Руханият

Әбілпейіз сұлтан және оның дәуірі туралы толымды еңбек

Әбілпейіз сұлтан және оның дәуірі туралы толымды еңбек

Қазақ хандары туралы еңбектерді қолымызға алған сайын ақиық ақын Ғафудың «Басқаның патшасының бәрі жақсы, неліктен біздің хандар жаман болған?» деген өлең жолдары ойға оралады.
… Жуықта «Әбілпейіз» деген жаңа туындымен танысудың реті келді. Еңбек Семейдегі Шәкерім атындағы мемлекеттік университеті тарапынан дайындалыпты. Авторлары – жергілікті тарихшылар Мұхтарбек Кәрімов, Мұхаметбек Асылбеков. Осы еңбектің зерттелуіне, жарыққа шығуына мұрындық болып, алғы сөзін жазған Айбек Кәрімов.
Бұл шығарма Абылайхан, Қабанбай заманында Шығыс қазақтарын басқарған белгілі сұлтан жөнінде зерттеу, сол себептен де атын «Әбілпейіз сұлтан» деп бірден айшықтап қойғаны дұрыс болар еді деп еңбекті парақтай бастадық. Жалпы, қазақ хандары туралы еңбектер сирек болғандықтан жекелеген сұлтан туралы қандай дәрежеде жұмыс жасалды екен деген көкейде беймаза ой болды. Алайда, кітапты бастан- аяқ оқып шыққаннан кейін түрлі сауалдарға, қазақ хандығы дәуірі туралы белгісіз жайттар мен қазақ-жоңғар, қазақ-орыс, қазақ-қытай, қазақ-қырғыз қатынастарының беймәлім тұстарына, Әбілмәмбет, Абылай, Қабанбай бастаған ел жақсыларының қазақ елінің бір бұтағын үш ғасырдан кейін байырғы атажұрты Тарбағатай, Алтайға қайта қоныстандыру тарихы, жоңғарлармен болған соғыстың шытырман оқиғасы, қазақ хандары арасында болған бір-біріне сыйластық әдебі, еліміздің саяси билігінде болған төрелер мен төлеңгіттер институты туралы тың мәліметтерге қанықтық.
Бұл зерттеуде Әбілпейіз сұлтанның (1732-1783) қайраткерлік өмірі арқау болғанымен, сол замандағы Әбілмәмбет хан, Абылай, Әбілқайыр, Барақ сұлтан, Қабанбай, Боранбай би, Ер Жәнібек, Сырымбет би, Төле би, Ералы, Нұралы сұлтандар секілді сол кезеңдегі бірсыпыра тұлғалардың өмірдеректері мен қайраткерлік қызметтері де қамтылған. Әбілпейіз сұлтанның туған кезінен бастап оның ұрпақтарының шежіресі, ел билеу түзімі, айталық Қытайдағы қазақтарға балаларының төре болуы, одан кейіннен ел басына зобалаң туып орыс бодандығына өткен 1820 жылғы зауалды дүрбелең, 1868 жылғы «Жаңа низам» заңының кесапаты, сол кезеңдерде орыс отаршылдығына қарсы шыққан, 2000 мың қол жабдықтап Шығыс қазақтарының наразы тобын артынан ерткен, ақыры Сібірге айдалған Әбілпейіз сұлтанның тағы бір баласы Сыбанқұл Ханқожиннің күрделі тағдыры, тіпті, сұлтанның бүгінгі ұрпақтарының хал-жағдайына дейінгі ұзақ уақыттағы елеулі оқиғалар жүйелі де хронологиялық тәртіппен мұқият сұрыпталып баяндалады.
Зерттеуде бұрын белгісіз болып келген архив деректері, тың пайымдаулар сарапқа салынады. Бұрыннан белгілі делініп жүрген кейбір тарихи оқиғаларға басқаша баға беріліп, шынайы да байсалды тұжырымдар жасалған. Мұнда қытай, ресей, жоңғария деректері, архив материалдары жүйелі ұсынылып, осы қасаң мәліметтер ел аузындағы шежіре, тарихи жырлармен, фольклорлық қазыналармен қамтамасыз етіліп, қатар өрілуі еңбектің танымдық құндылығын, кеңістік аймағын арттыра түскен.
Кітаптың «Қазақ даласындағы төрелер инситуты» деген тармағы ауқымды, маңызы зор. Құнанбай қажының Меккедегі хазіреттерге «Тіріміздің билігі Арқар ұранды төреде, өліміздің билігі Алла ұранды қожада, Қазақ деген елміз» деген сөзі ұлтымыздың кім екенін, бет-бейнесін, ең бастысы мемлекеттік түзімін айқындап тұрған жоқ па?! Құнанбай айтқан осы анықтамалыққа ғылыми жауап берілмегені былай тұрсын, төрелерді қуғын-сүргінге ұшыратып, ұрпағын абақтыда атып, төре деп айтуға тыйым салған күндеріміз де болған. Қазақ хандығының тағаны арысы Шыңғысұлы Жошыханға, берісі Керей мен Жәнібек хандарға тірелетіні белгілі. Алайда, осынау төре институтының ел билеудегі орны, олардың отаны алдындағы жауапкершілігі, басын бәйгеге тіккен жанқияр күрестері туралы мәліметтер қазақ мемлекеттік дәстүрінің ерекшелігінен хабар береді. Айталық, осы қаршадай бала Әбілпейіз сұлтанды жоңғар мен қазақ қидаласып жатқан тұста Боранбай би бастаған депутация Әбілмәмбет ханнан сұрап алуы ел билеушілердің көрегендігін айғақтайды. Ол туралы еңбекте былай дейді:
«Төресіз ел, төбесіз бел болмайды» деген қағиданы басшылыққа алған Боранбай би, Сырымбет би, Толыбай би, Қыстау және Ботақара батырлар сонау Түркістандағы Әбілмәмбет ханның бір баласын найман еліне төрелікке сұрап барады. Хан оларды жақсы қарсы алып, елдің хал-жағдайын сұрап, үлкен қонақжайлық көрсетеді. Олар бірнеше күн Түркістанда Әбілмәмбет ханның қонағы болады. Бұйымтайларын елге қайтарларында, хан өзі сұрағанда ғана айтыпты.
– Япыр-ай, баламның бәрін басқа елдер қалап, таратып әкетіп еді, – депті хан. Сол жерде Боранбай би:
– Алланың маған берген аяны рас болса, біздің төре ханымның құрсағында болуы керек, тақсыр, – депті.
Хан ханымды шақыртып алып сұрағанда, ол құрсағында үш айлық бала барын жасырмапты. Содан ұл боп туса беруге ханның уәдесін алып қайтады. Айтқанындай, ұл бала дүниеге келеді. …Би Боранбайлар Әбілпейізді Түркістаннан алып қайтқанда, ол 12-13 жасар бала көрінеді».
Осылайша, тағдыры ана құрсағында ел басқаруға жазылған бала сұлтан Әбілпейіз Шығыс жеріне аяқ басады. Осы уақытта Абылайдың Қалдан Серен ордасына қолға түсуіне байланысты «Ақ үйлі аманатқа» енді Әбілпейіз сұлтан ұйғарылып, Абылайды босатып алу үшін қазақ дипломатия өкілдерімен бірге аса жауапты сапарға аттанады. Ол туралы еңбекте:«Әбілпейіздің қаракерейден тарайтын байыс ұрпақтарының ішіне келуі 1743-1744 жылдар деп шамалауға болады. Осы келерінің алдында Жоңғар мемлекетінің билеушісі Қалдан Серен қонтайшы қазақтың ел билеушілерінен, оның ішінде ұлы хан Әбілмәмбеттен аманат беруін сұраған. Жалпы, Орталық Азия елдерінде қауіпсіздік кепілі ретінде ел билеушілердің бірінің баласын, немесе етжақын туысын бір-бірінен аманат түрінде алу ертеден бар дәстүр. «Ақ үйлі аманат» мәселесі Абылай хан тұтқынға түскен осы кезде көтеріліп, Әбілпейіз ханзада алғаш рет тарих сахнасына бала кезінен-ақ шығыпты». Осы көріністерден-ақ төрелер институты, олардың қазақ мемлекеті саяси құрылымында атқарған қызметі, ел билеу салтында қандай міндет пен нендей жауапкершілік жүктегенінен оқырман қауым тыңғылықты хабардар бола алады деп ойлаймыз.
Советтік кезеңде жарық көрген еңбектерде Әбілмәмбет Түркістанда қартайса да билікке жармасып отырған қария кейпінде көрінетін, сонымен бірге жау өтінде атойлап жүрген Абылайдың көптеген құжаттарға басқан мөрінде «Абылай сұлтан» деген сөз бар екенін көргенде, «Абылай хан болмаған ба, бұл қалай?» деген сұрақ та туындайтын. Ал қызыл коммунизм идеологтары Қазақ елінде хандық билік бытыраңқы болды, хандар бір-бірін мүйіздеп жүрді дегендей мемлекеттік дәстүрімізді қасақана жұтаң көрсетіп дәріптейтін. Зерттеуде бұрындары белгісіз болып келген осындай күрделі «ақтаңдақ» мәселелерге сәуле түсірілгендіктен, көшпелі хандық қоғамның еуропалық ұғым стандартына сай келе бермейтін өзіне тән ерекше құрылымы мен саяси жүйесі, рухани-моральдық әдебі мен әдеті, далалық ар-намыс ұжданы берік болғандығын көре аламыз. Мысалы, еңбектің 49-бетінде мынадай мәліметтер жазылған: «Қазақтың ұлы ханы Әбілмәмбет Абылайды тұтқыннан босату және бейбітшілікті сақтау үшін өзінің баласы Әбілпейізді Қалдан Серенге кепілдікке берген. Біз осыдан-ақ Әбілмәмбет хан мен Абылай сұлтан арасындағы өзара сыйластық пен үлкен адамгершілікті, мемлекет мүддесін ойлаған қайраткерлікті байқаймыз. Осы сыйластық қарым-қатынасты олар өмір бойы сақтап өтті.
Патша үкіметі осы екі тұлғаны арандату мақсатында Абылайды орта жүздің ханы болып сайлануға қаншама итермелесе де оның бұған келісім бермеуі, Абылайдың Әбілмәмбетке деген ризашылығын және ел бірлігін ойлаған кемеңгерлігін көрсетеді. Әбілмәмбет пен Абылай арасындағы осы сыйластықтың кейіннен Абылай мен Әбілпейіз арасында да жалғасқанын көреміз… Омбы губернаторы Рейнсдорп Абылайдың шарықтап бара жатқан беделін түсіру үшін де осы әдісті қолданып көрмекші болған. Әбілпейізге ұлы хан Әбілмәмбет өлгеннен кейін «сен әкеңнің нағыз мұрагерісің, әрі беделің де ешкімнен кем емес, бізден қолдау болады ғой» дегенді барған адамдары арқылы ақырындап сездіртіп, оның пиғылын білуге тырысқан… Абылаймен таласатын ешқандай ойы жоқ екендігін білгеннен кейін Әбілпейізге қайтып ондайды айтпаған».
Қазақ елінің билеушілері ежелгі атажұрт Тарбағатай, Алтай тауларына қарай жауды өкшелей қуып, қоныс пен өрісті кеңітіп, елді қайтадан байырғы мекеніне орналастырғаны стратегиялық үлкен маңызды қызмет еді. Аңыз шежірелерде, тарихи эпостарда болмаса осы жайт ауқымды ғылыми дәлелді дәйектермен түйінделе қоймағаны тағы бар. Бұл еңбекте Шығысқа қарай жауды жапырып тасқын судай лықсып қоныстанған қазақ елінің көші-қон бағыты, оны бастаушы тұлғалар, көштің қай өңірге, қай жылдары барғаны туралы нақтылы мәліметтер келтірілгені құнды болған. Өз отанын жаудан азат етіп тазалай отырып, шығысқа қарай елдің түбегейлі қоныстану себебін кейбір тарихи еңбектерде шалағай түсіндіріп, әсіресе Қытай, Моңғолия қазақтарына қатысты бірен-саран еңбектерде малға өріс іздеген қазақ қауымының бытыраңқы қозғалысы секілді, кейбір ағайындардың араздығынан туған іс секілді, аңыз-әңгімеге сүйеніп жазып келгені де рас. Бұл зерттеуде осы түйткілді мәселеге тың деректер арқылы нақтылы талдау жасалған. Шығыстағы атажұртты жаудан тазартып, елдің шұғыл қоныстануына Түркістандағы Әбілмәмбет ханның бұйрығымен, Абылайдың пәрменімен араласқан тұлғалар Әбілпейіз, Барақ сұлтан, Қабанбай, Бөгенбай, Жәнібек, Райымбек, Ботақара, Қыстау батырлар, би Боранбай, Сырымбет би, байсиық Толыбай би секілді ел жақсылары болғандығы сарапталған.
Тарихи құбылысқа кеңінен қарасақ, жоңғардан босатылған жерлерге жеңімпаз қазақ рулары бей-берекет көшіп, өз беттерімен қоныстана салған жоқ. Бұл сол кездегі Әбілмәмбет пен Абылай хандардың қазақ элитасы саналатын рубасы батырлар мен билердің келісімімен мемлекеттік деңгейде шешілген аса күрделі үрдіс болғаны да шындық. Бұл туралы авторлар еңбектің 66-бетінде былай деп Омбы мұрағат құжаттарынан мәлімет келтіріледі:
«1757 жылы Абылай 10 мың сарбазбен Қашқария жерінде қалған торғауыттарды қырды (басқарған батырлар: Арғын – Атығай – Күлеке батыр – 2000 сарбазбен; Керей Мерген батыр – 2000 сарбазбен, Көкжал Барақ батыр (Найман) – 2000 сарбазбен), қалған қалмақтардың бірде-бірін қалдырмай тұтқындап, қазақ жеріне құлдыққа таратты. 1760-1764 жылдар аралығында Қабанбай батырды Абылай сұлтан Зенгор жеріне бас қолбасшы етіп тағайындады. Қабанбай батыр Қаракерей Наймандарды, төлеңгіт Райымбек батыр Уақ, Керейлерді Зенгор жеріне көшірді. Бұл тек қана Абылай сұлтанның талабымен іске асты».
Бұл деректерде 2000 қолды басқарған Керей Мерген батыр кім? Біздің ойымызша, бұл манж-цинь мен орыс деректерінде Қосайберген, Ходжамерген деп түрлі дыбыстаулармен аталған әйгілі шұбарайғыр Қожаберген батыр болса керек. Сонымен бірге, авторлар төлеңгіт Райымбек батырды албан Райымбек батыр болуы ықтимал деуі көкейге қонады. Тарихи деректерде Райымбек батыр туралы мәліметтер сараң кездесетіндіктен, авторлардың бұл ізденісі бағалы болған. Бұл пікірге авторлар мына мәліметті тиянақ етеді:
«1760 жылы 20 мамырда князь поручик Иван Ораков генерал-майор және Сібірдің шекаралық әскери бас командирі Иван Иовемарнға жазған хатында былай дейді: «19 ақпан күні Абылай сұлтанның төлеңгіт қырғызы Райымбек былай деді: «Өткен күзде Абылай сұлтан өз атынан мені Орданың Қаракерей Найман руына жіберді. Олар Звенигорск қамалының жанында Қаратал атты жайлаудағы көштермен бірге жүр… Кейін қайтар кезде сол рудың бас старшыны Қабанбай Абылай сұлтанның атынан Райымбекке бұйрық береді. Ол Райымбекке өзінің ұлыстарын түгелімен алдағы жазда Зенгор хандығының жеріне көшіруін, ондағы Зенгор ханы Қалдан Серен урғасының тұрған жеріне барып тұруын бұйырды».Тарихшы авторлар осы мәселеге байланысты ойын былай сабақтай түседі: «Абылай хан заманында және одан бұрынғы кезде «төлеңгіт» деп хан ордасындағы мемлекеттік қызметкерлерді атаған. Ол кезде төлеңгіт болу кәдімгідей мәртебе болған. Осы Райымбектің албанның атақты батыры екендігін «Райымбекке өзінің ұлыстарын түгелімен алдағы жазда Зенгор хандығының жеріне көшіруін…» айтады. Оның үстіне Қабанбай батыр оған Қалдан Сереннің урғасының орнына, яғни Іле бойына, Жетісуға көшуді бұйырады. Ал бұл жерлерді сол кездерден бастап албандар мекендейді. Бұдан шығатыны албан Райымбектің халқы үшін Абылайдың жанында мемлекеттік қызметте жүрген кезіндегі болған оқиға орыс құжаттарында сол қалпында түскен деуге болады».
Авторлар жоңғарлардан атамекенді босатып, елді қоныстандыру, халықтың күйреген шаруашылығын оңалдыру, дипломатиялық сапарлар ұйымдастыру, сауда-саттық байланыстар құру кездерінде қазақ елінің билеушілері мен батырлары, билері мен сардарлары ауызбіршілікте болып, бір-бірін қас-қабағынан танып сыйласа білгенін нақтылы деректермен дәлелдейді. Зерттеуде түрлі дереккөздерін келтіре отырып осы байлам былайша тұжырымдалады: «Қиыр шеттегі кіші жүздің қолын бастап Ералының Шуға келуі, Жетісуға ел қондырып жүрген ұлы жүз Райымбектің, Орта жүз Әбілпейіз-Қабанбайдың бір бағытта, бір мақсатта Әбілмәмбет-Абылайдың басшылығымен жұмылуы – ел тұтастығының айқын көрінісі».
Әбілпейіз сұлтан соғыс аяқталған соң қытай мен ресей арасына дипломатиялық делегация жолдап, сауда-саттық жолдарын қалпына келтіріп, елдің қажеттілігі мен талап-тілегін орындаған халқына қамқор әмірші екендігі де еңбекте тартымды жазылады. Мәселен, Әбілпейіз император Петр Федоровичтің атына 1762 жылы 21 қаңтарда Семипалат бекінісінен сауда орталығын ашу туралы сұрап хат жазыпты.
Әбілпейіз Ресей патшасына өзінің Семипалат бекінісіндегі сауданы тікелей қадағалайтынын, егер сауда орталығы ашылып, оған Ресей саудагерлері келген жағдайда, әкесі Әбілмәмбет ханмен келісіп, оңтүстіктен керуен келтіруге уәде етіпті. Осы хатты кіші жүздің билеушісі болып отырған қайын атасы Нұралымен ақылдаса отырып жазғанын да көрсетіпті. Демек, Әбілпейіздің бұл маңызды қадамы Семей шаһары тарихына ғана емес, Шығыстағы елдің тұрмыс-тіршілігінің, әл-ауқатының көтерілуіне үлкен үлес қосқан елеулі іс болды деуге бүгіндері әбден негіз бар.
Кітаптың соңында Әбілпейіз сұлтан өмірінің хронологиясы және Әбілпейіз әулетінің генеологиялық шежіресі беріліпті. Әбілпейіз сұлтанның Көгедай, Сәмен, Жабағы деген балалары Қытайдағы қазақтардың саяси-қоғамдық жүйесіне игілікті із қалдырған қайраткерлік қырлары да мейлінше әділ бағаланады.
Түйіндей айтқанда бұл зерттеуде батыс, шығыс деректері, архив материалдары, қазақтың ауыз шежіресі, фольклорлық нұсқаларымен шебер үйлестіріп талданып, Әбілпейіз сұлтанның қазақ халқының алдында атқарған қайраткерлік істері тиянақты зерделенген. Еңбек Әбілпейіз сұлтанның тұлғасын сомдауға арналғанымен оның дәуірі, сол замандағы қазақ елін билеген Әбілмәмбет, Абылай, Әбілқайыр, Барақ сұлтан, Қабанбай, Бөгенбай, Райымбек, Ботақара, Төле би, би Боранбай, Сырымбет би, тіпті, жоңғар қолбасшылары Қалдан Серен, оқымысты Зая Пандита секілді ірі тұлғалардың қызметі мейлінше шынайылықпен талданып, тарих қойнауынан бүгінгі ұрпаққа тағылымды сабақ боларлық түйіндер жасалған.
Сөз соңында жанашыр оқырман ретінде азғана данамен шыққан бұл кітаптың болашақта көп тиражбен қайта жарық көруіне тілеулестік білдіре отырып, төмендегідей ойларымызды айта кетуді де парыз санадық.
Біріншіден, кітаптың аты «Әбілпейіз» екен, оны «Әбілпейіз сұлтан және оның дәуірі» десе сол заманның келбеті, тыныс-тіршілігі зерттеуде анық көрінер деп ойлаймын.
Екіншіден, тарауларының аты өзгерсе, мәселен 1-інші тарау «Қазақ даласындағы төрелер институты», бұл «Қазақ даласындағы төрелер институты және төлеңгіт әулеті», 2-ші тарау «Әбілпейіз сұлтан – ХVІІІ ғасырдағы қазақ қоғамының көрнекті қайраткері», бұл «Әбілпейіз сұлтан және ХVІІІ ғасырдағы қазақ қоғамының ахуалы», 3-інші тарау «Әбілпейіз сұлтанның ұрпақтары хақында», бұл «Әбілпейіз сұлтан ұрпақтарының елге қызметі» дегендей өзгерсе, зерттеудің мағынасы ашыла түсер еді.
Үшіншіден, кітап туралы аннотацияда Әбілпейіз сұлтан (1732-1783) деп туған, қайтыс болған жылы бірден көрсетілсе, өйткені сұлтанның өмірбаян дерегі осы еңбекте алғаш тиянақты анықталып отырғандықтан, ел назарына бұл жаңалық тікелей ұсынылса жөн болады.
Төртіншіден, кітаптың 30-бетінде «…Тарбағатайдан мүлде айырылып, ежелден құт қоныс болып келген мекендерін 350 жылдан астам уақытқа жат жұрттың қолына тастап кетуге мәжбүр болды» деп жазылған. Осы сөйлемде статистикалық анықтама секілді 350 жыл деген сөз цифрмен берілмесе, сөйлем жұмсартылып, «үш ғасырдан астам уақыт» деп берілсе де болар. Еліміздің шекаралық шебі Алтай, Тарбағатай алтын қамалымыз болғандықтан, арғы бетте осы тауларды пана тұтып қаншама халқымыз отырғандықтан да, мұндай шындықтардың өзін бергенде ұлттық қауіпсіздік мүддесі үшін деректердің тігісі жатқызылып, әдептілікпен ұсынылса.
Бесіншіден, 82-бетте Қытайға Әбілпейіз сұлтан жіберген Жошы, Санияз төре баратын делегация құрамына «алтай-арғын Ақтайлақ би кірген» деп жазылыпты. Бұл сыбан Ақтайлақ би емес пе, осы мәлімет қайтадан пысықталса.
Алтыншыдан, Р.Сүлейменов атындағы Шығыстану институты тарапынан «Мәдени мұра» бағдарламасы бойынша жарық көрген Меруерт Әбусейітова, Бақыт Еженхан, Нәпіл Базылхан секілді ғалымдардың деректанулық тың құжаттарымен зерттеу толықтырылса, кітаптың ғылыми сапасы арта түсер еді. Мәселен, Бақыт Еженхан тапқан Қабанбайдың мөрінің үлгісі туралы деректер маңызды емес пе!
Жетіншіден, Ресей Император Академиясының мүшесі, дәрігер, дәрілік өсімдіктерді зерттеуші-ғалым И.Сиверстің 1793 жылы Тарбағатай Боғаста Қожамбет ауылында Сырымбет бидің үйінде 10 күн болғанда жазған күнделігі аса құнды дерек. Осы мағлұматтармен зерттеу толықтырыла түссе, нұр үстіне нұр болар еді.

Несіпбек Айтұлы,
ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты

Осы айдарда

Back to top button