БОЛАШАҚҚА ЖОЛ СІЛТЕР БАҒДАРЫМЫЗ
Қазақстан халқы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Мемлекет басшысы, әрі шын мәніндегі Елбасы жолын жалғастырушы ретінде алғашқы қадамдарына үлкен үмітпен, зор сеніммен көз тіге қарап отыр. Президенттікке кіріскен алғашқы күннен бастап-ақ Абай есімін ұлықтауға, құрметтеуге, дәріптеуге аса мән беріп, айрықша назар аударуда.
Қасым-Жомарт Кемелұлының «Абай және XXI ғасырдағы Қазақстан» мақаласы соның нақты айғағы. Бұл – асқақ асуларға нұсқайтын, қазақстандықтарды тұтас ұлттық идеяға жұмылдыратын бағдарламалық мақала.
Адамзаттың Абайының 175 жылдық мерейтойы – ортақ мереке, ұлы дүбірлі той. «Келер ұрпақ Абайдың сара жолын жалғауы тиіс. Бұл – ұлы ақын арманының орындалуы. Сондықтан біз Абайдың ойынан да, тойынан да тағылым алуға тиіспіз», –деп басты назарды той тойлауға емес, ой ойлауға бұрып, ысырапшылықты, даңғазалықты доғаруымыз керектігін баса ескертті.
Біздің міндет – Абай мұрасын насихаттау арқылы қазақты әлемге таныту. Ұрпақтың бойына Абай еңбектерінің биік тағылымын сіңіру. Абай тойынан кейін ұрпақ ойлануы керек. Тойдан қандай үлгі-өнеге көрдік, жас буынға ұлы ақынның терең мағыналы ойларын жеткізе алдық па? Осындай сауалдарға жауап бере алсақ, той ғибраты айқындалмақ.
Абай – ұлттық самғаудың бағдаршамы. Абай – ғасырлар алмасса да бағасы артып, өлшеусіз қазынамызға айнала беретін қасиетіміз. Абайдың гуманистік идеялары – адамзат өркениетін байытудың негізі.
Ұстаз қай қоғамда да қастерлі, құрметті. Ұстаз – ел ертеңі болашағымыздың шамшырағын жағар тұлға. Дана Абай «Ақырын жүріп, анық бас, Еңбегің кетпес далаға. Ұстаздық еткен жалықпас, Үйретуден балаға» деп ұстаздың өлшеусіз еңбегін өлеңмен өрнектеген.
«Педагог мәртебесі туралы» Заңның қабылдануын ұстаз мәртебесінің артуы деп білемін. Ұстаз сағатының азаюы, соңғы жаңалықтардан қалып қоймас үшін өз бетінше оқуға, білімін көтеруге жағдай жасау, тек оқу-тәрбие, әдістемелік жұмыстармен айналысуға мүмкіндік беру, ұстаздың беделін көтеру, абыройын арттыру көптен көңілімізде қордаланған өзекті мәселелердің шешімін табуға жол сілтеді.
Адамзат баласы үшін білім қашанда өзінің құндылығын жоғалтпайтын асыл қазына. Тіптен қазіргі жаһандану заманында ғылым бәсекелестікке айналып отыр. Мақалада көтерілген бір мәселе – интеллектуалды ұлт болу. Оның ең бірінші тетігі – білім. Ал ол ілімді ұлы Абай мұрасынан іздесек, «… оның үнемі елдің алға жылжуына, өсіп-өркендеуіне шын ниетімен тілеулес болғанын, осы идеяны барынша дәріптегенін байқаймыз. Ал ілгерілеудің негізі білім мен ғылымда екенін анық білеміз. Абай қазақтың дамылсыз оқып-үйренгенін бар жан-тәнімен қалады», –қазақстандықтардың шығар асулары асқақтай берері сөзсіз. Себебі Абай – қазақ халқының рухани әулиесі, жол сілтер бағдары. Абай ілімінен сусындап, Абай нұрын бойына жиған жанның келешегі жарқын. Себебі білім бар жерде алынбайтын қамал жоқ.
Халықты бір шаңырақтың баласындай өмір сүруге шақырған Абай ұлағаты мәңгілікке берік тұғыр-сүйенішіміз болары анық. Батысқа да, шығысқа да терең үңілген ұлы Абай олардың ірі тұлғаларынан үйреніп қана қоймай, халқын солардың мәдениетінен, білімінен сусындауға шақырды. «Атаның ұлы болма, адамның ұлы бол»,– деп шығармаларында «адам шыр етіп дүниеге келгеннен өмірінің мәнді болу үшін не істеу керек?» деген сауалға жауап беріп, олардың өмір сүруінің гуманистік бағдарламасын жасап берді.
Жалпы, адамзат баласын гуманизмге шақырған хакімнің даналық формуласы барша адамзат баласын татулық пен тұрақтылыққа, достық пен бауырмалдыққа үндейді.
Қасым-Жомарт Кемелұлы ел жастарына зор үміт артады, сенім білдіреді: «Ең алдымен Абайды ұлтымыздың мәдени капиталы ретінде насихаттауымыз керек. Өркениетті елдер қазақтың болмыс-бітімін, мәдениеті мен әдебиетін, рухани өресін әлемдік деңгейдегі біртуар перзенттерінің дәрежесімен, танымалдығымен бағалайтынын ұмытпайық. Сондықтан Абайды жаңа Қазақстанның бренді ретінде әлем жұртшылығына кеңінен таныстыру қажет. Бұл – бүгінгі ұрпақтың қастерлі борышы».
Мемлекет басшысының: «Әр қазақтың төрінде домбыра тұрсын деген ұғым қалыптасқанын бәріміз жақсы білеміз. Сол сияқты әр шаңырақта Абайдың кітабы мен Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» романы тұруы керек деп санаймын», – деген толғамы да жарық көріп жатқан Абай кітаптарының таралымы қанша, жалпақ жұртқа, қарапайым халыққа жетіп жатыр ма деген көптеген түйткілді сауалдардың түйінін шешуге негіз болары сөзсіз.
Абай әр қазақтың ұстанымы болғанда ғана, ұрпақ қазақтығын, рухының асқақтығын сақтап қалары сөзсіз. Кемеңгер жазушы Мұхтар Әуезов: «Қазақ жазушыларынан, әрине, Абайды сүйемін. Менің бала күнімнен ішкен асым, алған нәрімнің барлығы да Абайдан. Таза әдебиет сарынына бой ұрғанда маған Абай деген сөз қазақ деген сөзбен теңбе-тең түсетіндей кездері бар сияқты», деді. Абайды Әуезовше сүйелік. Абай мұраты – ұлт мұраты. Барымызды бағамдап, жоғымызды іздестіріп, ұлы Абай армандарын орындауға бойында қазақтың қаны ойнаған әр перзент өз үлесін қосса нұр үстіне нұр.
Президент Қ.Тоқаев: «Мен көп жылғы дипломатиялық қызметімде басқа елдердің саясаткерлерімен, түрлі сала мамандарымен жиі кездестім. Шетелдіктермен адамзатқа ортақ көптеген түйткілді мәселе туралы пікір алмасып, ой бөлістім. Жалпы, олар Қазақстанның саяси және экономикалық жетістіктері жөнінде жақсы біледі. Ал рухани және мәдени құндылықтарымызбен жете таныс емес. Осы орайда «Неге қазақтың бітім-болмысын, мәдениетін Абай арқылы танытпаймыз?», – деген сұрақ туындайды», – деп өзекті ой тастайды. Расымен де, ұлы Абай әлемдік деңгейдегі тұлға десек те, оның шығармаларының бүкіл дүниежүзілік дәрежеде әлі де кеңінен таныла қоймауы бізді қатты ойландыруы керек.
Семей өңірі – руханият Меккесі, Алаштың жүрегі. Ядролық сынақтан көз ашпай аңырап қалғанда, жаһандық жалмауыздан құтқарған Елбасына Семей халқының мың сан алғысы күнде айтылады. Семей жұртшылығы дағдарыс кезінің өзінде берекесі қашпай, ұйымшылдық көрсете білді. Бұл сонау ұлылар рухымен жалғасып жатқан тектіліктің бір көрінісі болар. Мақалада баса назар аударылған: «Семей өңірі – қазақ тарихындағы киелі өлкенің бірі. Сондықтан елдің рухани дамуында ерекше орны бар Семей қаласын тарихи орталық ретінде белгілеген жөн. Ұлы Абай мен Шәкәрімнің, Мұхтар Әуезовтің кіндік қаны тамған өңір айрықша құрметке лайық. Осыған орай шаһарды әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан кешенді түрде дамытып, ондағы тарихи-мәдени нысандарды жаңа талапқа сай жаңғыртамыз. Үкіметке бұл мәселеге байланысты тиісті шаралар қабылдауды тапсырамын», – деген жолдар қала жұртшылығын қуанышқа кенелтті. Президенттің баса көңіл бөлуі Семей шаһарының мәдени-экономикалық жағынан жандана, көркейе түсуіне сенімімізді нығайтты.
Біз бір нәрсеге аса мән беруіміз керек! Абай – бір ғана ру, өңір не болмаса елдің ақыны емес! Ол – адамзаттың Абайы! Баршаны бауырына басқан ұлы тұлғаның шығармашылығы арқылы біз ұлтты ұйыстырып, берекесі мен достығы жарасқан біртұтас Қазақ елінің ынтымағы мен бірлігін арттыра түсуге еселі еңбектенгеніміз абзал.
Абай мұрасына бүгінгі буын зор сергектікпен, керек десеңіз перзенттік махаббатпен қараса игі. Абай – қасиетіміз, асылымыз. Абай – ұлттық ұранымыз. Абай – жаңа Қазақстанның бренді. Мақала тағылымы осыған үндейді. Аталмыш мақала әрбір қазақстандық қайта-қайта зерделеп оқып, қайырыла оралып ой өрбітетін құжатқа айналса игі.
Арап Еспенбетов,
Шәкәрім университетінің профессоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері
Семей.