Қоғам

Бүлдіршіндерге тарту

Бүлдіршіндерге тарту


Семейге жұмыс сапарымен келген облыс әкімі Даниал Ахметов Ұшақтар кентіндегі жаңа балабақшаның лентасын қиды. Жаңа жылдың қарсаңында іске қосылған әлеуметтік нысан 280 орынға шақталған.

«Өрлеу» балабақшасында мемлекеттік тілде оқытатын 12 топ жұмыс істейді. Мектепке дейінгі білім ұясы балғындардың ой-өрісін дамытатын құрал-жабдықтар, интербелсенді ойыншықтар, сондай-ақ көркем әдебиетпен жабдықталған. Сол секілді мұнда музыкалық және спорттық залдар, психологиялық-логопедтік кабинеттер және бейнелеу өнері, ағылшын, орыс тілі үйірмелері қарастырылыпты. Оның қатарында тәрбиешілер, әдіскерлер, психолог, би және музка жетекшісі, ағылшын және орыс тілі пәндерінің мұғалімдері, дене тәрбиесінің нұсқаушылары бар. Айта кету керек, бұл балабақша мемлекеттік-жекеменшік әсеріктестің аясында тұрғызылды. Құрылыс жұмыстарымен «Сәт Транс» ЖШС шұғылданған.

– Тағы бір жағымды жаңалық, заман талабына сай 280 орынға арналған балабақша пайдалануға берілді. Осының алдында мұндай балабақша Қарағайлы шағын ауданында іске қосылған болатын. Осылайша, семейлік бүлдіршіндер мектепке дейінгі біліммен біртіндеп қамтылмақ. Кәсіпкерлер мемлекеттік-жекеменшік серіктестіктің мүмкіндігін жақсы түсінеді. Бұл бағыттағы жұмыстар мұнымен тоқтап қалмақ емес, – деп Даниал Ахметов балабақшаның қызметкерлері мен ата-аналарға мереке қарсаңында жылы лебізін білдірді.

«Өрлеудің» ұжымы бала тәрбиесінде инновациялық тәсілдерге ден қоюды көздеп отыр. Мәселен, дене тәрбиесінде балалардың психологиялық дамуына да айрықша мән берілмек. Сонымен қоса түрлі бағыттарды ұштастыра отыра, шығармашылық тұлғаны қалыптастыру басты назарға алынады. Одан басқа, сөйлеу мәнеріндегі патологияны ерте анықтап, мұндай кемістіктерді алдын алу да ойластырылыпты. Мекеме басшылығы мектепке дейінгі тәрбиемен мүмкіндігі шектеулі балаларды да қамтуды көздеуде.

– Балабақша білім беру ісіне ерекше дайындықпен келген. Атап айтқанда, «Ұлттық қазына» халық педагогикасы, «Жас эколог», сөйлеу мәнерін дамытуға арналған «Ертегі әлемі», сондай-ақ «Қызықты математика» сынды сан салалы бағдарламалар әзірленген. Осы ретте «Step by step» технологиясы қолданылатынын атап өткен абзал. Бұл мақсатта көркем әдебиет, ғылым, манипулятивті орталықтар қарастырылған, – деп тілге тиек етті мекеменің тәрбиешілері.

Педагогтармен тілдескен облыс әкімі Семейдегі атқарылып жатқан әлеуметтік-экономикалық жұмыстарға тоқталып, қордаланған мәселелер ретімен шешіліп келе жатқанын айтты.

Жақсылық Мұратқали, Семей.

Осы айдарда

Back to top button