҚ техникалық шарттарды беру жұмыстарын жүргізуде. Бүгінгі таңда 63 үй техникалық шарт алды. Тұрғындар техникалық шарттарды толық алғаннан кейін жекеменшік үйлер электр желісіне қайта қосылады және тұрғындармен жеке шарттар жасалады. Ал ауданды ауызсумен қамтамасыз ету мәселесіне келсек, «ШҚО, Өскемен қаласы, айналма жол магистралі (Алматы трассасы) ауданының тұрғын үйлерін сумен жабдықтау желілерін салу» жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленген. Сараптаманың оң қорытындысы және экономикалық қорытынды алынып отыр. Жобаны жүзеге асыру құны – 202,076 млн. теңге. Бұл жоба іске асқанда ауызсу мәселесі шешіледі, – дейді Өскемен қалалық ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының орынбасары Абзал Мәулетханов.
Жоғарыда тұрғындардың көтерген мәселелеріне байланысты қаладағы жауапты мекеме басшысы орынбасарының берген жауабы осындай болды. Алдағы уақытқа жоспарланған жобалар толық жүзеге асырылғанша, Өскеменнің «Болашақ» ауданының тұрғындарына болашақтан үміт үзбей әлі де біраз күте тұруға тура келер.