Білім саласын жемқорлық жайлап алды

Жасыратыны жоқ, қазіргі таңда өңірдің білім саласын сыбайлас жемқорлық дерті жайлап-ақ тұр. Сорақысы, жүргізілген сараптама нәтижесінде анықталғандай, республика бойынша білім саласындағы жемқорлыққа қатысты жасалған қылмыстар саны азайып келе жатса, біздің облыста керісінше көбейіп кеткен. Қоғамдағы қауіпті дерттің алдын алу мақсатында жүргізілген шаралар еш нәтиже бермей тұр.
Сондықтан да болар, жуырда өткен әдеп кеңесінің кезекті мәжілісінде тиісті сала мамандарының қатысуымен аталған мәселе жеке қаралды.
Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі облыстық департаментінің бас маманы Эльнар Тұрсынқановтың айтуынша, облыстың білім саласына жыл сайын миллиардтап қаржы бөлінсе де, мұғалімдер жалақысы өссе де, жемқорлық азаймай тұр.
– Мысалы, 2015 жылы өңірде қылмыстық жауапкершілікке білім саласының төрт қызметкері тартылса, 2016 жылы жеті, 2017 жылы тағы жеті адам тартылды. Келтірілген материалдық шығын 20 млн. теңге көлемінде. Бұдан бөлек жемқорлыққа жатпаса да, бюджет қаржысын жымқыру түрінде мемлекетке шығын келтірген қылмыстық құқықбұзушылықтар бар. Одан келген шығын 27 млн. теңгені құрап отыр. Сонда мемлекетке білім саласының өкілдері 2015-2017 жылдар аралығында 47 млн. теңге шығын келтірген, – дейді Эльнар Тұрсынқанов.
Жауапкершілікке тартылғандар – негізінен квазимемлекеттік сектордың қызметшілері, орта – кәсіптік, жалпы білім беретін және мектепке дейінгі мекемелердің қызметкерлері. Мұнымен қатар, 2015-2017 жылдары қылмыстық жауапкершілікке тартылғандардың ішінде 11-і мектеп директоры мен балабақшалар меңгерушілері болса, алты адам осы мекемелердің есепшісі лауазымында істегендер, тағы бір адам – мемлекеттік қызметте жұмыс істеген.
Қылмыстарға жасалған сараптама қалалар мен аудандар әкімдерінің аппаратына қарасты жалпы білім беру мекемелері есепшілерінің қылмыстық әрекеттері бір мақсатты – жүйелі түрде мемлекет қаржысын жымқыруды, қалтаға басуды көздегенін көрсеткен.
Мысалы, Күршім ауданы Теректі ауылындағы балабақшаның есепшісі А.Сахариева 2013-2017 жылдар аралығында өзіне сеніп тапсырылған бұрынғы есепшінің электронды-цифрлық қолтаңбасын пайдалану арқылы өзінің банктік есеп-шотына 11 млн. теңгеден астам қаржы аударған. Ұрланған ақшаны өзінің қалауы бойынша жеке қажеттіліктеріне жұмсаған.
– Сондай-ақ 2017 жылы Семей қалалық білім бөлімі басшысының орынбасары С.Елеусізова Қылмыстық кодекстің 366-бабымен қарастырылған жемқорлық қылмысы үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Ол 1989-2003 жылдар аралығында білім саласындағы түрлі мемлекеттік мекемелерде есепші болған, 2003 жылдан бері мемлекеттік қызметте. Қылмыс жасаған кездегі еңбек өтілі 14 жыл болған. Бұдан бөлек оның заңға қайшы қадамға бірнеше рет барғаны анықталған, – деді Эльнар Тұрсынқанов.
Статистикаға сүйенсек, білім саласындағы жемқорлық қылмыстарының дені қалалар мен аудандарға қарасты мемлекеттік мекемелерде орын алған, олардың саны – 16. Сонымен бірге, облыстық басқармаға бағынышты екі мекемеде қылмыс жасалған.
Кеңесте басқарма арқылы оған қарасты мекемелердегі орын алған қылмыстарға жаза қолдану тиісті деңгейде қамтамасыз етілмегені белгілі болды. Нәтижесінде 2015-2017 жылдар ішінде және биылғы үш айда білім саласының 101 қызметкері түрлі қылмыстар жасағаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Оның ішінде 23 ауыр, үш аса ауыр қылмыс жасалған. Мәселен, сөзіміздің дәлеліндей, Күршім колледжінің физика мұғалімі Б.Рыспеков М.Ризабековке дене жарақатын түсірген. Рыспековтің әрекеті суық қаруды қолдану арқылы жасалған бұзақылық деп бағаланған.
Әдеп кеңесінде осыған қатысты облыстық білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Сайрангүл Жұмаділованың, Өскемен қаласы әкімінің орынбасары Ольга Булавкинаның, Семей қаласы әкімінің орынбасары Надежда Шарованың баяндамалары тыңдалды. Себебі сыбайлас жемқорлық қылмыстары соларға қарасты мемлекеттік мекемелерде жиі орын алуда.
Алайда білім саласының өкілдері тиісті жұмыстар атқарылып жатқандығын алға тартып, ақталып баққанымен, кеңес мүшесі, агенттіктің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Ұлттық бюросы облыстық департаментінің басшысы Сергей Потанин одан ешқандай нәтиже шықпай отырғандығын айтып, керісінше мектептерде, балабақшаларда жемқорлық қылмыстары өршіп тұрғандығын нақты мысалдармен келтірді.
– Мен мына ақпараттарға қарап отырып, облыстық басқармамен де, қалалық білім бөлімдерімен де ешқандай жұмыс жүргізілмегенін ұқтым. Қараңыздар, үш жылда қаншама лауазымды адам өздеріңізге қарасты мемлекеттік мекемелерде қылмыс жасаған. Балабақшалар мен мектептерге жұмысқа орналасу, баланы орналастыру үшін ақша жинау секілді келеңсіз әрекет әлі тыйылмай тұр. Кей директорлар мектепті өз үйіндей, мемлекет қаржысын өз ақшасындай көріп кеткен. Сондықтан әр адамның ішкі мәдениетінде өзгеріс болмай, жағдайды түбегейлі өзгерту мүмкін емес, – деді Сергей Потанин.
Депутат, кеңес мүшесі Олег Чернышов мәселе былтыр «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы жанындағы қоғамдық кеңесте де бірнеше рет қаралғанын, ешқандай нәтиже болмай тұрғандығын жеткізді.
Бұдан бөлек кеңес мүшелері облыстық басқармада да, Өскемен қалалық білім бөлімінде де біраз уақыттан бері басшының жоқтығын атап айтып, тиісті бақылаудың әлсіреп, оларға қарасты мекемелер қызметкерлерінің еркінсіп кетуіне мұның да әсері тиіп жатқандығын назардан тыс қалдырмады.
– Шынымен де, жағдай өзгеріссіз қалып отыр. Тіпті білім бөлімдерінің өзі мектеп директорларынан ақша жинаған фактілері кездескен. Бұл – өңір педагогтарының және мемлекеттік қызметшілердің беделіне үлкен нұқсан келтіретін жағдай. Барлық мемлекеттік органдар мен олардың басшылары жемқорлыққа қарсы субъект болғандықтан, заңға сәйкес оның алдын алуды, онымен күресуді қамтамасыз етуі тиіс, – деген Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі облыстық департаментінің басшысы, Әдеп жөніндегі кеңестің төрайымы Жанна Қабдолдақызы кеңес мүшелері білім саласындағы мемлекеттік органдардың сыбайлас жемқорлықпен күрес бойынша жұмысы мүлде қанағаттанарлықсыз деген шешімге келгенін атады.
Оның айтуынша, енді орын алған әрбір жемқорлық қылмыс әдеп кеңесінде қаралып, оның тікелей басшылығы да жауапкершілікке тартылмақ. Ал оның қаншалықты тиімді болатындығын алдағы уақыт көрсетпек.
Дәурен Аллабергенұлы