Қоғам

Бұл тойда бәрі де жарасады

Бұл тойда бәрі де жарасады


Тәңірдің берген сыйы – Тәуелсіздік күні мерекесі өңірімізде өз деңгейінде аталып өтті. Жылдағы дәстүр бойынша Өскеменнің орталық алаңы ән-жырмен тербеліп тұрды бұл күні. Аста-төк ырысқа кенелткен ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі де елдегі молшылықтан хабар беретіндей…

Өскемендегі «Sulpak» сауда үйінің аумағында жәрмеңкенің көрігі қызып жатқанда, іргесіндегі Республика алаңында Тәуелсіздік күніне арналған мерекелік концерт те басталды. Оған жиылған көрермен мен базаршылардың қатары барған сайын көбейіп, бір-бірімен мидай араласып кетті. Бұл өзі бозторғайдай жанын қиып, боздақтарымыз алып берген ғаламат күнде сары аязды да елемей ән салып, би билеген күн болды.

Желтоқсан желі ызғарлы

Әуелі орталық алаңдағы концертке тоқталып өтейік. Иә, көрермендер ел мен жерді жыр еткен рухты әндерді бірге шырқады, қазақ биін қосыла биледі. Осылайша бір жағынан бой жылытса, екінші жағынан көтеріңкі көңіл-күймен мерекені тойлады олар.

Бұл тойда бәрі де жарасады

Концерт жүргізушілері Тәуелсіздік – ең басты құндылығымыз екенін айта келе, қала халқы мен қонақтарын әмәнда кең құшақпен қарсы алатын осынау Республика алаңына және «Қазақстан» көшесіне биыл 10 жыл толғандығын баян етті. Концерт әрмен қарай осы тақырып төңірегінде өрбіді. «Көшелердің тарихы таза парақтан жазылмаған. Оның өткені өмір сүретін адамдардың тағдырынан тұрады. Өскелең ұрпақты рухани азықтандыру мемлекеттік саясаттың негізгі бағдары болғандықтан, бүгінгі көшелердің мерейтойын атап өту алдағы уақытта да жалғасын табады» деген олар «Көңілді әлемге саяхат» деп аталатын сұрақ-жауап ойынын ұйымдастырды. Онда «Қазақстан көшесі қай жерден басталып, қай жерден аяқталады?», «Абай ескерткіші қашан орнатылды?» «Бұл алаңға 1958 жылы кімнің ескерткіші қойылды?» деген сұрақтар болды. Бұл сұрақтарға жиналған көрермен: «Құрылғылар зауытынан Ертіс көпіріне дейін», «2009 жыл», «Ленин» деп жауап беріп жатты.

– Желтоқсанның ызғарлы желін-ай! Осындай суықта алаңға шықты-ау жастар. Қасықтай қаны қалғанша күресті-ау олар. Ақыры арманына жетті.
Азаттығымыз бен береке-бірлігіміз баянды болсын! Тәуелсіздігіміз мәңгілік болсын! – деп ақ тілегін ақтарды мерекеге келген қала тұрғыны Сая Солтанова.
Тәуелсіздік күнін тойлау үшін күннің суығына қарамай орталық алаңға келіп, бір-біріне «құтты болсын!» айтып, ақжарма тілектерін арнаған адамдар қатары аз болмады. Ерлер қауымы спорттық ойындарға белсене қатысып, қол күрестіріп күштерін сынады. Аса тартысты өткен жарыстың нәтижесінде бұл сайыстың бас бәйгесіне тігілген құнан қой да өзінің иесін тапты.

Жұмылып өткерген жәрмеңке

Бұл тойда бәрі де жарасады

Осы жолғы жәрмеңкеге Тарбағатай мен Шемонайха аудандарының ауылшаруашылығы өнімдері қатар қойылды. Жылқы етінің келісі – 1400-1600, сиыр еті – 1200-1400, ал қой еті 1000 теңгеден сатылды.

– Біз бір тонна жылқы, бес тонна сиыр, екі тонна қой етін және екі тонна балық алып келдік. Сонымен қатар, құрт-май, бауырсақ сынды ауылдың «сарқыты» да бар. Осындай шараларға ауданымыздың барлық ауылы бірлігін жазбай белсенді түрде қатысады, бұған аса қуанамыз. Әсіресе, ақжарлықтарға айтар алғысымыз мол. Мәдениет үйінің әртістері де күннің суығына қарамай сахнадан табылды, – деді Тарбағатай ауданы әкімінің орынбасары Қайрат Мұратқазыұлы.

Иә, сақылдаған сары аязда ән салу былай тұрсын, тісің тісіңе тимейді ғой… Дегенмен де, өнерпаздар көңілді екен. Микрофонды місе тұтпаған Ақжар мәдениет үйінің әншісі Аян Садуақас «Домбырамды да ала келмеппін» деп бір қойды. «Тәуелсіздік күні «Тәуелсіздік монументіне» ұқсап қатып қаламын-ау…» деген ой қаперінде жоқ секілді оның.

Бұл тойда бәрі де жарасады

Айта кету керек, Шемонайха ауданының өнерпаздары да тарбағатайлықтардан қалыспады. Аязды күні алғы шепте жүретін жалынды жастар ел көңілінен шықты.

…Мерекені тойлаған жұртқа бәрі де жарасып тұрды. Әншілермен қосыла шырқаған ән де, билеген би де, тіпті спорттық сайыстарда жеңіліс тапқандардың оғаш әрекеттері де тойдың сәнін аша түскені рас. Өйткені олар үшін ең басты жеңіс – Тәуелсіздік болатын.

Тасқын Болатұлы

Осы айдарда

Back to top button