Қоғам

Болашаққа сергек қарауға ықпал етті

Күні кеше Amanat партиясының кезектен тыс XXIII съезі өтті. Мен съезд делегаты ретінде өзімді осы саяси іс-шараның тарихи маңызына шын мәнінде көз жеткізе алдым деп санаймын.

Біріншісі – Amanat және Adal партияларының бірігуі. Бұл бірлестік еліміздің барлық азаматтары үшін әл-ауқаты зор, демократиялық және әлеуметтік теңдік бойынша жаңа Қазақстанды құру жұмыстарын күшейтуге бағытталған!

Екіншісі – Президент осыған дейін өзінің қазақстандықтарға берген уәдесінде тұрып, партиядан шығып, сол арқылы өзінің жаңа Қазақстанды құру ниетінде өзгелерге үлгі көрсетіп, табандылық танытты. Президенттің орнына Ерлан Қошанов  партия төрағасы болып сайланды.

Партия жұмысының негізгі мақсаты – халықтың әл-ауқатын жақсартып, жаңа Қазақстан құру екені белгілі. Мемлекет басшысы өз сөзінде Жаңа Қазақстан – Адал Қазақстан болатынын атап өтті. Осы айтылғандар бәріміз үшін алдағы күндерге үміттің отын жағып, болашағымызға сергек қарауға ықпал етті.

Осы ретте мен Мемлекет басшысына «Барлық алға қойған ауқымды жоспарлар мен ірі реформаларыңыз іске аса берсін, сізге сәттілік, күш пен шыдамдылық тілейміз» дегім келеді.

Ал біз – еліміздің ауыл шаруашылығындағы кәсіпкерлер мен фермерлер өз кезегімізде нақты еңбегімізбен, нақты жетістіктерімізбен еліміздің гүлденіп дамуына үлесімізді қосып, жаңа Қазақстанды бірге құруға атсалысатын боламыз.

Қуаныш Сүлейменов, облыстық мәслихаттың депутаты,

«Шалабай» ЖШС бас директоры

Халық ұтпаса, ұтылмайды

Adal партиясы Amanat партиясының құрамына енді. Бұл туралы Amanat партиясының онлайн режимінде өткен кезектен тыс XXIII съезінде белгілі болды.

– Жаңа Қазақстанды құрамыз десек – елге жанашыр, қоғамдық саяси күштердің бәрі жұмылуы керек. Бұл ретте партиялардың өзара тіл табысып, саяси жүйені дамытуы аса маңызды. Сондықтан Adal партиясының бастамасын қолдап, онымен біріккен жөн деп санаймын. Adal – өз жақтастары бар, қалыптасқан партия. Саяси бәсеке артып келе жатқан қазіргі кезеңде мұның айрықша мәні зор. Осы маңызды қадам Amanat партиясын жаңғыртып, күшейте түсуге септігін тигізеді деп ойлаймын, – деді Мемлекет басшысы.

Съезд барысында делегаттар Adal партиясының Amanat-қа қосылуын дауысқа қойып, қолдады. Осылайша, билік партиясы тұтас бір партиямен толықты.

– Партиямызда 300 мың адам бар. Бұл – үлкен саяси күш. Екі партияның бағдарламасы ұқсас. Барлығы халықтың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған. Қосылуымыздың бір себебі – Adal партиясының әлеуетінің төмендігі. Көп әкімшілік мүмкіндігіміз жоқ. Бірақ идеямыз өте көп. Менің ойымша, бұл бірігуден халық ұтпаса, ұтылмайды, – деді Adal партиясының хатшысы Елдар Жұмағазиев.

Adal партиясы саясатқа 2013 жылы «Бірлік» партиясы болып келген болатын. Ребрендинг жасап, атауы жаңаланған бұл партия былтыр парламенттік сайлауға қатысып, 3,57% дауыс жинап, Мәжіліске өтпей қалған.

Ержан Кеңесұлы

Бұл қадам партияны күшейтеді

 

Amanat партиясының кезектен тыс XXIII съезіне қатысып,  көптеген жаңа бастаманың қолға алынғанына куә болдық. Тағы бір маңызды оқиға Adal  партиясының Amanat-қа қосылуы болды.

Adal партиясының хатшысы Елдар Жұмағазев өз баяндамасында айтқандай, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» атты Қазақстан халқына Жолдауын тыңдағаннан кейін Adal партиясының ішінде кеңес мүшелері, басшылығы тарапынан осындай шешім қабылданған. Яғни, Мемлекет басшысының ұсыныстары, жаңаша жұмыстары, барлығы көңілден шығып, қолдауға тұрарлық дүние болғандықтан, түпкі мақсат, ортақ мүдде болғандықтан Amanat партиясына қосылуды ұйғарыпты.

Менің ойымша, бұл – дұрыс шешім. Adal – өз жақтастары бар іргелі партия. Саяси бәсеке қызып тұрған бүгінгі таңда мұның маңызы ерекше. Осы қадам Amanat партиясын жаңартып, нығайта түсері сөзсіз.

«Адалдықтардың» айтқан аргументтерінен түсінгеніміз, Президенттің Жолдауын қолдайтындықтарын білдіріп, олар да жаңаруды мақсат тұтқан партия болғандықтан «бөлініп жеке шаруа атқарғаннан гөрі, бірге ортақ жұмыс істегеніміз дұрыс» деп шешім қабылдапты. Партияның өз дербес шешімі болғаннан кейін біз де оны қолдаймыз.

Қалқаман Сарин, Өскемен қаласы мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы, Amanat партиясы саяси кеңесінің мүшесі

«Абай жастары» бағдарламасын бастаймыз

Amanat партиясының кезектен тыс съезіне облыс атынан  қатысып, сөз сөйледім. Мен өз сөзімде Мемлекет басшысына Абай облысын құру туралы шешім қабылдағанына алғысымды білдірдім. Сонымен қатар өңір жастарын толғандыратын мәселелер туралы айттым.

Өкінішке қарай, жастардың басым бөлігі мемлекеттік қолдау шаралары туралы біле бермейді. Осыған байланысты жастарға көрсетілетін қолдаулардың барлық түрлерін бір орталыққа шоғырландыруды және қалада жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруға мүмкіндік беретін Жастар үйі ашылса деген ұсыныс жасадым.

Мұнымен қоса, жастарды тұрғын үймен қамтуға бағытталған бағдарламалардың жүзеге асырылуын да айтып өттім.

Біздің өңірде отбасы институты нығайып келе жатқаны қуантады. Жастардың шаңырақ құру көрсеткіші 10%-ға артып, ажырасу 5%-ға азайды. Сондықтан біз жеңілдетілген несиелер бойынша жастарды тұрғын үймен қамтамасыз етуге бағытталған «Абай жастары» өңірлік бағдарламасын жүзеге асыруды бастаймыз.

Еркебұлан Тұрсын, Семей қалалық мәслихатының депутаты

Саяси сабақтастық жалғаса береді

Астана төрінде Amanat партиясының тарихи съезі өтті, мен съезге делегат ретінде қатыстым. Осы жиында Adal партиясы Amanat-пен қосылды. Бұл Amanat партиясының еліміздегі жетекші саяси күш ретіндегі мәртебесін нығайта түсті.

«Партиялардың бірігу жөніндегі бастамасы – елдегі басталған өзгерістердің жарқын көрінісі. Жаңа Қазақстанды құрамыз десек, елге жанашыр қоғамдық-саяси күштердің бәрі жұмылуы керек. Бұл ретте, партиялардың өзара тіл табысып, саяси жүйені дамытуы аса маңызды», – деді съезде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев.

Аmаnаt әлеуметтік әділдік қағидатын орнықтыруға әрдайым мән береді. Мемлекеттілікті нығайту және ел бірлігін бекемдеу – ұйымның айрықша миссиясының бірі. Өткен съезде партияға ребрендинг жасау қолға алынды. Сондай-ақ оны институционалдық тұрғыдан жаңарту жұмысы басталды. Партия бұл міндеттерді орындауға дереу кірісіп кетті. Нақты нәтиже бар, өзгерістерді қазірдің өзінде көріп отырмыз. Осы қарқынды бәсеңдетпей жұмысты одан әрі жалғастыру керек.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың съезде Amanat партиясының төрағасы ретіндегі өкілеттігін тоқтату және оның құрамынан шығу туралы шешімі басты оқиға болғаны сөзсіз.

Президент партияның Мәжіліс пен мәслихаттарда едәуір басымдыққа ие екенін және саяси сабақтастықтың жалғасатынын, ел игілігі үшін істеп жатқан жұмыстарды жалғастыра беретінін жеткізді.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы қоғамда билік институттарына халықтың тарапынан сенімсіздіктің бар екенін және осы қолайсыз жағдайды түзету үшін партия азаматтық қоғам мен билік арасындағы өзара іс-қимылдың тиімді арнасы болуға тиіс екенін атап өтті.

Партия президенттік реформалар төңірегінде қоғамдық-саяси топтасудың орталығы болып қала береді. Аmаnаt-тықтар Президент айтқан Жаңа Қазақстанды құруға қатысты мақсат-міндеттерді орындау ісін жалғастырады.

Съезде Мемлекет басшысы жауапты әрі аса маңызды кезеңге қадам басқанымызға тоқталды. Оның айтуынша, Конституциялық реформа – Тәуелсіздік тарихындағы жаңа белес. Мұның бәрі уақыт талабынан және қоғам сұранысынан туындап отыр.

Аmanat – бұл әділдік партиясы, халық бірлігі партиясы. Халықтың ұсыныс-пікірін тыңдайтын және азаматтарымыздың мүддесі үшін әрекет ететін партия. Біз Бородулиха ауданындағы партия мүшелері Президент берген тапсырмалар мен міндеттерді орындау үшін бар күш-жігерімізді саламыз. Жаңа Қазақстанды бірлесіп құруға өз үлесімізді қосамыз.

Сәуле Урашева, Amanat партиясының Бородулиха аудандық филиалының атқарушы хатшысы

Осы айдарда

Back to top button