Қоғам

Бұл жоба тау-кен өндірісін биік белеске көтереді

Бұл жоба тау-кен өндірісін биік белеске көтереді

Ақтоғайдағы KAZ Minerals компаниясы қолға алған индустриялық жоба 50 жылға есептеліп отыр. KAZ Minerals басқарма төрағасы Олег Новачук жобаның Қазақстан тау-кен өндірісін биік белеске көтеретінін айтады.
-Біздің Бозшакөлдегі тағы бір жобамыз 2016 жылдың бірінші тоқсанында мыс концентратын өндіруге дайын болады. Ақтоғайда сульфидті кенді қайта өңдеу, кен байыту фабрикасы 2017 жылы іске қосылады. Ақтоғайдың алғашқы мысы – өз әлеуетін одан әрі іске асыра беруге бет алған компаниямыз үшін маңызды қадам. Шынында да, қазірдің өзінде миллиардтаған қаржы ортақ қазынаға құйылуда. Мұнда кен өндіру жаңа технологиямен жүзеге асып, жұмыс орындарының ашылуына себепкер болып отыр, – дейді кәсіпкер.
Еліміздің Индустрияландыру картасына енген «Ақтоғай тау-кен байыту комбинатының құрылысы» жобасын қолға алған KAZ Minerals компаниясы өткен жылы шашамен 600 млн доллар инвестиция игерді. Бүгінгі күні құрылыс басында төрт мыңнан астам адам жұмыс істеуде. Облыстың Аягөз, Үржар, Тарбағатай, Көкпекті, Бесқарағай, тағы басқа аудандарынан келген құрылысшылар өз нәпақасын кен орнынан табуда. Сондай-ақ, Алматы, Талдықорған, Семей, Қапшағай қалалары мен Аягөз маңындағы елді мекендердің тұрғындарынан құралған жұмыс күші осы құрылыста жүр. Жобаның құны 2,3 млрд АҚШ долларын құрап отыр. Ал кен байыту комбинатының құрылысы басталғалы оның 1,14 млрд доллары игерілгенін айта кеткен жөн.
2015 жылдың желтоқсанында Ақтоғай кен байыту комбинатында тотыққан кеннен алғашқы катодты мыс өндірілді. Жалпы, тотыққан кенді өндіру мен қайта өңдеу осыдан бастап 11 жыл бойы жүргізілетін болады. Алғашқы тотыққан кен сілтісіздендіру алаңына өткен жылдың ортасында келіп түскен. Одан беріде төгінділерді суландыру, сұйықтықпен экстракциялау және электролиз сатыларынан өтті. Ал тотыққан кенді қайта өңдеу кешенінде жылына 15 мың тонна катодты мыс өндіріледі деп жоспарланып отыр. Яғни, Ақтоғай кен байыту комбинаты аймақтың экономикалық дамуына, өңделген өнімнің экспорттық үлесіне, жаңа жұмыс орындарының ашылуына және инвестицияның молаюына зор үлес қосатын болады. Бүгінгі күні сульфидті кенді қайта өңдеу мен кен байыту фабрикасының құрылысы кестеге сай қауырт жүруде. Ал фабриканы іске қосу және сульфидті кеннен мыс концентратын өндіру процестері келер жылы бастау алады. Тотыққан кенді қайта өңдеу кешені жарты жыл ішінде өзінің өндірістік қуатына толық еніп, жылына 15 мың тонна катодты мыс өндіруі тиіс. KAZ Minerals тобының Ақтоғай ашық кеніші халықаралық мыс өндірушілердің арасындағы операциялық шығындардың көлемі бойынша бәсекеге қабілетті болып табылады. Орташа жылдық өндіріс көлемі алғашқы 10 жылда сульфидті кен учаскесінен өндірілетін 90 мың тонна катодты эквивалентегі мысты және тотыққан кен учаскесінен өндірілетін 15 мың тонна катодты мысты құрайды.
Жоғарыда тілге тиек еткеніміздей, қазір мұнда еліміздің әр түкпірінен келіп еңбек етіп жатқан жандар баршылық. Өткен жылы облыс әкімі ДАНИАЛ АХМЕТОВТІҢ өзі келіп, мердігер ұйымдардың жұмысшыларының жай-күйіне қанығып қайтқан болатын. Нәтижесінде мұнда бірнеше асханалар мен жатақханалар бой көтерді.
– Еңбек еткен жан үшін мұнда барлық жағдайлар қарастырылған. Мен 56 жасқа аяқ бастым. Осыдан 70-80 шақырым жердегі Қарақол ауылында туып-өстім. Қаладағы автобазада 30 жыл жұмыс істедім, кейін ол жекеменшікке ауысқанда, мен секілді байырғы шопырлар жұмыссыз қалдық. Ақтоғай кен орнына былтыр жұмысқа тұрғанмын. Кент пен құрылыс комбинаты арасына жұмысшыларды жеткізіп тұрамын. Бір ай жұмыс істегеннен кейін бір ай демалыс береді. Бір жақсысы, еңбекақыны уақытында алып отырамыз, – дейді Махмұт Бөлегенов.

Берікхан Тайжігіт
Аягөз ауданы.

Осы айдарда

Back to top button