Болашақта бала көтеруге үміт бар
Айна Ескенқызы
Өскеменде бірнеше жылдан бері мойын жүктілігі кезінде ағзаларды сақтайтын операциялар жасалады. Бұл жолы облыстық аурухананың гинекология бөлімшесіне өте сирек патология – жатыр мойны жүктілігімен екі әйел бір мезгілде түсті. Бұл – 9000-12000 жүктілікте бір рет кездесетін аномалия.
Жатырдан тыс жүктілікті сақтау және бала көтеру мүмкін емес, бұл сөзсіз плацентаның бөлінуіне әкеліп соғады, көп қан кетуден әйел өліп те кетеді.
Нақты диагноз қойылғаннан кейін екі пациентке де жүктілікті мүмкіндігінше ертерек үзу қажет болды. Бірақ жатырға енген эмбрионды әдеттегі жолмен алып тастаса, сөзсіз өте көп қан кетер еді.
Гинекология бөлімінің меңгерушісі Наталья Удалованың айтуынша, соңғы уақытқа дейін мұндай патологияны емдеудің жалғыз әдісі – жатырды алып тастау болды. Бірақ бірнеше жылдан бері облыстық аурухананың гинекология бөлімшесінде дәрігерлер екі кезеңнен тұратын ағзаны сақтайтын ем-дом жүргізіп келеді.
– Алдымен екі әйелге де жатыр мойны мен эмбрионды қоректендіретін жатыр артерияларының эмболизациясын жүргізді, бұл осы аймақтағы қан ағымын азайтуға мүмкіндік берді. Отадан кейінгі үшінші күні мамандар енді дамып келе жатқан ұрықты алып тастады. Бұл әдісті қолдану нәтижесінде жаппай қан кету қаупі жойылды және екі әйелдің де жатырын сақтап қалуға мүмкіндік берді. Демек, екі науқас та болашақта жүкті болып, дені сау сәбилерді көтере алады деген үміт бар, – деді гинекология бөлімшесінің дәрігері Талғат Ошаев.
Айта кетейік, МӘМС аясында осындай бір операция мен ары қарай емделуіне шамамен бір млн. теңге жұмсалады. Жоғары технологиялы медициналық көмек және оның жекелеген түрлері МӘМС жүйесіндегі медициналық көмек тізбесіне кіреді.