Біліктілік талаптарының қатаң сақталуын көздейді

2018 жылы «Адвокаттық қызмет және заң көмегі туралы» жаңа Заң қабылдануы мүмкін. Оның қарапайым халыққа қандай пайдасы болмақ? Осы сұраққа жауап іздеп көрдік.
Екі тергеушіге бір адвокат
Заң жобасы көпшілікке таныстырылған сәттен бастап оның төңірегінде түрлі пікірлер туындап үлгерді. Ондағы кейбір өзгерістерді адвокаттар ауыр қабылдап отыр. Ал жобаны ұсынып отырған Әділет министрлігінің өз уәжі бар. Елімізде адвокаттардың қызметін реттейтін Заң 1997 жылы қабылданыпты. Содан бері 20 жыл өтсе де, оған бірде-бір елеулі өзгеріс немесе түзету енгізілмеген. Институционалдық реформалар қолға алынған тұста бұл заңның да заман талабына сай жаңғырғаны қажет қоғамға. Өйткені жыл өткен сайын адвокаттар мен жеке заң қызметкерлеріне деген сенімсіздік көбейіп келеді. Соңғы бір жылда адвокаттар қауымдастығының тәртіптік комиссиясына 500-ден астам шағым түсіп, соның жартысынан астамы ғана қанағаттандырылған екен. Біздің облыста жыл басынан бері адвокаттардың үстінен тоғыз шағым түсіп, оның біреуі негізді деп танылған. Ал кінәлі адвокатқа әріптестері ескерту жасаумен шектелген. Бұған дейін бүкіл жұмысы адвокаттар қауымдастығы арқылы реттеліп келген саланы жаңа құжатта үлкен өзгерістер күтіп тұр.
-20 жыл бойы адвокаттық қызмет өз бетімен дамыды. Заман өзгеріп, заңнама жетілгенімен, ескі сүрлеуден шығар емес. Еліміздің құқықтық жүйесі түгелдей реформаланып жатқан кезде бұл сала баяғы күйінде қалса, кейін кежегені артқа тартар зәкір болуы мүмкін, – дейді облыстық әділет департаментінің басшысы Ерлан Дауылбаев.
Әлемдік практикада әрбір тергеушіге кем дегенде бір адвокат болуы керек екен. Сонда ғана азаматтардың құқығы теңдікте сақталмақ. Осы қағида тұрғысынан алсақ, біздің елде құрығы ұзынның құқығы да өзгелерден оқ бойы озық тұр деген сөз. Өйткені республика бойынша 10 мыңға жуық тергеуші жұмыс істесе, адвокаттардың саны 4700-ге жетер-жетпес. Яғни, бір тергеушіге жарты адвокаттан келеді деген сөз. Бұл мәселе қалалы жерлерде байқалмағанымен, шалғай ауылдар үшін өзекті. Біздің облыста барлығы 433 адвокат тіркелген. Өскеменде 181, Семейде 149, Риддерде 19, Зырян ауданында 13, Аягөз ауданында 11, Глубокое ауданында 9, Шемонаиха ауданында 7, Бесқарағай ауданында 6, Ұлан, Үржар аудандарында 5, Катонқарағай, Күршім, Тарбағатай аудандарында 4, Абай, Бородулиха, Жарма, Зайсан аудандарында 3, Көкпекті ауданы мен Курчатов қаласында 2 адвокаттан жұмыс істейді. Зайсан ауданының 38 мың халқына үш-ақ жергілікті адвокат қызмет көрсетуі ауылдағы жұрттың құқығы қаншалықты деңгейде қорғалып жатыр деген сауал туғызады. Амалы таусылған жұрт сырттан адвокат алдырып, шаш етектен шығынға батуға мәжбүр. Ал оған шамасы келмегендер құқығының табан астына тапталғанын көріп, күн кешуде. «Соттан емес-ау, оттан келемін дейтін» Бейімбет Майлиннің Ыбырайына бүгінгінің Ыбырайлары жылап көрісетін шығар.
-Біздің өңірде адвокат әрбір азаматтық істен кемінде 45 мың теңге табыс тапса, әр қылмыстық істен орта есеппен 420 мың теңге алады. Жуықта жүргізген зерттеуде осындай мәлімет алдық, – дейді Аксана Каленова. Заңгердің сөзінен адвокаттық қызметтің табысты кәсіп екенін аңғаруға болады. Сөйте тұра, олардың саны неге жеткіліксіз?
Адвокаттық қызметті бастау үшін білім мен біліктілік талаптарынан бөлек лицензия үшін алғашқы жарна төлеу қажет. Оның құны біздің өңірде 400 мың теңгенің төңірегінде. Жаңа заңда осы алғашқы жарна талабын алып тастау ұсынылып отыр. Бұл ұсынысты адвокаттар да құптайды.

Қызмет құны кестемен есептелмек
Заң жобасы жеке заң қызметкерлерін арнайы палатаға біріктіруді көздейді. Азаматтық істерге ғана араласа алатын бұл категорияның жұмысы қазір ешқандай құжатпен реттелмеген. Оны қойып біздің облыстағы жеке заңгерлердің саны қанша екенін де ешкім білмейді.
-Олардың тапқан табысынан салық та ұсталмайды. Қолында дипломдары болғанымен, біліктілігін аттестациялау жүйесі жоқ. Жаңа заң бойынша бұрынғыдай қолында заңгерлік дипломы бар кез келген азамат сотқа заңгер ретінде қатыса алмайды. Палатаға мүше заңгерлер ғана азаматтық істерде сенім білдірген тұлғаларды қорғай алады. Заң 2018 жылдан бастап күшіне енсе, палатаға тіркелмеген заңгерлер жұмыссыз қалуы мүмкін. Сондықтан барлық жеке заңгерлерге қазірден бастап жергілікті әділет органдарына жүгіну керек,- дейді Ерлан Дауылбаев.
Бұған дейін жеке заңгердің көмегіне жүгінем деп алданып қалған адамдарға заңдық тұрғыда көмек көрсету де қиын болған екен. Палата заңсыздыққа барып, келісімшарт талаптарын бұзған, клиентті тақырға отырғызған заңгерлерді жауапқа тартатын болады. Ал палата құрамынан шығарылған заңгер ешбір сот отырысына қатыса алмайды.
Құжат жобасы заңгерлік қызмет саласындағы «Pro Bono» жүйесін жетілдіруге де бағытталмақ. Әлжуаз топ өкілдеріне ақысыз көрсетілетін заң қызметінің бір бөлігін субсидиялау бізде бұрыннан бар. Е.Дауылбаевтың айтуынша, биыл осы мақсатқа 102 млн. теңге бөлініп, әзірге соның 70 пайызы игерілген. Енді адвокат пен жеке заңгердің халыққа ақысыз негізде қызмет көрсету сағаттары бекітілмек. Бұл шартты олар орындауға міндетті болады.
Бүгінде адвокат жалдауға әркімнің жағдайы келмейді. Өйткені адвокаттық қызметтің құны ешбір нормамен реттелмеген. Жаңа заң адвокаттық қызмет бағасының кестесін құруды көздейді.
-Бұл адвокаттардың ойына келген бағаны айтып, қызмет құнын қисынсыз көтеруіне жол бермейді, – дейді Е.Дауылбаев.
Аталмыш құжат қолданысқа енсе, адвокат қызметі міндетті сақтандыру жүйесіне енуі де мүмкін. Егер адвокат сапасыз қызмет көрсетсе, шығынның бір бөлігі клиентке қайтарылуы мүмкін. Ол үшін адвокат пен клиент арасында жасалған келісімшарттың барлық бөліктері толық орындалмағаны дәлелденуі керек. Сақтандырудың бұл түрі әлі жетілдіруді талап етеді. Сондықтан заңның осы тармағы тек 2020 жылдан бастап қолданысқа енбек.
Мызғымайтын төрағалар мәселесі
Бұған дейін адвокаттық қызметтің тәртіптік кеңесінде тек қорғаушылар жұмыс істесе, жаңа заң бойынша оның құрамына алты адвокаттан бөлек әділет мекемесінің үш өкілі және екі бұрынғы судья кірмек. Ал кеңестің шағымдарға қатысты шығарған шешімдері «Е-адвокатура» интернет ресурсында көпшілік назарына қойылып отырады.
Бүгінге дейін адвокаттардың кәсібилігін арттыру қауымдастыққа міндеттелгенімен, біліктіліктің нақты талаптары ешбір құжатта бекітілмепті. Заң жобасы сол талаптардың қатаң сақталуын қамтамасыз етуі тиіс.
Біздің өңірде адвокаттар қауымдастығының төрағалығынан 20 жыл бойы табан аудармаған адамдар бар екен. Бұл жайт та қауымдастық жұмысының ашықтығына күмән келтіріп отыр. Жаңа құжат бір адвокаттың төрағалық қызметте бір мерзім ғана отыруын талап етеді. Яғни, төрт жылдан кейін орнына басқа адам сайлануы керек.
АҚШ, Англия, Франция, Алмания, Нидерланд, Польша, сияқты елдердің тәжірибесін негізге ала отырып жасалған жаңа заңға адвокаттар мен заңгерлердің қалай қарайтынын да сұрап білдік.
-Заңның реформаланып жатқаны дұрыс. Бірақ тәртіптік кеңеске уәкілетті орган мен бұрынғы судьяларды кіргізу орынсыз деп ойлаймыз. Олардың орнына қоғамдық бірлестіктер мен үкіметтік емес ұйым мүшелерін тарту әлдеқайды тиімді. Дамыған елдің барлығында адвокаттық қызмет заңмен ғана реттеледі. Ал жаңа заң бойынша мемлекет тәртіптік кеңес арқылы оған ықпал етуі мүмкін, – дейді жеке заңгер Аксана Каленова.
Заңгер тұрмыстық зәбір көрген әйелдер мен кәмелетке толмаған күдіктілерге мемлекет тегін адвокат ұсыну керек деген пікірде. Жаңа құжатта ол мәселе көтерілмеген.
-Бізде қылмыстық іске күдікті адамға мемлекет адвокат ұсынады. Тұрмыстық зәбір көрген әйел мен кәмелетке толмаған күдіктінің олардан қай жері кем?
Ақысыз қызмет көрсететін заңгерді азаматтардың өздері іздеп табуы өте қиын. Оны тергеушіге міндеттеу керек. Жаңа заң осы мәселелерді ескермеген, – дейді ол.
Көлеңкелі келісімге жол ашпаймыз ба?
Аксана Каленова әлжуаз топ өкілдеріне көрсетілген адвокаттық қызмет пен заң көмегіне төленетін субсидияның мөлшерін тергеуші анықтауы да қисынсыз екенін айтады.

-Бұдан кейін қай адвокат тергеушімен арасын суытып, оның айтқанына қарсы келуі мүмкін, – дейді заңгер.
Ал баға кестесі халықтың қалтасына түсер салмақты азайтады дегенге Аксана Каленов мүлде сенбейді.
-Мықты адвокатқа мұқтаж адамдар оның келісімін алу үшін кестеде көрсетілген бағаның үстіне қосымша ақша ұсынады. Бұдан керісінше мемлекет қазынасына түсетін салық азаюы мүмкін. Адвокаттық қызмет төлемінің бір бөлігі көлеңкеге кетеді деген сөз, – дейді ол.
Ал заң ғылымдарының кандидаты, Шығыс Қазақстан адвокаттар қауымдастығының адвокаты Асыл Сәбитова мемлекет салаға бақылау орнатуға мүдделі емес деген пікірде.
-Заңның негізгі мақсаты мемлекет бақылауын күшейту емес. Керісінше, адвокатура институтын заман өзгерістеріне сай икемдеуді көздейді, – дейді ол. Ал «Pro Bono» жүйесі бойынша тегін қызмет көрсетуді жоғары оқу орындарына беруді ұсынып отыр.
-Адвокаттық қызметті сақтандыру қорғаушыларды клиентпен адал болуға итермелесе, клиентті екеуара келісімшартқа мұқият қарауға үйретеді. Сондықтан бұл өзгеріс қажет. Тәртіптік кеңестің құрамы кеңейгені де орынды деп ойлаймын. Сырт көз әрқашан сыншы ғой. Ал «Е-адвокатура» бірыңғай ақпарат жүйесі қауымдастық жұмысының ашықтығын қамтамасыз етеді. Баға кестесі ұсыным ретінде жүруі тиіс. Ол клиент пен адвокаттың арасындағы келісімге соншалықты әсер етеді дегенге сену қиын, – дейді Асыл Сәбитова.
Облыстық әділет департаментінің басшысы Ерлан Дауылбаев жаңа заң ең әуелі өңірдегі адвокаттардың санын арттырады деген ойда. Құжаттың қарапайым халыққа ең пайдалы тұсы да осы болмақ.
Есімжан Нақтыбайұлы