Білім

Білім саласындағы бірізділіктен қалай арыламыз?

Семей мемлекеттік педагогикалық институтында Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі мен «Ұстаз» («Педагог») жоғары оқу орындары қауымдастығы жаңашыл-педагогтардың «Білім берудің инновациялық әлеуеті» атты І республикалық слетін өткізді.

Білім саласындағы бірізділіктен қалай арыламыз?Педагогтар мен оқытушылыққа жақын мамандарды біріктіретін инновациялық кеңістік құру, орта білім мәселесін шешуге педагогикалық жоғары оқу орындарының жетекші ғалымдарын жұмылдыру басты міндет етіп алынған жиында аталған институттың ректоры, профессор Мақтағали Бектемесов «Слеттің осы жерде өткізілу себебі – институттың 78 жылдық тарихы бар және ол еліміздегі жоғары білім беру саласының флагманы болып табылады» деп атап өтті.

Слет кең байтақ еліміздің әр өңірінен келген 249 ғалым мен жаңашыл-педагогтың, сондай-ақ, зерттеу-инновациялық орталықтар мен педагогикалық институттар өкілдерінің басын қосты. Беделді мамандық иелері әріптестерімен өздерінің педагогика саласындағы жылдар бойы жинақтаған тәжірибелерімен және ұсыныстарымен бөліскен іс-шарада 240-қа жуық танымдық баяндама жасалды.

Мәселен, «Педагогика және психология» журналы бас редакторының орынбасары, профессор Аймен Қайдарова білім беру жүйесінде жаңашылдықсыз ешқандай нәтиже болмайтынын айта келіп, Абай атындағы университеттің порталында «Қазақстанның педагогикалық желісі» құрылғанын хабарлады. Аталмыш желі еліміздің педагог мамандарын біріктіріп, оларға өз тәжірибелерімен алмасуға, біліктілігін арттыруға, заңгерлер мен психолог мамандардан кеңес алуға мүмкіндік береді екен.

Слетке қатысушылар жаңашыл-педагогтардың ұсыныстары мен тұжырымдарын ескере отырып, резолюция қабылдады. Сонымен қатар басқосуға келген қонақтар Семей қаласының тарихи жерлеріне экскурсия жасап, пединституттың ғылыми-зерттеу орталықтарының жұмыстарымен және институт ғалымдарының жетістіктерімен танысты. Іс-шара аталған институттағы студенттік филармонияның концертімен аяқталды.

Ал слет жұмысының салиқалы өтуі жолында белсенділік көрсеткен қатысушыларға «Инновациялық оқыту технологиялары», «Педагогикалық үдерісті ұйымдастырудың инновациялық жолдары» және «Инновациялық жобалар» атты аталымдар бойынша сертификаттар тапсырылып, арнайы дипломдар берілді.

Раушан Нұғманбекова

Семей.

Осы айдарда

Back to top button