Қоғам

Болашағыма таңдау жасаған күн

     Ол кезде мен небары 11 жаста болатынмын. Сол күні таң атқаннан үйде бір қарбалас басталып, ата-анам әлдеқандай дайындық үстінде жүрді. Әкем әдетінше әдемі киініп алыпты, ол айна алдында галстугын байлап жатты. Ерекше бір мереке боларда ол өстіп, галстугын ұзақ тұрып байлайтын еді.

– Қайда жиналдың, әке, мен де барайыншы сенімен бірге, – деп жабыса кеттім.

– Жақсы, бара ғой, – деді ол. – Бірақ ол жерде шулап, мазаны алуға болмайды.

Мен келісе кеттім. Өзімше, әкемнен қалыспауға тырысып, шашыма ақ бантигімді тақтым, сандықтағы жаңа көйлегімді алып киіп, дайындала бастадым. Сол жылғы қыс та аса суық емес еді, тіпті, күн жадырап, шайдай ашық тұрған болатын. Әкем екеуіміз қол ұстасып, қызыл қарағайдан қиып салынған Мәдениет үйіне келдік. Бұл жерде жұрт жиналып, абыр-сабыр болып жатыр екен. Төңірек ду-ду әңгіме. Ауыл тұрғындары ілтипатпен сәлемдесіп, бірін-бірі құттықтап жатыр.

– Әке, қазір не болады, концерт келді ме? – деп сұрадым мен. Әкем өзінің ұстазға тән ұстамды даусымен:

– Балам, бүгін мен сенің болашағыңа таңдау жасаймын. Бұл күн тарихта қалатын ерекше күн! – деп өзгеше салтанатпен жауап қайтарды. – Кейін есіңе алып жүрерсің, біз қазір елімізді жарқын жолға бастайтын Тұңғыш Президентімізді сайлаймыз!

Өзгелермен бірге біз де Мәдениет үйінің ішіне кірдік. Мұнда даладағы дабыр жоқ, тып-тыныш екен. Тек адамдар шымылдықпен жабылған кабиналарға кіріп, қайтадан тез шығып жатыр. Әкем де солардың соңынан ілесті. Балалық қызығушылық жеңген мен де сығалап  қоямын.

– Қызым, келе ғой, – деді әкем бетімнен қақпай. – Сен де дауыс беріп, үлесіңді қос!

Мен қуана кіріп, әкем нұсқаған ағаш жәшікке ұстатқан қағазды тастап жібердім. Шынында да, сол күн тарихтың бетінде мәңгі қалған күн екен ғой…

Міне, содан бері 28 жыл зулап өте шығыпты. Сол күні әкем менің болашағым үшін таңдауды жаңылмай жасаған сияқты. Биыл еліміз өзінің тәуелсіздік алғанына 28 жыл толғанын атап өтеді. Осы аралықта Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен еліміз айтулы белестерге көтеріліп, Көк туымыз сан биіктен желбіреді. Басқаны былай қойғанда, ауылымыздың бейнесіне көз салсақ, көп өзгерістің куәгері боларымыз айқын. Өткеніміз бен бүгінгіміздің айырмашылығын жер мен көктей деп айтуға болады.

Қазір біз 1-желтоқсанды заманауи үлгіде салынған аудандық Мәдениет үйінде қарсы аламыз. Ауылымыздың тынысы бөлек қазірде. Бос жүрген бір адамды көрмейсің. Кешегі аумалы-төкпелі кезеңде қирап, шашылып қалған мекеме, ғимараттар қалпына келтіріліп,  тіпті бұрынғысынан әлдеқайда көркем түрде бой көтерді. Спортты мұрат тұтқан балаларға толы Барақ батыр атындағы спорт кешенінің өзі неге тұрады? Көшелеріміз айнадай асфальт, жаңадан салынған Мәдениет үйі, жаңа мешіт, сауда үйлері мен кешендері көз тартады. Талапқа сай деңгейде білім беретін мектептер жыл сайын талапты түлектерін қанаттандырып ұшырып жатыр. Осының барлығы – еліміздің еңсесін көтеріп, даму жолына түскендігінің айқын белгісі. Сол елдің тізгінін берік ұстап, салиқалы саясат жүргізген Елбасымыздың арқасы.

Елбасы – мен үшін ерекше тұлға! Тарихты осындай ірі, ерекше тұлғалар жасайды. Кез келген халық үшін егемендіктен, азаттықтан асқан бақыт жоқ. Бабаларымыз бес қаруын асынып, ұйқы-күлкі көрмей жортып жүріп, қаһармандықпен күрескен болатын, ал олардың ғасырлар бойы аңсаған армандарының сол 1991 жылы орындалғаны шындық. «Бегіне – елі, еліне  – бегі сенген жұрт ұзақ жасайды» дегендей, егемендіктің алғашқы күнінен бастап Елбасы мемлекеттің буынын бекітіп, келешегін айқындау жолында қисапсыз тер төкті. Бұл еңбектің тарих бетінде алтын әріптермен айшықталып қалары сөзсіз.

Әлемнің көптеген мемлекеттерінде «Тұңғыш Президент күнін» атап өту үрдісі бар. АҚШ-та ақпан айының үшінші дүйсенбісі 1885 жылдан бері тойланып келеді. Ал Ұлыбританияда 8 маусым күні ханшайым Екінші Елизаветаның туған күні ерекше аталып өтеді. Әрине, әр елдің өз Президенттерінің күндерін атап өту дәстүрлері де өзгеше. Мысалы, бұл күні америкалық оқушылар өздерінің Тұңғыш Президенттері Джордж Вашингтонның өмірбаянын оқиды екен.

Мен жұмыс істеп жүрген мектеп ұжымы да сол жақсы дәстүрді салтанатпен жалғастырып келеді. Мұнда «Тұңғыш Президент күні» қарсаңында Елбасының өмір жолына арналған көрмелер ұйымдастырылып, сынып сағаттары өткізіледі.

Нұрсұлтан Әбішұлының: «Еліміздің болашағы – бүгінгі мектеп партасында отырған шәкірттердің қолында, ал олардың тағдыры – білім беретін ұстаздардың қолында!», – деген ұлағатты сөзі ұлт үшін жаны ауыратын әр ұстаздың жадында сақталуға тиіс. Қарапайым еңбеккерлер отбасынан шыққан ауыл баласының бүгінгі дүбірлі кезеңдегі ең бір ықпалды да беделді көшбасшылардың біріне айналғаны – біз үшін мақтан, Елбасымыздың өмір жолы – баршамыз үшін өнеге!

Небары 11 жасымда Елбасын сайлаған айтулы науқанға қатысып, сол салтанатты мерекенің куәсі болғанымды мен де мақтан тұтамын. Ал оның дара тұлғасын келешек ұрпаққа дәріптеп, мәртебесін асқақтату – әке жолын қуған ұстаз ретінде өзіме жүктелген негізгі міндеттердің бірі деп білемін!

Меруерт Жұмажанова,

№1 Күршім орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі

Күршім ауданы.

Осы айдарда

Back to top button