Білімді жастар партия қатарын толықтырды

«Нұр Отан» партиясының қатары кезекті рет білімді жастармен толықты. Өңірдегі әр салада жемісті қызмет етіп жүрген білімді жастар мен кәсіби мамандарға аймақ басшысы партияның облыстық филиалының төрағасы Даниал Ахметов салтанатты жағдайда партиялық билеттерді табыстады. Аймақ басшысының төрағалығымен өткен кезекті партиялық тыңдауда бұдан бөлек, облыста 2017-2021 жылдарға арналған агроөнеркәсіптік кешенді дамыту жөніндегі мемлекеттік бағдарламаның іске асырылу барысы қаралып, облыстық мәслихаттағы депутаттық фракцияның атқарған жұмысының есебі тыңдалды.
Бұл күні партия қатарына өткен жастардың бәрі де – партиялық түрлі жобаларды жүзеге асыруға белсене атсалысқан қоғам үздіктері. Олардың ішінде инженерлер, пошта, банк, ЖОО, ірі кәсіпорындар қызметкерлері, спортшылар және студенттер бар. Даниал Ахметов партияның жас мүшелерін партияға, қоғамның дамуына үлес қосуға шақырды.
– Облыс әкімінің қолынан партиялық билет алу мен үшін зор мәртебе, өмірімдегі үлкен оқиға. Күш-қуатымды партияның қызметін дамытуға, ондағы әлеуметтік жобаларды іске асыруға, сенімді ақтауға арнайтын боламын, – деді, «Бақытты отбасы – бақытты балалық шақ» партиялық жобасының белсенді қатысушысы, «Шығыс – Сүт» корпорациясы» ЖШС «Өскемен – Сүт» сауда үйінің директоры Сырым Әділов.
Саланы дамытуға кешенді жоспар қажет
Партиялық тыңдауда 2017-2021 жылдарға арналған агроөнеркәсіптік кешенді дамыту мемлекеттік бағдарламасының өңірде орындалуы туралы баяндаған облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Асқар Жақыпов сүтті мал шаруашылығын және ауылшаруашылық кооперативтерін құру жайына тоқталды.
Оның мәліметінше, биылғы 11 айдың ішінде барлық санаттағы шаруашылықтардан 826 мың тонна сүт өндірілген. Бұл былтырдан 5 пайызға артық. Жоспар жыл қорытындысында толық орындалмақ. Биыл ірі қараның басы да өткен жылғымен салыстырғанда 6,8%-ға көбейіп, 482,2 мың басты құраған. Бұдан бөлек, жұмыс істеп тұрған 54 тауарлы-сүт фермасы 53,6 мың тонна сүт өндірген. Сүт бағытындағы ірі қараның саны да артқан.
Басқарма басшысының айтуынша, тауарлы-сүт фермасын құруға байланысты 2017-2018 жылдар аралығында 10 ТСФ құрылысы жобаланса, оның екеуі биыл іске қосылған, қалған сегізі келер жылдың еншісінде. Сондай-ақ, ТСФ қайта құрылымдау бойынша да биыл екеу, келер жылы алты нысан қолданысқа берілмек. Басқарма басшысы келтірген деректер бойынша, 2017 жылы жоспарланған 10 пункттің тоғызы жұмыс істеп, тұрғындардан 2109 тонна сүт сатып алған.
– Қазіргі кезде облыста 424 ауылшаруашылық кооперативі құрылып, оған 16 мыңнан аса мүше кірді. 44 қанатқақты кооператив жабдықталса, оның 32-сі сүт, 12-сі ет бағытында. Ауылдағы шағын және орта кәсіпкерлікті және құрылған кооперативтерді дамыту үшін 2017 жылы өнімді жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасының екінші бағыты бойынша 2,2 млрд. теңгенің несиелік қаржысы игерілді, – деді Асқар Жақыпов.
Жиында депутат Мұхит Тұмабаев малмен айналысатын шаруашылықтарға сырғалар уақытында келмегендіктен, олардың заңды түрдегі тиісті субсидиядан қағылып жатқандығына тоқталып, ауылшаруашылық мақсатындағы игерілмей бос жатқан жерлерді тиімді пайдалану керектігін атады. Мәселен, оның айтуынша, Семей қаласының маңында үш мың гектардан аса ауылшаруашылық жері іске жаратылмай бос жатқан көрінеді.
Сонымен бірге, «Шығыс-Сүт» корпорациясы» ЖШС басшысы Сейілжан Сайлаубаев ветеринария басқармасы сарып ауруының салдарымен ғана күреспей, оның алдын алу, вакциналарды уақытында барлық малға бір уақытта егу бойынша да кешенді шаруаларды қолға алғаны, жұмысты тек басқарушылық тәртіппен ғана емес, бірлескен ұйымшылдықпен, жүйелі түрде атқарғаны жөн болатындығын айтты. Себебі, аурудың ошақтары өңірде қайтадан білінетін болса, қыруар ақшаға сатып алынған мал бір-ақ күнде пышаққа жығылары сөзсіз. Бұл өз кезегінде саланың дамуына айтарлықтай кедергісін тигізері анық.
– Депутаттар көтеріп отырған мәселелер өте дұрыс. Қалалар мен аудандар әкімдері бұл шаруада әлі де бейқам келеді. Жайы келсе, жауапкершіліктен жалтарып кетуге тырысады. Мысалы, Жарма ауданының әкімі екі жылдан бері 500 гектар жерді бөле алмай келеді. Ал кей іргелі шаруашылықтар дайын жобаны іске асыруға жер таппай отыр. Мен бұл жайында үнемі ескертіп келемін. Сондықтан бүгін айтылған мәселелерді, ұсыныстарды ескере отырып, келер жылдың қаңтар айында саланы дамытуға қатысты нақты кешенді жоспарды дайындап, ұсынатын болыңыздар, – деді облыс әкімі Даниал Ахметов.
Партияның облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Әнуарбек Мұхтарханов облыстық мәслихаттағы нұротандық фракцияның жұмысы туралы баяндады. Оның айтуынша, филиал жұмысының басым бағыттарының бірі – «Нұр Отан» партиясының «Қазақстан 2021. Бірлік. Тұрақтылық. Жасампаздық» атты сайлауалды бағдарламасының іске асуы мен партия Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасына сай мемлекеттік бағдарламаларға бөлінген қаражаттың мақсатты пайдаланылуына қоғамдық бақылау орнату.
Бүгінде сайлауалды бағдарламаның 7 бағыты бойынша партиялық кураторлар жұмысы қарқынды жүргізілуде. Облыстық мәслихат депутаты болып табылатын, әр бағытта жетекшілік ететін кураторлардың баяндамасы саяси кеңес отырысында тыңдалады. Сонымен бірге, жыл басынан бері өкілетті орган өкілдері 1782 қоғамдық қабылдау өткізсе, онда 3191 шағым қаралып, 33 пайызы оң шешімін тапқан. «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында 484 кездесу өткізіліп, оған 24 977 азамат қатысқан.
Жиынды қорытындылаған облыс әкімі Даниал Ахметов жоғарыда көтерілген мәселелерге орай, тиісті басқармалар басшыларына нақты тапсырмалар жүктеп, партиялық жобаларды іске асыру барысында депутаттарға мақсатты шаруаны тоқтатпай, бұдан әрі ширата түсуді тапсырды.
Дәурен Аллабергенұлы