Қоғам

Білімге бөлінген қаржы қайда кетіп жатыр?

Білімге бөлінген қаржы қайда кетіп жатыр?


Аймақ басшысы Даниал Ахметов Тарбағатай ауданына жұмыс сапарымен барып, Тұғыл кентіндегі және Ақжар ауылындағы бірқатар әлеуметтік нысанда болды, маңызды мемлекеттік бағдарламалардың іске асырылу барысымен танысты.

Балықшылар кенті болып саналатын Тұғылда облыс әкімі «Ұлтарақ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде және де «Зайсан балықшылары» өндірістік кооперативінде болып, жұмысшылармен жүздесті, өндірістік орынжайлардың, техниканың жай-күйін көрді. Қолда бар құрылғыларды мемлекеттік бағдарламалар арқылы, яғни жеңілдетілген несие ала отырып жаңартуды ұсынды.

Тұғылдық балықшылардың кооперативке бірігіп, жұмыс істегендеріне 15 жылдан астам уақыт болған. Өндірістік ұйым 300-дей адамды жұмыспен қамтып отыр.

Кооператив ұжымымен кездесуінде облыс басшысы жаңа өзгерістердің қарапайым балықшы үшін қай жағынан тиімді болатынын егжей-тегжейлі түсіндірді.

– Бұрынғы жүйе қандай болғанын білесіздер. Балық аулау лицензиясы тек қолында өңдейтін цехы бар адамдарға ғана берілетін. Барлықтарыңыз сол цехтың иесіне жұмыс істеп келдіңіздер. Басқаша айтқанда, кооператив басшысына тура мағынасында тәуелді болдыңыздар. Енді ауылға берілетін шектемеден кооперативке жеке кәсіпкер ретінде тіркелген әрбір балықшы үлесін алады. Ал егер кооперативтен шығатын болса, өзіне тиесілі үлесін бірге ала кетеді. Мұндай жүйені балықшылардың кооператив құрылтайшыларына тәуелділігін жою үшін ойластырдық, – деді облыс әкімі.

Келесі кезекте аймақ басшысы күрделі жөндеуді қажет етіп тұрған Шоқан Уәлиханов атындағы мектепке ат басын тіреді. Алдағы уақытта бұл ғимаратқа толық тексеру жүргізілетін болып шешілді.

–Қазір жаңа мектеп салуға қаражат та, мүмкіндік те шамалы. Жалпы, мектептің жай-күйі жаман емес көрінеді. Арнайы тексеруден соң ғимаратқа сапалы жөндеу жұмыстары жүргізілетін болады. Сондай-ақ қаңырап тұрған жапсарлас корпустың жағдайын да бағамдау керек. Егер жөндеуге жарамды болып жатса, оны да қалпына келтіріп, балалардың игілігі үшін пайдалану қажет, – деп тапсырма берді осы ретте Даниал Ахметов.

Пәндік кабинеттерді аралап шыққан облыс әкімі көрнекілік құралдардың материалдық қана емес, сондай-ақ моральдық тұрғыда да әбден ескіргенін атап өтті. Бұл құралдардың басым бөлігі сонау кеңес кезеңінде шығарылыпты.

–Білім саласының қажеттіліктері үшін қыруар қаржы жұмсалады. Атап айтсақ, биыл облыс қазынасынан аталмыш салаға 106 миллиард теңге бөлінді. Бұл – жергілікті бюджеттің үштен бір бөлігі. Ал мектептердегі оқу құрал-жабдықтарының жағдайы мынау. Жауапты тұлғаларға тез арада қаражаттың жұмсалуына кешенді тексеру жүргізуді тапсырамын, – деді өңір басшысы.

Білімге бөлінген қаржы қайда кетіп жатыр?

Бұдан соң облыс әкімі Ақжар ауылындағы ауданаралық ауруханада болды. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Марат Шоранов пен осы мекеменің бас дәрігері Қайрат Өскенбаев аймақ басшысын аурухананың материалдық-техникалық базасымен және де алдағы жұмыс жоспарларымен таныстырды. Медициналық мекеменің жұмысына оң баға берген облыс әкімі қолда бар жабдықтарды барынша тиімді пайдаланып, мамандардың кәсіби деңгейін жетілдіруге баса мән беруді міндеттеді.

Ауылда 600 орындық мектеп пен 300 орындық интернаттың құрылысы жүріп жатыр. Жоспар бойынша бұл нысандар алдағы оқу жылында қолданысқа берілуі тиіс. Қазір мұнда ішкі әрлеу жұмыстары қызу жүруде. Құрылысшылар алдағы төрт айдың ішінде ғимаратты толықтай салыпбітірмек.

–Мектеп 1 қыркүйекке дейін оқушыларды қабылдауға тас-түйін дайын болуы қажет. Сондай-ақ болашақ оқу орнында кабинеттік жүйе дегенді қолданудың керегі жоқ. Байқауымша, осы жүйеде кейбір сыныптар тәулігіне бір сағат қана жұмыс істеп, қалған уақытта бос тұратын көрінеді. Ашылатын 300 орындық интернатты балалармен қамтамасыз ету жолдарын да қазірден бастап ойластырыңыздар, – деп міндет жүктеді сала мамандарына облыс әкімі Даниал Ахметов.

Іссапар соңында аймақ басшысы ауылдағы Өнер мектебіне бас сұғып, ұстаздармен және оқушылармен тілдесті, тәлімгерлер қолынан шыққан әсем туындыларды тамашалап, оларға зор табыс тіледі.Мектеп басшысы, кәсіби суретші Әлібек Шоқановтың қылқаламынан шыққан пейзажды портреттер де аймақ басшысының шынайы қызығушылығын тудырды. 2012 жылы құрылған бұл мекемеде 200-ден астам бала сурет бағытында білім алуда.

Ержан Әбіш

Осы айдарда

Back to top button