COVID-19 

Блок-бекеттерде қолайлы жағдай  жасалған

Бүгінгі таңда облыс орталығында орналасқан блок-бекеттерден медицина қызметкерлері алынып тасталды. Бұл жергілікті органдармен бірлесіп шығарылған шешім. Бұл жайында  облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Думан Берікұлы  брифингте мәлім етті. Сонымен қатар өңірдегі эпидемиологиялық ахуалға тоқталып, журналистердің сұрақтарына жауап берді.  

Думан Берікұлының берген мәліметтеріне сүйенсек, пандемия басталғалы облыста ковид диагнозымен  15263 адам тіркелген. Осы уақытқа дейін олардың  12579-ы дертінен айығып, үйге шықты. Өңірде бүгінгі таңда ковид жұқтырған пациенттер үшін 3374  төсек-орын дайындалған. Қазір облыста 637 науқас инфекциялық стационарда ем қабылдап жатыр.

–Індетті оқшаулау мақсатында құрамында медициналық-эпидемиологиялық мамандар бар 166 мониторингтік топ құрылды, олар ошақтарды оқшаулау орталығына жұмылдырылған. Бұдан басқа үйде ауырып жатқан науқастарды бақылау, оларға дәрігерлік көмек көрсету және дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету үшін 404 мобильді топ жұмыс істейді. Сонымен қатар олар ковидке күдіктілерге ПТР тест жүргізеді, – деді басқарма басшысының орынбасары.

Спикер өз сөзінде облыста дәрі-дәрмек қорының жеткілікті екеніне тоқталды. Сөзіне қарағанда, стационарларда медикаменттер қоры, барлық төсектер қамтылған күннің өзінде бір айға толық жететіндей қордаланған.  Мысалы, 114 600 ыстық түсіретін, 65 мың 200 вирусқа қарсы, 352 мың 200 антибиотик препараттары бар. Ал медицина қызметкерлерінің қорғаныс киімдерінің екі айлық қоры дайындалған. Науқастарды сапалы емдеу мақсатында үш мыңнан астам иммундық плазманың қоры әзірленді. Қазір 181 пациентке иммунды плазма құйылыпты. Стационарларда 146 өкпені жасанды желдететін аспап, 67 рентген аппараты бар.  Қазіргі таңда облысқа 76 жаңа жедел жәрдем көлігі жеткізілген. Оның елуі облыс орталығында, қалғандары Семей қаласында қызмет көрсетуде.

Думан Берікұлы бұдан соң журналистердің сұрақтарына жауап берді. Бұған дейін блок-бекеттерде ешқандай жағдай жасалмағаны туралы сын айтылған болатын.  Думан Берікұлы қазір мейлінше қолайлы жағдайлар жасалып жатқанын тілге тиек етті.

–Блок-бекеттердегі қызметкерлерге жылы комуфляждар берілді. Олардың тамақтануына жағдай жасалып, жылу пештері орнатылды. Енді облыс орталығындағы блок-бекеттерде медицина қызметкерлері болмайды. Жергілікті органдардың бірлескен шешімімен олар бекеттерден алынып тасталды, – деп атап өтті Думан Берікұлы.

Бұдан кейін спикер денсаулық сақтау басқармасының бұйрығымен бас дәрігерлер қол астындағы қызметкерлерінің  ковид жұқтырып алмауына жауапты екендерін ескертті.  Егер індетті жұқтырса, санитарлық-эпидемиологиялық бақылау органдарының мамандары ошақты анықтап, оқшаулайды. Егер қызметкер ковидті қызметтен тыс жерде жұқтырса, бұл үшін бас дәрігер жауап бермейді. Бұрынғы жедел жәрдем ауруханасының ғимаратында жүргізіліп жатқан жөндеу жұмыстары аяқталуға жақын, осы жерде ашылатын пульмонологиялық орталық бірінші желтоқсанда пайдалануға беріледі деп күтілуде.

Думан Берікұлы коронавирустың ауыр түрімен ауырып тұрған науқастар үшін оңалту орталығында әзірше он төсек ашылғанын, сол жерде денсаулықтарын оңалтуға болатындарын ескертті. Сонымен қатар астма және ХОБЛ диагнозы бар науқастарға Бурабай сауықтыру орнына екі аптаға тегін жолдама беріледі. (Ол үшін пациенттер облыстың штаттан тыс бас пульмонологы Загрипа Абдиеваның қабылдауына баруы керек. Автор)

Айна Ескенқызы

Осы айдарда

Back to top button