«Болашақпен» байлардың баласы ғана оқи ма?

– Бұрын «Болашақ» бағдарламасымен тек байлардың баласы оқиды деп ойлайтынбыз, – деп бастады әңгімесін Жігер Байділдин. Шамасы, ол жастардың көбі өзі сияқты жаңсақ пікірде болуы мүмкін деп ойласа керек.
Естеріңізде болса, газетіміздің өткен сандарының бірінде облыстық Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет департаменті басшысының бірінші орынбасары Жігер Байділдин жайлы жазған едік. Жемісті еңбек етіп жүрген жас маман «Болашақ» бағдарламасымен Лондонда білім алған. Мұхит асып келген азаматпен өңірдің жастары кездесіп, ашық алаңда сұхбаттасты.
– Мен қарапайым отбасынан шықтым. Анамнан бес жасымда қалдым. Бізді әкем өсіріп-жеткізді. Мектепте 8-сыныпқа дейін орташа оқыдым, озат болуға аса тырыспайтынмын. Бірақ мектепті бітірер уақыт таяғанда «егер өз күшіммен грантқа түспесем, жоғары оқу орнында қалай білім аламын?» деген сұрақ мазалады. Содан кейін талпынып оқи бастадым. Өйткені қабілетім мен табандылығыма күмән жоқ еді, – дейді Жігердің өзі.
«Болашақ» бағдарламасымен білім алғандар көп. Өңіріміздің жастары да көпке бұйыра бермейтін бұл мүмкіндікке қол жеткізген және әрқайсысы ел дамуына сүбелі үлес қосып жүр. Ресми ақпаратқа сенсек, Шығыс Қазақстаннан 284 талапкер бағдарламаның игілігін көрген. Оның ішінде Жігер де бар. Үш тілді еркін меңгерген Жігерден кездесу барысында студенттер тілді қалай тез үйренуге болатынын сұрады.
– Біз көзімізді тырнап аша сала смартфонға жүгіреміз. Ал мен ол әдетімді қойдым. Ерте тұрып күнделікті екі сағатымды тіл меңгеруге арнадым. Одан кейін кітапханадан шықпайтын болдым. Асымды дайындап алып таңертең ерте кітапханаға баратын едім. Орын алу үшін ерте тұру керек. Әйтпесе орын болмайды. Өзіміз кітапханадан шығарда достарымызға хабарласып, «менің орным босады» деп айтушы едік, – дейді ол.
Кітаппен дос болған жас маман қаладағы кітапханаларда адам қарасы аз екендігіне қынжылатынын да жасырмады.
– Жақында Пушкин кітапханасына барған едім. Ішінде айтарлықтай адам жоқ. Тіпті тегін тіл меңгеруге болады. Алайда сол мүмкіндікті пайдаланып жатқандар аз. Шет тілін тек ұстазбен үйрену керек деген – қате ұғым. Егер алдыңызға мақсат қойсаңыз, өзіңізге де үйреніп кетуге болады, – дейді.
Кездесуге келгендердің арасында тілді жетік меңгерген студенттердің барына көзіміз жетті. Тіпті сұхбат кезінде ағылшынша сұрақ қойылды. Өз кезегінде Жігер күніне бір сағат уақытын шет тілінде жаңалықтар оқуға арнайтынын айтты. Еркін форматта өткен кездесуде жастар көкейдегі сұрақтарына жауап тапқандай болды. Ал лауазымды қызметте жүрген мемлекеттік қызметші іні-қарындастарына ақыл-кеңесін айтып, бағыт-бағдар беруге дайын екенін білдірді.
– Ең бастысы, жастардың алдында мақсат болуы тиіс. Бір орында тұрақтамаңдар. «Менің оған шамам жетпейді» деген ойдан аулақ болыңдар, өйткені бәрі өз қолыңда. «Болашақпен» оқуға тәуекел еткен кезде басымда «Мен неге лайық болмауым керек?» деген бір ғана ой тұрды. Нәтижесінде мақсатыма жеттім. Ендеше, сендер де жақсылыққа лайық екендіктеріңді естен шығармаңдар, –- дейді Жігер Байділдин.
Балауса Мэлс