Қоғам

Бұл шаруа қожалығы талайларды тамсандырып отыр

Бұл шаруа қожалығы талайларды тамсандырып отыр

Ұлан ауданының орталығы Қасым Қайсенов кенті мен Өскеменнің арасындағы көсіліп жатқан қыратты жоталар бұл күнде мөңіреген бұзау, жамыраған қозыға толып, тай, құлыны шапқылап, шелек-шелек сүті шүпілдеген шағын шаруашылық орналасқан жерге айналыпты.

Бақташының үйі коттеджден кем емес

Бос жатқан жерді бір жылдың ішінде бұлайша танымастай етіп өзгертіп, өрісін малға толтырып отырған Қасым Қайсенов кентінің тұрғыны – Ділмұрат Жұмашұлы деген азамат.
Тасжолдан сәл бұрылып, тура тартқан біздің көлік бір бел асқан соң көркі көз тартарлық әдемі үйдің алдына келіп тоқтады. Бұл Ділмұраттың шаруашылығындағы малдарды бағып, қағып, өсіріп жатқан бақташының үйі екен. Бес-алты бөлмелі үлкен әсем үй коттеджден бір кем емес. Жанындағы моншасының іші-сырты бірдей саңғырап тұр. Ұзын етіп салынған жабық мал қорасының өзі түп-түзу, ұқыптап қаланып, тұрғызылыпты. Жап-жаңа екі-үш ауыл шаруашылығы техникасы да мына шаруашылықтың кешелі-бүгінді ғана құрылғандығының куәсіндей болып көрінді.
– «Жұмыспен қамтудың жол картасы -2020» бағдарламасы бойынша үш миллион теңге несие алған Ділмұрат Жұмашұлының іскерлігі соншалық біраз ғана уақыттың ішінде малының басын көбейтіп, қора-қопсысын салып, жұмысшыларына барлық жағдайды туғызып, қысқасы, жоқтан бар жасап, қолынан іс келетін, аса еңбекқор азамат екенін көрсетті, – деді Ділмұраттың жаңа кәсібі жайында бірін -бірі толықтыра әңгімелеп өткен Ұлан ауданы әкімінің орынбасары Дулат Қажанов пен аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Альгиза Ибраимова.
Кәсіпкердің шаруашылығына Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі еңбек қатынастары басқармасының басшысы Бағдат Жұмағұлов бастаған министрлік өкілдерінің қатысуымен ұйымдастырылған пресс-тур бойынша келген біз шынында да Ділмұраттың кішігірім шаруа қожалығынан өзгелерде жоқ талай нәрсені көріп, тамсандық.
Соның, ең бастысы, жұмысшылардың еңбекақысына қатысты. Осында мал бағып жатқан бес адамға ай сайын 57 мың теңге жалақы төленіп, зейнетақы жарнасы мен әлеуметтік төлемдері бөлініп, барлық еңбек қатынастары заңдылықтары қатаң сақталынып отыр. Яғни, әр жұмысшының қажетті кезінде еңбек демалысына шығуына, еңбек шартына байланысты өзге де тиісті жағдайларды пайдалануына құқы бар.
Мал қыстақтары мен жайлаудағы бірден-бір проблема жарықтың жоқтығы болса, мұнда ол мәселе бәрінен бұрын шешімін тауыпты. «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша инфрақұрылымдарды жүргізуге орай үш млн теңге бөлініп, шаруашылыққа жақын маңнан электр желілері тартылып, үй де, қоражай да қуат көзіне қосылған.

Малдың санын 500-ге жеткізуді жоспарлап жүр

Энергия мәселесі шешелген Ділмұраттың қолы көп ұзамай кірпішке де жетіпті. 2006 жылы Қытайдың Алтай өңірінен туған жерге көшіп келген қандасымыз биыл сол елден кірпіш шығаратын, етті бөлшектеп, қаптап сататын құрал-жабдықтар сатып әкеліп, шаруашылықтың құрылысына қажетті кірпіш, асфальт материалдарын өзі өндіруге кіріскен жәйі бар. Осылайша шаруашылықты кеңейтуге керекті құрылыс материалдарымен қамтудың, бағып, бордақылап отырған ірі қараның етін қаптап, тұтынушыға қолайлы етіп өткізудің жолы оңай табылған. Несиеге берілген үш млн.теңгеге сатылып алынған 22 бас ірі қара қазір 90 ға жеткен, алдағы уақытта малдың санын 500-ге жеткізу көзделінуде. Шаруашылықта қой мен жылқы да бар. Негізінен етті, сүтті бағыттағы ірі қара өсіруді ойға алғандықтан жаз бойы қойдың біраз бөлігі сатылып, ықшамдалған.
– Осы жерде тірі мал базарын ашсам деп жоспарлап отырмын. Өйткені, қала маңынан мал базарын ашу қай жағынан болса да тиімді болатынын байқадым, қоңды малды көзбен көріп, таңдап алғанды жөн көретіндер көп,- дейді Ділмұрат.
Бақташылар отбасының балалары Қасым Қайсенов кентіндегі мектепте оқиды. Балаларды таңертең мектептің Газель көлігі жинап әкетіп, түстен кейін үйді -үйлеріне жеткізіп салады.
Кент те, қала да іргеде тұрғандықтан сауынды сиырлардың сүтін қайда өткізем дейтін мәселе жоқ. Күн сайын сауылып алынатын 120 литр сүт қаладан келетін тұрақты сатып алушыларға 70 теңгеден сатылып отыр.

Денсаулық және әлеуметтік даму министрлігі еңбек қатынастары басқармасының басшысы Бағдат Жұмағұлов 40 гектар жер сатып алып, ірі қара өсіріп, еті мен сүтін өткізіп, кірпіш шығарып, жұмысшыларына барлық жағдайды жасап бағып отырған Ділмұрат Жұмашұлының шаруашылығы, еңбекқорлығы өздерін қайран қалдырып тұрғанын жасырмай, бастаған ісінің баянды болуын тіледі.
Ділмұраттың әйелі Қасым Қайсенов кентіндегі балабақшада жұмыс істеп жатыр. Төрт бала өсіріп, тәрбиелеп отырған жары ерінің тыным таппай, атқарып жүрген ісінің алға басуына көмектесіп, шаруаның бір жағынан шыға білуде.
– Ата-бабамның кіндік қаны тамған жері – Зайсан ауданының Дайыр ауылы жағы. Өзіміз тоғыз ағайындымыз, жетеуі елімізде, екеуі Қытайда тұрып жатыр. Өзімнің мамандығым – экономист. Істің ыңғайын табуға тырысуымның өзіне осы мамандығымның да азды-көпті пайдасы тиген шығар деп ойлаймын. Бірақ маған күш, жігер беретін – туған жердің топырағы, туған елімнің ауасы, аспаны. Қазақстанға көшіп келіп, ел қатарлы тұрмыс кешіп, жеңілдетілген несие алып, алаңсыз еңбек етіп жатқаныма қуанамын, сол ісімнің шапағаты өзге де ағайынға тиіп жатса, одан өткен қандай мәртебе, бақыт бар, – деді Ділмұрат бізді шығарып салып тұрып, болашаққа жоспарлап отырған істерінің де аз еместігін айтып.

Жанаргүл Мұқатай

Осы айдарда

Back to top button