Қоғам

Бөлінген қаржы толық игерілуі тиіс

Бөлінген қаржы толық игерілуі тиіс

Кеше облыс әкімі Даниал АХМЕТОВ Өскемен қаласында салынып жатқан «Азия Авто» зауытында болып, қаладағы бірқатар әлеуметтік нысанның құрылыс жұмыстарымен танысты.
Алдымен аймақ басшысы ат басын «Азия Авто» зауытына тіреді. Естеріңізге салайық, бүгінде облыс орталығында жылына 120 мың көлік шығаратын толық циклді автозауыт салынуда. Аталмыш жоба 2020 жылға дейінгі үдемелі индустриялық-инновациялық дамудың мемлекеттік бағдарламасына енгізіліп, ел Үкіметі жанындағы қайта жаңғырту жөніндегі комиссиямен мақұлданған.
Қазіргі таңда «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасының екінші бағыты бойынша мемлекет тарапынан отандық автоөндіріс саласына көрсетілетін қолдау аясында болашақ автозауыттың инженерлік инфрақұрылымын салуға қатысты жобалар жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, кәсіпрорынға электр желісін тарту жұмыстарымен «Қазэлектромонтаж-С» АҚ айналысса, инженерлік желі жүргізу міндетін «Алматы Құрылыс» компаниясы өз мойнына алған. Сондай-ақ, зауытқа баратын темір жол салу жұмысына тағы бір алматылық компания «ЭнергоРемСервис-Алматы» серіктестігі жауапты.

Бөлінген қаржы толық игерілуі тиіс

Бүгінде аталмыш мердігер компаниялар өздеріне сеніп тапсырылған міндеттерді ойдағыдай орындауда деп айтуға толық негіз бар. Зауытта құрылыс-монтаждау жұмыстары қызу жүргізілуде. Мамандардың айтуынша, бұл іс екінші жартыжылдықта, яғни 2017 жылға дейін толығымен аяқталмақ. Облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Мәди Отарбаев осылай дейді.
– Зауыттың инженерлік инфрақұрылымын салу шаруасы үстіміздегі жылдың 1 қарашасынан қалмай тәмамдалады. Мәселен, жылдың бірінші тоқсанының қорытындысы бойынша электр желісін тарту мақсатына бөлінген 35 миллион теңге игерілген. Ал екінші тоқсанға келетін болсақ, сәуір айында 32 миллион, мамырда 320 миллион, ал маусымда тағы 246 миллион теңге игеріледі деп жоспарлануда, – деді облыстық басқарма басшысы.
Құрылыс-монтаждау жұмыстарының барысымен танысқан облыс әкімі Даниал АХМЕТОВ мердігер компания басшыларын міндеттеріне барынша жауапты қарауға шақырып, сеніп тапсырылған шаруа уақтылы аяқталуы керектігін тағы бір мәрте қатаң ескертті.
Естеріңізге салайық, Өскеменде салынып жатқан «Азия Авто» толық циклді зауытының инфрақұрылымын тарту мақсатына жалпы сомасы 4,12 миллиард теңге бөлінген-ді. Жалпы, бұған дейін елімізде толық циклді автомобиль өндірісі болмағанын айтқан жөн. Құрылғанына 10 жыл толған «Азия Авто» зауыты бүгінге дейін көліктердің 20 мыңға жуығын шығарса, жаңадан құрылған «Азия Авто Қазақстан» компаниясы 2017 жылы кәсіпорын толық қуатына енгенде жыл сайын 120 мың темір тұлпарды пайдалануға беретін болады. Болашақта кәсіпорында 12 мыңға жуық жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде.

Бөлінген қаржы толық игерілуі тиіс

Бұдан кейін облыс әкімі Даниал АХМЕТОВ шаһарда салынып жатқан тағы бір нысан, дәлірек айтсақ, мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған мектеп-пансионаттың құрылыс жұмыстарын көріп қайтты. Аталмыш нысанда келешекте есту, сөйлеу, көру қабілеті нашар жүзге жуық бала емделіп, білім алатын болады.
Облыстық білім басқармасының басшысы Айжан Садықованың айтуынша, алдын-ала жүргізілген түсіндіру жұмыстары нәтижесінде ата-аналар тарапынан балаларын жаңа білім ордасына қабылдауға қатысты 97 өтініш келіп түсіпті. Олардың ішінде әсіресе, тірек-қимыл аппараты бұзылған балаларды қабылдау жөніндегі өтініштер көп екен.
– Пансионатта балаларға 92 кәсіби маман қызмет көрсетпек. Бастауыш мектеп оқушылары жаңа жағдайға тезірек бой үйретуі үшін оларды интернат базасында оқытатын боламыз. Ал 5-11-сынып оқушылары инклюзивті білім алады. Атап айтқанда, №15 мектепте тірек-қимыл аппараты бұзылған және көру қабілеті нашар балалар оқытылатын болады. Ал есту және сөйлеу қабілетінде кінәраты бар балақайлар №37 мектепте білім алмақ, – деді облыстіқ білім басқармасының басшысы Айжан Садықова.
Тағы бір айта кетер жайт, аталмыш санатқа жататын 9-сыныпты бітірген оқушылар болашақта пансионатпен қатар, Өскемен қаласындағы колледждерде кәсіптік білім алатын болмақ.
Нысандағы соңғы құрылыс-әрлеу жұмыстарымен танысқан облыс әкімі Даниал АХМЕТОВ бүгінге дейін шаһарда мұндай әлеуметтік маңызы зор мекеменің жоқтығы кәдімгідей сезіліп келгенін айтып, енді бұл бағыттағы жағдай оңалатынына сенімділік білдірді. Аймақ басшысы құрылыс жұмыстары уақытынан кешіктірілмей, яғни, маусым айынан қалмай аяқталуы керектігін еске салды.

Бөлінген қаржы толық игерілуі тиіс

Бұл күні облыс әкімі шаһардағы тағы екі нысанда болды. Оның біріншісі Халифа Алтай атындағы облыстық мешіт жанынан бой көтеріп жатқан Неке сарайы болса, екіншісі – Жібек маталар комбинаты ықшамауданындағы №46 орта мектеп.

Бөлінген қаржы толық игерілуі тиіс

Неке сарайының ішінде бүгінде соңғы әрлеу жұмыстары жүргізілуде. Мердігер компания өкілдерінің айтуынша, нысанды салу кезінде отандық құрылыс материалдарын пайдалануға басымдық беріліпті. Дегенмен, шетелдік, атап айтқанда, Ресей, Қытай мен Еуропа елдерінен әкелінген сапалы да қазіргі заманғы стандарттарға сай өнімдер де назардан тыс қалмапты. Нысанның салтанатты ашылуы алдағы маусым айының біріне жоспарланғанын айта кеткен жөн. Үш қабатты Неке сарайының ішінде негізгі қызметтермен қатар, 460 орынға шақталған үлкен мейрамхана, караоке залы, тіпті, жазғы дәмхана да болатын көрінеді.

Бөлінген қаржы толық игерілуі тиіс

Ал №46 мектепте облыс әкімі Даниал АХМЕТОВ оқу ордасының сыныптары мен психологиялық-педагогикалық коррекция кабинетін, спорт залы мен асханасын көрді. Сондай-ақ, аймақ басшысы келер жылы балаларды үштілді білім беру жүйесі бойынша оқытқалы отырған мектептің аталмыш бастамасына сәттілік тіледі. Бүгінде №46 орта мектепке Кембридж университетінің оқу бағдарламасы бойынша жазылған 1983 оқулық сатып алыныпты. Ал жалпы облыс аумағына мұндай кітаптардың 321 мыңы әкелінгенін айта кеткен абзал.

Нұржан Кенжеұлы

Осы айдарда

Back to top button