Қоғам

Бөлінген қаржы материалдық базаны жақсартуға жұмсалады

Бөлінген қаржы материалдық базаны жақсартуға жұмсалады


Биыл Өскемендегі денсаулық сақтау мекемелеріне «Мерседес» базасындағы екі реанимобиль мен 11 «Фольксваген» көлігі сатылып алынбақ. Бұл туралы кеше өткен облыстық мәслихаттың кезектен тыс сессиясында айтылды.

«2017-2019 жылдарға арналған облыстық бюджет туралы» 2016 жылғы 9 желтоқсандағы №8/75-VI шешіміне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы мәселе қаралған сессияның жұмысына облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұрымбет Сақтағанов қатысты.

Облыстық мәслихаттың хатшысы Владимир Головатюк кезектен тыс тоғызыншы сессияның шақырылуына облыс әкімі Даниал АХМЕТОВ бастамашы болғандығын атады. Облыстық экономика және бюджетті жоспарлау басқармасының басшысы Алмасхан Сматлаев «2017-2019 жылдарға арналған облыстық бюджет туралы» шешімге енгізілген өзгерістер мен толықтыруларды депутаттар назарына ұсынды. Оның айтуынша, жаңа бюджеттегі қайта бөлулер өткен жылдан артық қалған ақшалардың есебінен орын алып отыр. Аталмыш қаржы депутаттар арқылы мұқият есептеліп, аймақтағы аграрлық секторды, құқықтық тәртіпті қорғауды, медицина мен білім саласын дамытуға бағытталмақ.

Басқарма басшысы келтірген деректерге сүйенсек, алдағы екі жылға арналған бюджеттің басым бөлігі бірінші кезекте көктемгі дала жұмыстарына бағытталады. Бұл мақсатта облыс фермерлеріне субсидия үшін 1 млрд. 383 млн теңге арнайы бөлініп отыр. Алайда, сессия барысында сөз алған депутаттар бұл сома ұлғайтылу жағынан әлі де нақтылана түсетіндігін атап көрсетті. Тағы бір 1 млрд. 356 млн. теңге облыстың ішкі істер саласына берілмек. Сол арқылы олардың материалдық-техникалық базасын түбегейлі жаңарту жоспарлануда. Өңірдің барлық аудандарына жиыны 143 автокөлік және заманауи рациялар мен бейне регистратор сатылып алынбақ.

– Материалдық-техникалық жаңартылудан, қажетті қолдаудан денсаулық сақтау саласы да шет қалмайтын болды. Оған 800 млн. теңгеге жуық қаржы беріледі. Естеріңізде болса, бұл жөнінде былтыр мәселе көтерген облыс басшысы Даниал АХМЕТОВ Өскемен қаласында заманауи үлгідегі медициналық жәрдем көрсету мақсатындағы көліктердің пайда болатындығын айтқан болатын. Енді міне, облыс орталығына биыл 2 «Мерседес» базасындағы реанимобиль және 11 «Фольксваген» көлігі сатылып алынбақ. Мұның сыртында Өскемен қаласында бір, Семейде екі ауруханаға күрделі жөндеу жұмыстары жүреді. Бұдан бөлек 50 дәрігер Семей медициналық университетінің базасында ағылшын тілінен білімін жетілдіреді, – деді басқарма басшысы Алмасхан Сматлаев.

Баяндамада айтылғандай, қосымша қаржы облыстың білім саласына да бөлініп, мектептердің жөндеуіне, мұғалімдердің біліктілігін көтеруге жұмсалатын болады. Депутаттар бюджетке енгізіліп отырған өзгерістер мен толықтыруларға бірауыздан қолдау білдірді.

Сессияда облыстық мәслихаттың хатшысы Владимир Головатюк ақпаратқа қолжетімділікті қамтамасыз ету мақсатында енді тұрғындар сессиялардың өту барысын интернет желісі арқылы онлайн режимінде тікелей облыс әкімінің және облыстық мәслихаттың сайтынан да көре алатындығын атап өтті. Депутаттар сессия барысында биыл Астана қаласында өтетін халықаралық «ЭКСПО – 2017» көрмесінің маңызын еңбек ұжымдарына, сайлаушыларға жете түсіндіруге, насихат жұмыстарын жүргізуге бастама көтерді. Сессияда басқа да мәселелер қаралды.

Дәурен Аллабергенұлы

Осы айдарда

Back to top button