Қоғам

Болашақ чемпиондардың ұстаханасы

Нұржан Кенжеұлы

Осыдан біраз бұрын Өскеменнің спорт кластері тағы бір керемет нысанмен толыққаны туралы жазған болатынбыз. Сәуір айының соңында облыс орталығында су жаңа үстел теннисі орталығының салтанаты ашылуы өткен-ді. Сол кезде зәулім ғимараттың тұсаукесер рәсіміне облыс әкімі Даниал Ахметов қатысып, жиналған спортсүйер қауымды бірегей нысанның пайдалануға берілуімен құтықтаған болатын.

Бірегей медицина орталығы бар

Аталмыш орталықты шынымен де бірегей деуге болады. Себебі, мұндай үстел теннисі орталығы еліміздің өзге ешбір қаласында жоқ екен. Мұны теннис орталығының директоры Денис Жолудевтен естіп білдік.

– Өскемендегідей теннис орталығын республикамыздың ірі мегаполистерінен де таппайсыздар. Бұл – расымен де ерекше спорт кешені. Мұнда үстел теннисімен шұғылданамын деушілерге барлық жағдай жасалуда. Келушілерге үстел теннисінің қыр-сырын жеті білікті бапкеріміз үйретеді. Алдағы уақытта жаттықтырушылардың санын 15-ке дейін ұлғайтуды жоспарлап отырмыз. Ең қуантарлығы, соңғы жылдары еліміздің Шығысында, Өскемен қаласында бұл спортқа қызығушылық танытқан жастар саны артуда, – деді Д.Жолудев бізге берген сұхбатында.

Спорт кешенінің басшысы айтқандай, теннис орталығында кәсіпқой спортшылармен қатар, әуесқойларға да барлық жағдай жасалған. Келушілердің жасына шектеу қойылмайды. Әсіресе, ғимарат ішінен спортшыларға арналған медицина диспансерін ашу табылған ақыл болыпты. Орталықтың өзге спорт кешендерінен басты айырмашылығы да осы дер едік. Мұнда спортшыларды оңалтуға және физиотерапия процедураларына арналған заманауи аппараттардың түр-түрі бар екен. Атап айтсақ, төрт қабатты ғимараттың тұтастай бір қабатын алып жатқан диспансерден әдеттегі терапевт, оториноларинголог, невропатолог, офтальмолог сияқты мамандармен қатар, спорт дәрігері, криосауна, емдік тұз шахтасы, емшара мен массаж, сондай-ақ тыныс алу гимнастикасы кабинеттерін де табуға болады. Тағы бір айта кетер жайт, нысанда допинг-материалдарды жинастырып сақтайтын зертхана да жұмыс істеп тұр. Осы ретте, медицина мекемесі мамандарының көмегіне тек теннисшілер ғана емес, өзге де спорт түрлерінің өкілдері жүгіне алатынын айтқан абзал.

Ойлау мен көру қабілетін жақсартады

Белгілі болғандай, қазір теннис орталығында 150-ге жуық балақай жаттығады екен. Алдағы уақытта бұл санның еселеп артуы да ғажап емес. Өйткені Денис Жолудев айтқандай, балаларын адамның ойлау мен көру қабілетін жақсартатын осы бір спорт түріне бергісі келген ата-ана өте көп. Жалпы, бүгінде елімізде үстел теннисі – ең танымал әрі бұқаралық сипатқа ие спорт түрлерінің бірі. Деректерге сүйенсек, қазіргі уақытта Шығыс Қазақстанда ғана 450-ден астам теннис секциясы жұмыс істеп тұр екен. Онда 11 мыңға жуық адам спорттың осы бір түрімен шұғылдануда.

Спорт нысанының басшылығы хабарлағандай, жаңа мамандандырылған үстел теннисі орталығының екі үлкен залы бар. Оның бірі жаттығуларға арналса, енді бірінде түрлі деңгейдегі жарыстарды өткізуге болады. Бұл екі залға ұзын саны 58 теннис үстелі қойылған. Яғни, бір мезетте 120-ға жуық бала теннис ойынының қызығына бата алады деген сөз. Сонымен қатар залдарда 300-ге жуық көрермен орны бар.

Айта кетейік, жаңа орталықта арнайы ашылған үстел теннисінен балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі де жұмыс істейтін болады. Қазір мектеп сыныптарына оқушыларды қабылдау жұмыстары басталып кетіпті. Осы ретте, жаттығулар ақысыз негізде өтетінін айту керек. Басшылықтың мәліметінше, онда кәсіби жаттықтырушылар тартылып, балақайларға үстел теннисінің әліппесін үйретпек.

– Орталығымызға кез келген балақай келіп, теннис ойнай алады. Келушілерге есігіміз әрқашан ашық. Балада шын ниет, ынта болса, болғаны. Негізі, үстел теннисі – Олимпиада бағдарламасына енген спорт түрі екенін білетін боларсыздар. Демек, жастарымыз жақсы өнер көрсетіп, көзге түссе, болашақта қала, облыс пен республика құрамасына шақырту алып, халықаралық аренада ел намысын қорғауы бек мүмкін екенін де түсіну қажет. Өз тарапымыздан қолдан келген көмекті аямаймыз, өскелең ұрпаққа білгенімізді үйретуге дайынбыз, – дейді бұл салада көпжылдық еңбек өтілі бар тәжірибелі бапкер Ольга Архипова.

Арнұрдың мақсаты айқын

Сондай болашағынан зор үміт күттіретін жастардың бірі деп Арнұр Оралхановты айтуға болады. 15 жастағы жас теннисшінің спорттың бұл түріне ден қойғанына бес жылдай болып қалыпты. Осы уақыт аралығында тегі тарбағатайлық өреннің жеткен жетістігі аз емес. Ол жастар арасындағы ел чемпионатының қола және ересектер арасындағы республикалық доданың күміс жүлдегері екен.

– Былтыр біздің қалада дәл осындай керемет теннис орталығы салынады деген жаңалықты естігенде ерекше қуанғанымыз рас. Себебі, мұндай заманауи орталық республикамызды қойып, ТМД елдерінде кемде-кем. Енді өзім сияқты кез келген бала мен жасөспірім үстел теннисін ойнап, Әлем чемпионаттары мен Олимпиада сияқты ірі жарыстарға қатысып, жүлдеге таласа алады. Өзімнің арман-мақсатым да сол – Әлем чемпионы атану. Ол үшін ең алдымен көп еңбектеніп, ұлттық құрамаға шақырту алуым керек, – дейді талапты жас.

Осы орайда, қазір үстел теннисі орталығында ересектер арасындағы ұлттық құраманың бірнеше мүшесі алдағы ел чемпионаты мен Әлем біріншілігіне дайындықтарын пысықтауда екенін айтқан жөн. Сол спортшылардың бірі – теннис орталығының директоры Денис Жолудев. 29 жастағы жерлесіміз бүгінде басшылық қызметте жүрсе де, ракеткасынан қол үзбеген, арагідік республикалық және халықаралық жарыстарға қатысып та тұрады. Оның ел чемпионы сияқты бірнеше атағы да бар.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев елімізде бұқаралық спортты дамытуға және спорт инфрақұрылымын жаңғыртуға ерекше назар аударуда. Осы бағытта біздің облыста да айтарлықтай шаруалар атқарылып жатқаны қуантады. Сондай жұмыстардың бірі деп қаламызда осындай кең әрі жарық теннис орталығының пайдалануға берілуін айтуға болады. Біздің нысанның жабдықталуы әлемдік стандарттарға сәйкес келеді және ең жоғары деңгейдегі халықаралық жарыстарды қабылдауға қабілетті. Бұл жерден түлеп ұшқан спортшылар болашақта халықаралық аренада еліміздің намысын абыроймен қорғайтынына кәміл сенеміз. Тағы бір айта кетерлігі, бұл жерде тек балалар мен ересектер ғана емес, сондай-ақ спорттың осы бір түріне ден қойған ерекше қажеттіліктері бар адамдар да теннис ойнай алады. Бұл – өте маңызды, – дейді спорт кешенінің басшысы Денис Жолудев.

Бұған қоса, ғимарат ішінде бірнеше киім ауыстыру бөлмесі, тренажер залы, сауна, буфет пен конференц-зал да бар екенін айту керек.

Халықаралық стандарттарға сай салынған үстел теннисі орталығы Өскемендегі спорт кластерінің құрамдас бөлшегіне айналып үлгерді. Еске салайық, су жаңа нысан Орталық бассейн, Ольга Рыпакова атындағы жеңіл атлетика манежі, Жекпе-жек сарайы мен дарынды балаларға арналған олимпиада резервінің мамандандырылған мектеп-интернат-колледжі сияқты ғимараттардың жанынан бой көтерген.

Осы айдарда

Back to top button