ҚоғамТОП

Блогердің бейнежазбасында жалған мәлімет берілген

Жуырда облыстық фтизиопульмонология орталығының Тарбағатай ауданы, Ақжар ауылындағы стационарына қатысты әлеуметтік желіде бейнежазба таралды. Онда науқастар медицина бөлімшесінде ешқандай санитарлық жағдай жасалмағанын, тамақтың нәрсіздігін, кейбіреуі дұрыс ем-дом алмай отырғанын айтып, шағымданған-ды.  Артынша облыстық фтизиопульмонология орталығының басшылығы БАҚ өкілдеріне мәселенің мәнісін түсіндірді.

«Бақсам, бақа екен» демекші, белгісіз бір блогердің түсірген «киносы» шындықтан мүлдем алыс болып шықты.

Айта кетейік, облыстық фтизиопульмонология орталығының Ақжар ауылындағы стационары – туберкулездің дәріге төзімді түрімен ауыратын науқастарды және емделуден бас тартқандарды мәжбүрлеп емдеуге арналған мекеме. Туберкулез қоғамға қауіпті әлеуметтік аурулардың бірі болғандықтан дерттен емделмей қашып жүрген, бір айда кемінде жеті рет ем-дом қабылдамаған адамдар соттың шешімімен осы стационарға жатқызылады.

– Біз мемлекеттік мекемеміз, барлық нормативтік-құқықтық талаптарды сақтаймыз. Біздің қызметті үнемі тексеретін бақылаушы органдар бар. Шағымданған пациенттерге келсек, олар тағайындалған ем-домды толық көлемде алып жатыр.  Олардың жағдайы, тамақтануы мен емдік шаралары денсаулық сақтау министрінің №128 қаулысына сәйкес жүргізіледі, – деген облыстық фтизиопульмонология орталығы басшысының орынбасары Болатбек Елшібеков шағымданған әр емделушінің ауру тарихымен таныстырып шықты.

Маманның айтуынша, олардың бәрі туберкулездің дәріге төзімді түрімен ауырады. Бұған қоса созылмалы аурулары да бар. Бір пациент бірнеше рет тұрғылықты жерін ауыстырған, тіпті басқа облыстарда да тұрып келген. Диагнозын біле тұра Өскемендегі балалар киімін сататын дүкендердің бірінде жұмыс істеген.

– Бір пациент тістерін протездеу мүмкіндігі жоқтығына шағымданған екен. Ол науқас тістерін стационарға жатқанға дейін жеке стоматологиялық клиникада емдеткен. Ол клиникамен хабарласқанымызда пациент негізгі ауруынан  толық жазылмайынша емге қабылдамайтынын айтты. Тегін кепілдендірілген медициналық көмек көлемінде тісті протездеу қызметі 18-ге толмаған балалар мен жүкті әйелдерге ғана көрсетіледі, ол кісі бұл санатқа кірмейді. Дегенмен біз оған көмектесудің жолдарын қарастырып жатырмыз, – деді  Болатбек Елшібеков.

Денсаулық сақтау министрінің «Туберкулездің алдын алу жөніндегі іс-шараларды жүргізу қағидаларын бекіту туралы» бұйрығының 187-тармағына сәйкес туберкулездің дәріге төзімді түріне байланысты ем алатын пациенттерді тәулігіне бес рет тамақтандыру және оның калориясы кемінде 6 мың ккал болуы қарастырылған.

Сондай-ақ Болатбек Елшібеков науқастардың тамаққа, киім-кешекке қатысты айтқандары да шындыққа жанаспайтынын жеткізді.

– Ақжар ауылының мәжбүрлеп емдеу бөлімшесінде жатқан науқастарға  аурудың түріне қарамастан, күніне кемінде  6 мың ккалориялы тамақ бес уақыт беріледі. Күнделікті мәзірдегі тағамдардың калориясы зерттеу хаттамаларымен расталады. Бұдан басқа емделушілер санитарлық-гигиеналық құралдармен, іш киім, басқа да қажетті заттармен толық қамтылған. Стационарды құзырлы орындар тексеріп тұрады, – деп қосты Болатбек Елшібеков.

«Қуат» қоғамдық бірлестігінің үйлестірушісі Елена  Паплевканың айтуынша, туберкулезбен көбінесе әлеуметтік қорғауға мұқтаж адамдар ауырады. Олардың дені емделуден бас тартқандар және туберкулездің дәріге төзімді түрімен ауыратындар. Соған қарамастан олар жылдар бойы жасырынып, ем алудан қашады, белсенді өмір сүріп, Кох таяқшасының таралуына себепші болады. Осындай науқастарды іздестіріп, есепке қою үшін орталық «Қуат» үкіметтік емес ұйымымен бірлесіп жұмыс істейді. Ұйымның мамандары қашып жүрген науқастарды ем-дом алу үшін емханаларға жетелеп әкеледі екен.

– Біздің мамандар олардың жеке құжаттарын қалпына келтіруге, кейбіреуіне мүгедектікті рәсімдеуге көмектеседі. Олардың емді үзбеуін үнемі қадағалап, қолдан келген көмекті аямаймыз, – дейді  Елена  Паплевка.

Облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Сәуле Сіләмғазина өз кезегінде Ақжар ауылындағы туберкулезге қарсы диспансер санитарлық нормаларға толық сәйкес келетінін айтты.

– Стационар жоғары эпидемиологиялық маңызы бар нысан және санитарлық-эпидемиологиялық бақылау объектісі болып есептеледі. Ол жоспарлы және жоспардан тыс тексерулерден өтеді. Былтыр тексеру кезінде анықталған бұзушылықтарды жою жөнінде нұсқама берілген. Бүгінгі таңда басшылық барлық нұсқамаларды толық орындады, – деп түсіндірді Сәуле Сіләмғазина.

«Aqniet» денсаулық сақтау қызметкерлерінің қазақстандық салалық кәсіподағы облыстық филиалының төрағасы Михаил Айзенберг жалған ақпарат таратқаны үшін блогерді жауапқа тартуға болатынын ескертті.

   – Кәсіподақтың адвокаттық қызметі бар, біз блогерге қатысты шағым түсіреміз. Егер ол кінәсін мойындап, кешірім сұрамаса, сотқа арызданамыз. «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодексте  медицина қызметкелерін қорғайтын жаңа 80-1-бап бар. Осы заң талаптарына сәйкес әрекет етеміз, – деді Михаил Айзенберг.

Осы айдарда

Back to top button