Бөгендер жөндеуді қажет етеді
Өзен-көлдің ортасында тұрған Күршімнің бес-алты ауылы біраз жылдан бері егістікке су шығара алмай әлек. Былтыр көктемде Күршім өзеніндегі Мойнақ бөгеті жырылып, соның салдарынан шаруалар шығынға ұшыраған. Бұл мәселе биыл да шешілмейтін секілді.
Бөген бұзылып, жұрт сусыз. Ал «Қазсушар» мекемесі шаруалардан төлем алып, су шайған бөгетті жөндеуге құлық танытпай отыр. Зейнеттегі гидротехник Әділхан Тұрсынхановтың айтуынша, бөген шлюздің уақтылы тазаланбағанынан бұзылған. Демек, құзырлы органдар салғырттығынан ел жапа шегуде. Өзен жағасында отырып, бау-бақшасы, егістігі құрғап жатыр.
Қазір де тоғанның кеңірдегінде қоқыс кептеліп тұр. Өзен өз арнасымен ағып жатыр. «Қазсушар» Жауғашты каналын 2016 жылы қарамағына алса, Мойнақ бөгетінде ие жоқ. Жауапты мекеме болмаған соң бір-біріне сілтейді.
Тоғанның тозығы жетті. Жаңартудың уақыты келіп-ақ тұр. Оны осы тоғанда 40 жыл гидротехник болған Әділхан Тұрсынханов та айтады.
– Биылша тасқын өтіп кеткен соң ауыл тұрғындары қоқыстан тазартатын шығар. Ал келешекте өзеннің арнасын бұрып, бөген жасау керек. Ол іске гидротехниктер кіріссе жөн. Қазірдің өзінде жұмысты бастай беруге болады. Сонда бұл мәселе шешіледі, – дейді ол.
Бес ауылдың алқабын сумен қамтитын Жауғашты каналының ұзындығы – 24 шақырым. Арна алқаптардан бөлек, Сарыөлең округіндегі сегіз жасанды көлді толтыратын. Ертеректе ол көлдерде балық өсірілген, бүгінде олар мүлдем тартылған. Тоғаннан су шықпаған соң жерасты суы да түсіп, аулалардағы құдықтар суалуда.
– Жауғашты арнасы Бірлік, Барақ, Сарыөлең секілді бес ауылды сумен қамтиды. Алғабастың шабындығы мен егістігі де осы арнадан суарылатын. Ауданда дайындалатын мал азығының 80 пайызы осы тоғанға тәуелді. Кейінгі жылдары астық егілмей, шабындықтар кеуіп жатыр. Яғни, 12-13 мың гектар жерді игере алмай отырмыз. Тіпті бақша егуден қалдық. Жол бойындағы ағаштар қурап кетті, – дейді шаруашылық жетекшісі Ержан Қойлыбаев.
Мәселе бүгін-ертең шешімін таба ма? Бұл сұрақты «Қазсушар» республикалық кәсіпорны облыстық филиалының директоры Нұржан Әміржановқа қойғанбыз.
– Жауғашты каналын Күршім ауданы әкімдігі қабылдаған соң, бізге тапсырады. Содан соң барып жобалық-сметалық құжатты дайындап, жаңғырту үшін бюджеттен ақша сұраймыз, – деген ол аталған тоғанға қатысты ресми ақпараты ұстатты.
Ресми деректерде жазылғандай, 2021 жылдың мамырында тасқын салдарынан Жауғашты каналында пайда болған кептеліс кезінде Күршім өзеніндегі ағысты бағыттайтын бөгеттің 30 метрге жуық габиондық торы жыртылып кеткен. Кесірінен каналдағы су деңгейі 10 текше метрден 0,5 текше метрге дейін төмендеді. Сөйтіп, каналға тәуелді шаруалардың жері құрғады.
Апаттық жағдай бойынша 2021 жылғы 9 тамызда су ресурстары комитеті төрағасының орынбасары Д.Бекмағамбетов көшпелі кеңес өткізген. Онда ағымдық жөндеу жүргізу шешімі қабылданыпты. Ол үшін филиал мамандары 6281,735 мың теңге сомасына жобалық-сметалық құжат жасапты.
Сондай-ақ Күршім өзенінің тасып жатуына байланысты дамбының қиыршық үйінділері шайылып жатыр. Габиондық тордың шайылып кету қаупі де жоқ емес. Алайда елді мекендерді су басу қаупін тудырмайды. Қазір Күршім өндірістік учаскесі қызметкерлері тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырып отыр. Алда-жалда су арнасынан асса, арнайы техникалар бар. 475 литр дизель отыны, 610 литр бензин, 300 дана қап әзір. Тасқын басылған соң шайылған үйінділер қалпына келтіріледі.
Жуықта Мәжіліс депутаттары Ерлан Сайыров пен Еділ Жаңбыршин өткізген көшпелі кеңесте тасқыннан кейін бөгеттің шайындысын қалпына келтіріп, осы жылдың қазанында Жауғашты каналын Күршім ауданының коммуналдық меншігіне беру туралы шешім қабылданды.
Ержан Кеңесұлы