Қоғам

Бұл саланың жұмысына жүйелілік жетіспейді

Бұл саланың жұмысына жүйелілік жетіспейді

Құрылыс

Кеше облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВТЫҢ төрағалығымен 2013 жылы құрылыс саласында атқарылған жұмыстарды қорытындылаған селекторлық кеңес өтті. Жиында облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Серік Төленбергенов, мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау және лицензиялау департаментінің директоры Мәди Отарбаев, «Мемсараптама» РМК облыстық филиалының директоры Ержан Тікібаев есепті баяндама жасады.
Әуелі облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВ бұл салада айтарлықтай түйткілді мәселелер бар екенін атады.
Басқарма басшысы Серік Төленбергеновтың айтуынша, өткен жылы 137,5 млрд. теңгенің құрылысы жүріп, оның көлемі былтырғы кезеңмен салыстырғанда 12,5 пайызға артқан. 291,3 мың шаршы метр баспана беріліп, салаға бөлінген қаржының 99,7 пайызы игерілген. Игерілмей қалған 99,7 млн. теңгенің 69,9 млн. теңгесі – білім ошақтарына, 21,8 млн. теңге – денсаулық сақтау нысандарына, 7,4 млн. теңге – әлеуметтік нысандарға тиесілі.
Жыл бойы құрылысы жүрген 57 білім нысанының 18-і қолданысқа берілсе, қалған 39-ы ағымдағы жылдың еншісіне қалып отыр. Күршім, Үржар, Зырян, Ұлан аудандарындағы білім ордаларының құрылысын жаңа оқу жылына дейін тапсыру мүмкіндігі бар екенін айтып сендірген Серік Төленбергенов Глубокое аудандық ауруханасының құрылысы шілде айында аяқталса, облыстық қан орталығын желтоқсан айында қолданысқа беру жоспарланғанын мәлімдеді. Тұрғын үй құрылысында да қаржы толық игерілмеген. Жыл бойында Өскемен қаласында – 9 үй, Семей қаласында – 6 үй, Риддерде – 3 үй, Ұлан, Зайсан, Зырян, Шемонайха аудандарында бір-бір тұрғын үй салынған. Аймақ басшысы құрылыстың сылбырлығынан халықтың баспанаға деген сұранысы қанағаттандырылмай отырғанын ашып айтты.
– «Самұрық Қазына» жылжымайтын мүлік қоры, «Бәйтерек» ұлттық холдингі сынды институттарды облысқа тарта білуіміз керек. Олардың облысқа қаржы құюына өзіміз мүдделілік танытуымыз қажет. Осыған дейін ипотекалық институттарға жөнді ұсыныстар да берілмеген. «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» шарттары халыққа ыңғайлы. Бұл бағытта да байланыс әлсіз қалып отыр», – деді өңір басшысы. Ол сондай-ақ, коммерциялық баспана құрылысына да басқарма тарапынан қолдау көрсетілу керектігін, әсіресе, тиісті инфрақұрылыммен уақтылы қамтамасыз ету қажеттігін ескертті.
Құрылыстардың кешеуілдеуіне мердігерлердің жауапсыздығымен қатар, мемлекеттік бағдарламалардың әкімшілері тарапынан бақылаудың әлсіз жүруі де себеп болған. Облыстың бас құрылысшысы өңір бойынша 7 апаттық мектеп қалғанын, оларды 2015 жылға дейін жаңалауға мүмкіндік бар екенін де мәлімдеді.
Облыс басшысы әлеуметтік маңызға ие нысандардың типтік жобалары әлі күнге бекітілмей келе жатқанына қынжылыс білдірді. Кемшіліктің көбі техникалық және авторлық қадағалаушылардың жүгенсіз кетуінен орын алатынын еске салған аймақ басшысы құрылыс басқармасы бұл тұрғыда талапшыл болуы керектігін меңзеді.
-Жер-жерде нысандарды аралау кезінде техникалық және авторлық қадағалаушыларды құрылыс басынан таппай қалатын кездер жиі кездеседі. Олардың басын қосып, талапты күшейтпей болмайды. Жауапсыз мердігерлердің тізімі жайлы айтып келе жатқанымызға аз болған жоқ. Бұл орайда да сылбырлыққа жол берді, – деді ол. Мемлекет қаржысын тиімді жұмсамай, құрылысты құрдымға жіберген мердігерлердің жазасыз қалмауына да мүдделілік танытар кез жеткені айтылды. Басқармаға маман тоқтамауы салдарынан жұмыс жүйеленбей жатқанын айтқан облыс басшысы маман таңдау ісіне тиянақты қарау қажеттігін жеткізді.
Жауапсыз мердігерлерді жазасыз қалдырмауға мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау және лицензиялау департаменті де күш салуда. Департамент директорының сөзіне сенсек, бір жылдың ішінде 47 лицензияның қайтарылып, жойылуы – соның дәлелі. Мәди Отарбаев құзырлы орган тарапынан 600 құрылыс нысанына жүргізілген тексерістер нәтижесінде 869 тұлға жауапқа тартылып, 37,3 млн. теңге өндіріп алынғанын айтады. Мәселен, «Ақ бұлақ» бағдарламасы бойынша жүргізіліп жатқан 20 нысанның жетеуін тексеру нәтижесінде 9 тұлға жазаға тартылған. Анықталған келеңсіздіктердің барлығы дерлік жыл сайын қайталанып келе жатқан кемшіліктер көрінеді. Соның ішінде ескі материалды пайдалану сынды өрескел кемшіліктер де бар. Департамент басшысы бұдан былай техникалық және авторлық қадағаулаушы мекемелердің жауапкершілігі артатынын баяндады. Құзырлы орын қадағалаушылардан әрбір нысан бойынша апта сайын ақпарат талап ететін болады. Ол үшін заңнамаға арнайы бап та енгізіліпті. Ал тәртіпке бағынбағандар сот алдында жауап береді. Өңір басшысы департамент басшысына құрылыста қазақстандық құрамның сақталуы, лицензия тарату және қайтару тетіктерін жетілдіру жұмыстарына көңіл бөлуді тапсырды.
Құрылыстың кешеуілдеуіне бірден-бір себепкер фактор ретінде жобалық-сметалық құжатты дайындау мен мемлекеттік сараптамадан өткізудің машақаты да жиі айтылады. «Мемсараптама» РМК облыстық филиалының директоры Ержан Тікібаев жобаның мемлекеттік сараптамадан өту мерзімі 45 күн екенін айтады. Жобаны жүзеге асырушылардың салғырттығынан бұл мерзім айлап созылатынын айтқан мемлекеттік сараптама филиалының басшысы аталмыш мерзімді әлі де қысқарта түсудің жолдары қарастырылып жатқанын жеткізді. Сараптаманың кешігуіне жобалаушылардың жеткіліксіз және жалған ақпарат беруі көп әсер ететін көрінеді. Сондай-ақ, мәтіндегі қарапайым грамматикалық қателіктердің кесірінен кері қайтарылатын жобалар да кездескен. Сараптаманың кешігуіне мұндай сауатсыздықтың әсер ету көрсеткіші 34 пайызды құраған. Құрылыс жобаларының құнын қайта қарау нәтижесінде жеті млрд. теңгеден астам қаржы үнемделген. Құрылысты жобалауға бөлінетін қаржының мөлшері жобаның жалпы құнының 15-20 пайызынан аспауы керектігін де айтты Ержан Тікібаев.
Жыл бойы құрылыс саласында атқарылған жұмыстарға көңілі толмайтынын айтқан аймақ басшысы сала басшыларының алдына жоспарланған құрылыстардың жобалық-сметалық құжаттарын бірінші тоқсанның аяғына дейін пысықтау, жыл соңына дейін «сақалды құрылыстардың» барлығын бітіру, типтік нысандардың нақты құнын бекіту, жауапсыз мердігерлердің жолын жабу, қазақстандық құрамды сақтап, жергілікті өндірушілерді қолдау, техникалық кеңес жұмысын жандандыру сынды бірнеше міндеттер жүктеді. Жиынды қорытындылаған облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВ құрылыс саласы өңір экономикасының локомотиві екенін айта келе, жыл сайын қайталанатын қателіктерді болдырмау үшін саланың жұмысын жүйелендіру керек екенін ескертті.

Есімжан Нақтыбайұлы

Осы айдарда

Back to top button