Қоғам

Білікті кадрлардың қадірі арта түсетін болады

Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің құрылғанына 15 жыл толуына арналған «Мемлекеттік қызметтің қазақстандық үлгісі: қазіргі ахуалы мен болашағы. Мемлекеттік қызметке – кәсіби кадрлар» тақырыбында дөңгелек үстел болып өтті. Оның жұмысына облыс Әкімінің орынбасары Нұрымбет Сақтағанов, өңірдегі мемлекеттік органдардың, облыстық басқармалардың басшылары, қоғамдық ұйымдар өкілдері қатысты.

– Өздеріңізге мәлім, осыдан 15 жыл бұрын, Елбасының Жарлығымен Қазақстанда Мемлекеттік қызмет істері агенттігі құрылған болатын. Сол уақыттан бергі атқарылған ұлан-ғайыр шаруаның бәрі көз алдарыңызда. Мемлекеттік қызметкерлер ел егемендігін алған сәттен бастап мемлекеттің дамуы жолындағы басты жауапкершілікті арқалап келе жатыр. Осы уақытта өзге мемлекеттердің үлгі тұтар ұтымды тұстары негізге алына отырылып, мемлекеттік қызметтің қазақстандық үлгісі қалыптасты. Жақында ғана болып өткен ауылдық, аудандық деңгейдегі қалалар әкімдерінің сайлауы – осы бір шаруалардың жарқын көрінісі. Мұның бәрі мемлекеттік қызметкерлердің беделін көтеріп, оларға деген ел сенімін арттырады, – деген Нұрымбет Сақтағанов облыс Әкімі атынан мемлекеттік қызметкерлерді осы атаулы күнмен құттықтады.

Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Шығыс Қазақстан облысы бойынша департаментінің басшысы – тәртіптік кеңестің төрағасы Тоқтамыс Жұмағұловтың айтуынша, бүгінге дейінгі кезеңде мемлекеттік қызмет сапасын реттейтін көптеген нормативтік-құқықтық актілер қабылданып, елімізде кәсіби әрі тиімді мемлекеттік аппарат құрылған. ТМД елдеріндегі әріптестеріміздің мемлекеттік қызметтің қазақстандық моделіне қызығушылық танытып, тәжірибе алмасуға ниетті болып отырғандығы осыған нақты дәлел болады.

Департамент басшысы ағымдағы жылдың 26 наурызынан бастап қолданысқа енген «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік қызмет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңына сәйкес корпустарға негізделген мемлекеттік қызметтің жаңа тізілімі бекітіліп, соған орай бірінші кезектегі әкімшілік мемлекеттік қызметтің «А» корпусына кадрлық резервтерді таңдау, оларды тағайындау жұмыстары мәресіне таяп қалғанын жеткізді. Аталмыш шаруалар облыста 26 қыркүйекке дейін толықтай аяқталмақ. Бүгінгі таңда Агенттікпен мемлекеттік қызметті одан әрі кәсібилендіру дәйекті түрде жүргізілуде. Мемлекеттік қызмет саласындағы уәкілетті органның рөлі мен миссиясы негізге алына отырып, мемлекеттік қызметтің жаңа моделінің тұжырымдамасын іске асыру жолындағы мақсатты іс-шаралар жоспары бекітілген. Жүргізіліп жатқан реформалар нәтижесінде ықшам мемлекеттік аппарат құрылып, мемлекеттік органдарға өз функцияларын, оның ішінде халыққа қызмет көрсетуді сапалы орындау міндеттелмек. Мемлекеттік қызметкерлерде бірінші кезекте жоғары біліктілік, отаншылдық қасиет және мемлекеттік қызметті ұтымды да тиімді ұйымдастыра білу сынды қабілеттер болуы тиіс. Білікті кадрларға барлық жерде де сұраныс жоғары болмақ.

Дөңгелек үстел барысында сөз алған «Нұр Отан» ХДП облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Т.Түсіпбеков аз уақыттың ішінде мемлекеттік қызметтің беделін көтеру бағытында көп жұмыстар атқарылғанын атап көрсетті.

Сондай-ақ, облыс прокурорының орынбасары Нұрлан Бижанов, Шығыс Қазақстан облысы бойынша салық департаментінің бастығы Төлеген Сәрсембаев, Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің облыстық департаменті жанындағы тәлімгерлік мәселелері бойынша үйлестіру-әдістемелік кеңесінің төрағасы Айтмұхамбет Құрманғалиев, облыстық ішкі саясат басқармасы бастығының орынбасары Ирина Смит, және басқалар мемлекеттік қызмет саласындағы реформаларға, мемлекеттік қызметтің имиджін көтеруге қатысты ойларын ортаға салды.
Департамент басшысы Тоқтамыс Жұмағұлов үлгілі еңбек етіп жүрген бір топ мемлекеттік қызметкерлерді мерекеге орай алғыс хатпен марапаттады.

Дәурен Аллабергенұлы

Осы айдарда

Back to top button