Боксшы қызды Астанаға шақырып отыр
![Боксшы қызды Астанаға шақырып отыр Боксшы қызды Астанаға шақырып отыр](http://didar-gazeti.kz/uploads/posts/2016-08/1470108701_dsc_9221-kz.jpg)
Ресейдің Саха Республикасы, Якутия қаласында өткен халықаралық «Азия балалары-2016» турнирінде Жарма ауданының жас таланты Еркежан Дәулетжанқызы күміс жүлдеге ие болды.
Ауданымызда қыздар арасында бокстан тұңғыш жүлдегер атанған Еркежан бұған дейін облыстық, республикалық бәсекелерде топ жарып, Украинада өткен халықаралық жарыста жеңіс тұғырынан көрінген-ді.
Енді міне, «Азия балалары» турнирінде екінші орынға табан тіреп отыр. 52 келі салмақта жұдырықтасқан қызымыз ақтық кезеңге дейін алқынбай келген, тек финалда моңғол боксшысына есесін жіберіп алды.
Жалпы, бұл дүбірлі додаға әлемнің бірнеше елінен үш мыңға жуық спортшы қатысып, спорттың 22 түрінен сынға түсті.
Туған жеріне олжалы оралған жүлдегерін жармалықтар Қалбатауда Болат Тұрлыханов атындағы спорт кешенінде қарсы алды. Жас спортшыны даңқты балуан Дәулет Тұрлыханов та құттықтап, ізгі тілегін білдірді.
Сонымен қатар, аудан әкімінің орынбасары Айдар Ибраев жерлесімізді жеңісімен құттықтап, жарыстарда үнемі биіктен көрінуге тілектестігін жеткізді.
Бүгінде Қаражал ауылында тұратын Еркежанды алғаш боксқа баулып, осындай дәрежеге жеткізген – әкесі Дәулетжан Түсіпжанов.
– Қызымның жеңісін естіп, облыстық спорт мектептерінен, Астана қаласындағы жаттықтырушылардан ұсыныстар түсіп жатыр. Болашақта Олимпиада ойындарына қатысып, жоғары жетістіктерге жету үшін соған лайықты жаттығу жүргізу керек. Ал ол үлкен қаражатты талап етеді. Бізде ондай мүмкіндік жоқ. Сондықтан қызымды ары қарай білікті мамандар қолына тапсыру ойымда бар, – деген Дәулетжан бапкер Еркежанға халықаралық, республикалық деңгейдегі жарыстарға қатысуы үшін қолдау көрсеткен аудан әкімі Нұрлан Сыдықов, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Аманжол Дауытовқа алғысын айтты.
Кәусар Арықханқызы
Жарма ауданы