Үбінің жағасында үзілдіріп ән салды

Астымыздағы көлік бауырын жаза түскен сайын Өскеменнің мұнарлы аспаны артта қалып жатты. Бет алысымыз – Риддер бағыты.

Қаз-қатар тізілген ағаштар дәліз түзеп, шығарып салды. Шамамен бір сағат уақыт өткенде, дәлізден шығып, кең бір тыныстадық. Енді таулы өлке басталды. Қыраттар қол ұстасып, бөктерге жалғасып, қолтыққа құлай келе, кең жазираға ұласты. Жол бойы үлкенді-кішілі ауылдар аз кездеспейді. Бірі кең сайдың ішінде тарыдай шашылып жатса, екіншісі қыратты қуалай қатар қонған. Осындай төрт-бес ауылдың үстінен жүріп өтіп, Зимовьеге жеткенде, сәл кідірдік.
Бұл – бір шағын ауыл. Күре жол тау етегін бөктерлей өтеді де, ауыл төменгі сайда орналасқан. Арғы шетін инешаншыр орын қалдырмай тіп-тік өскен шыршалар қоршап тұр. Одан ары ит тұмсығы батпайды. Байқаусыздан еніп кеткен я адам, я аңның табыла қоюы екіталай. Тұйық мінезді Зимовье де осыны білетіндей. Біле тұра әлденеден қасақана бой тасалап жатқандай тым-тырыс. Әлде өркениеттің ұзын қолдарынан жасырына ма? Көз тимесін дейтіндей көркі бар-ау, рас. Жаһанға сырын ашпаған жақа сұлулық. Қарап тұрып, қарадай қиялға берілесің. Әйтеуір, тым бұйығы еді. Бәлкім, бұл тұрғындардың мінез-құлқынан шығар. Әсем көркіне бір көз тоқтатып, аяқ суытқан соң, ары жүріп кеттік.
Негізі біздің барар жеріміз – Поперечное ауылы. Қала маңында деп естігенбіз. Ауылға таяп қалғанда, бағанадан таңдай қағып келе жатқан сұлулық жолда қалады екен дестік. Сан ғасырдың дастан-жырын, рух-мерейі мен зар-мұңын, шер-толғағын бауырына басып алып, үнсіз жатқан таулар. Тым алып. Алып таудың бір бетін бөктерлей тіп-тік өскен шырша-терек. Бейне бір арқасына мыңдаған жебе келіп қадалса да, сыр бермей жатқан алпамса батыр секілді таулар.
Өркениеттің ушығы тимеген табиғат
Міне, ауыл да көрінді. Тау қамаған сайдағы Поперечное. Аядай ғана өзі. Шексіз сұлу. Сұлуға тән кербездікпен сыр алдырмайды. Дегенмен аңдадық. Өркениеттен алыс. Бәлкім, өркениеттің ұшығы тимегендіктен, бұл жердегі табиғаттың тұмса күйі сақталған болар.
Ел аузындағы аңыз бойынша, мұнда алғаш осыдан 200 жыл бұрын поляктар қоныс тепкен. 1760 жылдары отаршыл биліктің қысымынан ығысып, байырғы Владимир шіркеуінен (Секисовка) ауа көшкен поляктар үрім-бұтағымен Үбінің (Уба) жағасын жайлаған көрінеді. Жаңа жұрттың Поперечное аталып кетуі – кең даланы көлденеңінен көктей өтіп жатқан өзенге байланысты деседі. «Поперек» сөзінің өзі көлденең дегенді білдіреді.
Шілденің шіліңгір ыстығы. Анау басынан қар кетпеген таулар адамды шақырып тұрғандай. «Құлыным, сен де қоңыр, мен де қоңыр» дей ме екен. Жоқ, әлде пенде көңіл шығар одан әрі асқысы келіп тұрған. Асып өтіп, көргіміз келді. Бірақ арғы жағы – Ресей шекарасы.
Ішкі туризмнің ошағына айналуы мүмкін
Біз мұнда неге келдік? Біз «Үбі әуендері» этно-фольклорлық фестивалін тамашалауға келдік. Бұл – жыл сайын дәстүрлі жалғасын тауып келе жатқан мереке. Күн хан сәскеге таяғанда, той басталып кетті. Үбі жағасындағы елдің әні шырқалды. Балалық шақтың біраз жылы осы бір Үбі өзенінің бойында өткендіктен, мұндағы атмосфера маған әлдеқалай жақын еді…
Сан жылдық тарихы бар фольклорлық ұжымның шашбауын көтеріп, алыс-жақыннан келген өнерпаздар ашық аспан астындағы сахнада асыр салды. Ән әнге, би биге ұласты. Құттықтаушылардың қатарында Глубокое, Зырян аудандары мен Верх-Березовка ауылы бар.
– Фольколрлық фестиваль – қашан да үлкен мәдени мұрағы ие. Өткенді жаңарту. Сондықтан дәстүрлі фестивальдің «Рухани жаңғыру» аясында өтуі қуантады. Бұдан бөлек қонақтар Поперечноенің тамаша табиғатына куә бола алады. Барған жерінде айта жүрер. …Жергілікті тұрғындарды құттықтап қоюға болатын шығар, ауылға су құбыры тартылып, орталық жылу жүйесіне қосылды, – деді Риддер қаласы әкімінің орынбасары Данияр Дүйсембаев.
Әкім орынбасары мұндағы ерекше табиғатты ескере отырып, алдағы уақытта ішкі туризмді дамыту жоспарда бар екенін атап өтті. Әйгілі фестивальдің осында өтуі – ауылға ел назарын аударуға тамаша мүмкіндік дейді.
Сахна айналасына көбірек топтасқандар – ұзын сарафанды, биік какошник бас киім киген орыс әжелері.
– Біз бүгін көп ән саламыз. Құрбы-құрдас сағынған ескі әндерді көбірек шырқағымыз келген. Бірақ ұйымдастырушылар олардың тым мұңлы екенін айтты. Әрине, бұрын ата-бабамыздың тұрмысы оңды болмаған ғой. Соған сәйкес әндер де көңілді емес еді. Бірақ біз бүгін барынша ел көңілін көтереміз, – деді «Поперечье» тобының мүшесі Павлина Богдаева әжей.
Концерттік бағдарлама жүріп жатқанда, бір шетте спорттық сайыстар өтті. Қолөнер бұйымдарының көрмесінде де сабылысқан ел. Көрмеге таяу маңдағы ауыл-аудандар да атсалысуда. Верх-Березовка шеберлері тоқыған кебіске сұраныс көп болды. Қурайдан сыбызғы жасаған шебер де ел назарынан тыс қалмады. Сөрелерден Өсемендегі «Белая сова» шығармашылық бірлестігінің туындыларын да көзіміз шалып қалды. Мұндай жәрмеңке Поперечноеге күнде келіп жатқан жоқ. Содан болар, түс ауғанша қызықтаушылардың қарасы сейілмеді.
Сатушылардың арасынан сонау Алматыдан ат арытып келген қуыршақ шеберін де жолықтырдық. Лариса Еропкина аталмыш фестивальға бірінші рет келіп тұрмаған көрінеді. Бұған дейін де Алтай баурайындағы тұмса табиғатқа ғашық болып қайтқан екен. «Үбі әуендері» тағы шырқалады дегенді естіп, құстай ұшсын.
– Қуыршақтарды тапсырыстан гөрі, өзім үшін көбірек жасаймын. Сүйікті ісім, бастысы, осы. Шабытым келіп, қолым ерекше жүретін кездер болады. Былтыр да осы фестивальға келіп, тұрғындардың қызығушылығын аңғарғам. Сол үшін қайта келдім. Оның үстіне, бұл дала ерекше сұлу. Әрине, Алматы – әсем қала. Алайда Алтайдың өзіне ғана тән сыры бар, – дейді алматылық шебер.
Бұл, бір жағынан, фестиваль болса, екінші қырынан, демалыстың ғанибет түрі екен. Осы бір тау қамаған сайға барған адам қайтқысы келмейді. Күн еңкейгенде, қимай-қимай көлікке мініп, аттандық. Алысқа ұзай берсек те, Үбінің әуендері естіліп тұрды. Мен тауларға қарап барамын. Енді бірнеше жылда бұл жердің ішкі туризмнің қайнаған ошағына айналады дегенге бір сенген көңіл бірде сенбей келеді. Пенде көңіл осы сұлулықты ешкімге, жат табанға мүлде қиғысы келмегендей еді.
Оразай Жеңісұлы