Қоғам

Бұл жарыс мүмкіндігі шектеулі жандардың жігерін жаныды

Бұл жарыс мүмкіндігі шектеулі жандардың жігерін жаныды

«Special Olympics» қозғалысы Қазақстанда жиырма бес жылдан бері жұмыс істейді. Осы уақыт аралығында ерекше қажеттілікті талап ететін жүздеген балалар спортпен айналысып, көптеген жаңа достар тапты, спорттың әр түрінен нағыз чемпиондарға айналды. Облыс орталығындағы Ольга Рыпакова атындағы Жеңіл атлетика манежінде ақыл-ойында ауытқушылықтар бар балалар арасында жеңіл атлетикадан өткен республикалық жарыстар барысында да осындай балғындар жаңа қырларынан ашылып, өмірге деген құлшыныстарын танытты.

Екі алтын, екі күміс және екі қола медальды қанжығаларына байлап қайтты

«Special Olympics» жобасы – бүкіл әлем бойынша ерекше балалардың бойындағы спорттық талантты ашып қана қоймай, олардың дерттерінен сауығуына, болашаққа сеніммен қарап, келешекке жоспар құруларына игі ықпалын тигізетін шаралардың бірегейі. Мүмкіндігі шектеулі жандар жаттығуларға барып, бір-бірімен араласады, өзара пікір алмасып, спортта, өмірде жаңа белестерге шығуға талпынады. Мысалы, өткен жылы өскемендік осындай жеткіншектер Бельгияда өткен халықаралық жарыстарға қатысып, екі алтын, екі күміс және екі қола медальды қанжығаларына байлап қайтқан болатын.
Ольга Рыпакова атындағы Жеңіл атлетика манежінде «Біріккен спорт» бағдарламасы бойынша өткен республикалық жарыстарға Алматы, Балқаш, Ақтау, Өскемен, Семей, Риддер, Серебрянка қалаларынан, Зырян және Аягөз аудандарынан келген командалар қатысты. Сайыс алдында атақты жерлесіміз, Олимпиада чемпионы Ольга Рыпакова қатысушыларға ешқашан мойымауға, жеңіс жолында табандылық танытуға кеңес беріп, жас спортшыларға толағай табыс тіледі. Шараға қатысқан облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының басшысы Айжан Садықова, облыстық салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығының директоры Татьяна Ермолаева жарыс жолына шыққан балғындарға сәттілік тіледі.
– Құрметті достар, мен сіздерге бүгінгі жарыстарға келгендеріңіз үшін алғыс айтамын. Сіздерге қайраттылық пен төзімділік тілеймін. Естеріңізде сақтаңыздар, сіздердің араларыңызда жеңілгендер болмайды, барлықтарыңыз да – жеңімпазсыздар, – деп жігерлендірді жас спортшыларды облыстық денешынықтыру және спорт басқармасының басшысы Елдос Чикенов.
Сауықтыру-спорттық шарасы нағыз спорттық мереке ретінде басталды. Алдымен еліміздің Әнұраны орындалып, одан кейін Спешиал Олимпиаданың туы салтанатты түрде енгізілді. Қатысушылар атлеттің антын берді.
Жиналғандар үшін Өскемендегі №38 қалалық мектеп-гимназияның чирлиндинг бойынша тобының көрсеткен жарқын өнерлері тосын сый болды. Бойжеткендер жеткіншектерді өздерінің билерімен қолдау үшін арнайы келіпті.

Ерекше балғындарға қоғамның оң көзқарасы керек

– БҰҰ-ның ЮНИСЕФ Балалар қорының және «Special Olympics» халықаралық ұйымының «Шығыс Қазақстандағы интеллекті бұзылған балалар үшін инклюзивті қоғамды қалыптастыру» қанатқақты жобасының аясында ұйымдастырылған спорттық-сауықтыру мерекесінің мақсаты – ерекше балаларды күнделікті өмірге бейімдеу, олардың спортқа деген дұрыс көзқарасын қалыптастыру болып табылады. Сонымен қатар, осындай балғындарға деген қоғамның көзқарасын да өзгерту қажет. Бүгінгі жарыстарға еліміздің түкпір-түкпірінен жүз бала қатысып отыр. Біз алдағы уақытта да осындай шараларды жалғастыратын боламыз, – деді облысымыздағы ЮНИСЕФ жобаларының үйлестірушісі Ардақ Сайлаубаева.
Ақыл-ойларында ауытқушылықтар бар жас атлеттер 25 және 800 метр қашықтыққа жүгіру, орнында тұрып секіру, жүгіріп секіру сияқты сайыстарда өз мүмкіндіктерін көрсетіп, «Біріккен спорт» бағдарламасы бойынша спорттық эстафетаға қатысты.
Ерекше жандар үшін әрбір қадам алынбас қамал сияқты. Ал алда жарыс жолы жатқанда, артыңнан қарсыласың өкшелей қуып, жетіп қалғанда, дені сау адамның өзі сасқалақтап қалары сөзсіз.
– Мұндай балалармен жұмыс істеу оңай емес. Олардың ақыл-ойы кейбір жағдайларды толық қабылдай алмауы да мүмкін. Сол себепті де көптеген балалармен олардың ата-аналары жаттығады, солармен жарыстарға еріп жүреді, – дейді ұйымдастырушылардың бірі, қоғам дамуын ақпараттық қолдау қорының директоры Ольга Свириденко.

Болашақ медбикелер үш жыл қатарынан волонтер болыпты

Жарыстар кезінде жас спортшылардың денсаулықтарын тексеру мақсатында «Сау көздер» және «Салауатты өмір салты» жобалары жүзеге асырылды.
«Сау көздер» бағдарламасында облыстық ана мен бала орталығының офтальмолог-дәрігері Зарина Әділбекова арнайы құрылғымен балалардың көздерін тексеріп, жанарларында ауытқушылық байқалғандарға бірден нұсқаулық жазып, волонтерлер көзілдіріктер таратты. Ал «Салауатты өмір салты» кабинетінде облыстық салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығының мамандары жас атлеттердің салмағын, бойын өлшеп, дұрыс тамақтану жөнінде ақыл-кеңестерін берді. Тексеруге келген әрбір балаға жеміспен қоса арнайы ақпараттық бүктемелер, кітапшалар ұсынылды. Скринингтік тексерулерді ұйымдастыруға волонтерлер – медициналық колледждің студенттері қолқабыс жасады.
Айтқан сөзге құлақ салмай, басын бұлғақтатып, бой бермей тұрған баланың қолынан ұстап, оны тыныштандыруға тырысқан студент қыз өзін Марина деп таныстырды. Аяқастынан көңіл күйі бұзыла қалған балғын көздерін тексерткенді қойып, кабинетке кіруден бас тартып тұр. Марина не дегенін білмеймін, бір кезде жеткіншек тынышталып, дәрігерге кіріп кетті.
– Балалар таңертеңнен осында жүргендіктен, шаршап қалды. Оларды әртүрлі шаралармен көп қажытуға болмайды, зерігіп кетеді. «Әдемі ойыншық аласың» деп жұбаттым, – деп құпиясымен бөлісті бойжеткен.
Ольга Свириденко газет арқылы Өскемен медициналық колледжінің директоры Әділет Ахмадиевке, басқа да демеушілерге алғысын білдіргісі келетінін жеткізді. Аталмыш оқу орнының студенттері үшінші жыл қатарынан ақыл-есінде тежелу байқалатын балалармен жұмыс істеп келеді. Болашақ мамандардың жүрек жылулары сарқылмаса екен. Ал түскі ас кезінде қатысушылардың барлығын да «Фирма Пицца Блюз» ЖШС ыстық тамақпен қамтамасыз етіпті.
Спорттық мереке қатысушыларды марапаттаумен аяқталды. Барлық спортшылар жеткен жетістіктері үшін сый-сияпатқа ие болды.
Жоғарыда айтқанымыздай, бұл жерде ең бастысы, жеңіс емес. Бапкерлердің сөзіне сенсек, мұндай сайыстардың ең басты сыйлығы – өзара қарым-қатынас көпірін орнату, мүмкіндігі шектеулі жандардың жігерлерін жанып, өмірге деген құштарлықтарын арттыру екен. Осындай жарыстардың нәтижесінде ерекше балалардың ақыл-ойында аздап болсын ілгерілеу байқалатынын, олардың есту-көру қабілеттері артып, айналасындағылардың сөздерін түсінетін дәрежеге жеткенін ғалымдар әлдеқашан дәлелдеген.

Айна Ескенқызы

Осы айдарда

Back to top button