Болашақ өлкетанушы грантқа ие болды

Семей қаласындағы облыстық тарихи-өлкетану музейі үш жыл қатарынан 11-сынып оқушылары арасында «Болашақ өлкетанушы» тақырыбында ғылыми жобалар байқауын ұйымдастырып келеді. Биыл байқаудың бас жүлдесіне алғаш рет білім гранты берілді.
Бұл байқаудың негізгі мақсаты – оқушылардың туған өлке тарихына деген құлшынысын арттырып, сол өлкені сүюге баулу, оған деген қызығушылықты күшейту. Осы арқылы жастар арасында ұлттық құндылықтарды жаңғырту және отансүйгіштікті насихаттау. Байқау «Шығыс Қазақстанның археологиясы», «Шығыс Қазақстанның тарихи географиясы және топонимикасы», «Туған өлкенің киелі орындары», Семей өңірінің ежелгі ескерткіштері» мен «Семей өңірінің тарихи және сәулет ескерткіштері», «Көрнекті жерлестер», «Алаш қозғалысы», «Семей өңірінің тарихы мен мәдениеті» секілді тақырыптық бағыттарды қамтиды.
Ғылыми жобалар конкурсының бірінші кезеңі Семейдегі мектеп оқушылары арасында сәуір айының 20-сы мен мамыр айының 18-і аралығында өтіп, оған 70-ке жуық оқушы қатысты. Ал келесі екінші кезеңге жеті оқушының ғылыми-зерттеу жұмыстары іріктеліп алынды. Қазылар алқасы осы жеті оқушының ішінен төрт оқушыны жүлдегер деп таныды. Бас жүлде – Шәкәрім атындағы университеттің арнайы грантын №4 мектептің 11-сынып оқушысы Нұрасыл Жеңісов қанжығасына байлады.
Бұл ғылыми жоба байқауының мақсаты, әрине, грант беру емес. Жастардың өлкетану, тарих ғылымдарына қызығушылығын арттырып, жоғары сынып оқушыларын өлкетану мен тарих ғылымының әртүрлі салаларына бағыттау. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл байқау алдағы жылдары да өзінің жалғасын таппақ.
Мейрам Екпін