Бұл орталық достық көпіріне айналады

Халқымыздың бүгінгі тарихында, мәдениеті мен әдебиетінде Абай мұрасының алатын орны ерекше, оны бір сөзбен айтып жеткізу қиын. Абайды тану – адамзатты тану. Абайды тану арқылы біз өткен мен бүгіннің парқын білеміз, болашағымызға сенеміз.
«Абай сөздері дүнияда қалғаны – қазаққа зор бақ», – деп ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы айтқандай, Абайдың мұрасы сан ұрпаққа рухани қазына болып қалды. Бұл қазынаны ақтарған сайын тың жаңалықтар көзін тауып, сонау бағзы замандағы қазақ халқын әлемдік мәдениетке жеткізу жолындағы рухани бастаушыны танитынымыз анық. Абай шығармашылығы – адамзат даналығының таусылмас қазынасы. Оның даналығы мен парасаттылығы, озық идеялары – Қазақстанды әлемдегі дамыған елдер кеңістігіне апарар лайықты жолға жөн сілтейді.
Алғаш Абайды бүкіл дүниежүзіне таныту арқылы қазақ халқын әлемге паш еткен Мұхтар Әуезов болса, ендігі уақытта біз дүниежүзілік білім кеңістігіндегі тәуелсіз Қазақстанның рухани көшбасшысы – Абайды «қазақ халқының символы» ретінде биікке көтеруіміз қажет.
Абай арқылы қазақ халқын әлем таныды. Ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың: «Абай – біздің ұлттық ұранымыз болуы керек. Абайды таныту арқылы біз Қазақстанды әлемге танытамыз, қазақ халқын танытамыз. Менің балаларым мен ертеңгі ұрпағыма Абайдан артық, Абайдан ұлы, Абайдан киелі ұғым болмауға тиіс», – деген сөзі бізге үлкен міндеттер жүктейді.
Абай есімі бүгінде әлемді шарлады. Әлемнің 20-ға таяу мемлекетіне Абай бабамызға арналған ескерткіш, мүсіндер қойылып, Абай үйі ашылып, көшелерге хакімнің аты берілген. Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында: «Абайдың даналығы, Әуезовтің ғұламалығы, Жамбылдың жырлары мен Құрманғазының күй¬лері, ғасырлар қойнауынан жеткен бабалар үні – бұлар біздің рухани мәдениетіміз», – деп атап көрсеткен. Осы бағдарламаны іске асырудың тағы бір жарқын көрінісі – ұлы Абайға Польша мемлекетінде зор құрмет көрсетілуі еді.
Елбасы жариялаған Жастар жылында С.Аманжолов атындағы ШҚМУ облыс әкімдігінің қолдауымен Польшаның Свече қаласындағы лингвистикалық-техникалық университеті базасында «Абай» атты жастардың мәдени-білім беру орталығын ашты. Бұл күнді Қазақстанның рухани және мәдени өміріндегі айтулы күн деуге болады. Абай орталығын шетелде ашу туралы бастаманы қолға алып, сол елдің елшілігімен, Свече университетінің келісімімен ынтымақтастық орнатқан ШҚМУ ректоры, профессор Мұхтар Төлегеннің еңбегін ерекше атап айту қажет. Мұхтар Әділбекұлының айтуынша, орталықты ашудағы басты мақсат – отандастарымыздың мәдени жетістіктерін әлемге насихаттау. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ашылған бұл орталық – Польшада оқып жатқан жастарымыз үшін қазақстандық мәдени-білім орталығы болса, Польша жастары үшін Қазақстанның туристік әлеуетін, тарихы мен мәдениетін, ғалымдар еңбектері мен ақын-жазушыларын таныстыру болмақ.
Орталықты ашуға екі университет үлкен дайындықпен кірісті. Біршама уақыт екі тарап қызу жұмыстар жүргізді. Польша тарапы жеке ғимарат бөлді. Оның ішін реттеу ШҚМУ ұжымының үлесіне тиді. Университет ректорынан бастап профессор-оқытушы ғалымдар Абай, Шәкәрім, М.Әуезов шығармаларын және Қазақстан туралы қазақ, поляк, ағылшын, орыс тіліндегі кітаптарды, мәдени жәдігерлерді сыйлыққа тапсырды. Сондай-ақ керекулік мүсінші Дәурен Доcжановтың Абай мүсіні мен суретші Әлібек Шоқановтың «Абай» картинасын сыйға берді.
Абай мұрасын және Шығыс Қазақстан жерін таныстыратын латын қарпімен жазылған қазақ және ағылшын тілінде үш үлкен стенд жасалып, орталықтың қабырғаларына ілінді. Қазақтың қасиетті домбырасы мен Абайдың суреті бар кілем орталықтың төрінен орын алды. Іші кітаптар мен ұлттық жәдігерлерге толған орталық ұлттық мұражай үйіне айналғандай. Университеттен арнайы дайындықпен шыққан делегация мүшелері: ректор М.Төлеген, ШҚМУ профессоры С.Оразалин, абайтанушы ғалым А.Картаева, халықаралық бөлім бастығы М.Серіков осы заттарды қаншама шақырымды артқа тастап, сонау Польшаға жеткізді.
«Абай» орталығының ашылу салтанаты өте әсерлі болды. Лингвистикалық-техникалық университеттің ректоры Эльжбетте Штерналь, Опиногура округінің мэрі Пиотр Чижик пен С.Аманжолов атындағы ШҚМУ ректоры Мұхтар Төлеген орталықтың лентасын салтанатты түрде қиды. Қазақстаннан келген делегацияны славян халықтарының дәстүрі бойынша нан және тұзбен қарсы алды. Жиналған поляк жұртшылығына «Абай» орталығын таныстыру жұмыстары жүргізілді. Алғашқы сөзді ректор Мұхтар Төлеген бастап, орталықты ашудағы мақсатын түсіндірді. Абайдың «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп», – деген сөзін мысалға келтірді.
Екінші сөзді ф.ғ.к., ШҚМУ профессоры Сләмбек Оразалин алып, жиналған жұртшылықты «Абай» орталығының ашылуымен құттықтап, өзінің жүрекжарды өлеңін арнады.
Сонымен қатар алқалы жиында Абайдың өмірі мен шығармашылығы, әлемдік әдебиет пен мәдениетке қатысы туралы кеңінен баяндалды. Қазақ пен поляк халқының байланысы, Құнанбай жайлы алғаш құнды пікір айтқан поляк саяхатшысы А.Янушкевич туралы айтылды. Саяси жер аударылған поляк зиялыларының ішінде Абай Құнанбаевпен жақын достық байланыс орнатқан Северин Гросс туралы, оның «Абай жолы» эпопеясында бейнеленгені туралы құнды деректер айтылды.
Сондай-ақ Абайдың «Желсіз түнде жарық ай», «Көзімнің қарасы» әндері орындалды.
Бұл шара ары қарай салтанатты рәсіммен жалғасты. Польшаның лингвистикалық-техникалық университетінің ректоры Эльжбетте Штерналь Қазақстаннан келген делегацияны таныстырып, «Абай» орталығының ашылуымен құттықтады. Екі елдің ЖОО-лары арасында бірлескен ғылыми-шығармашылық, білім беру, әдеби-мәдени шараларды іске асыру жоспары аталып, екі оқу орны ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.
Эльжбетте Штерналь келген қонақтарға ризашылығын білдіріп, поляк тіліндегі кітаптарды сыйлыққа тарту етті. Қазақстаннан барған делегация халқымыздың дәстүрі бойынша Эльжбетте Штернальға камзол жауып қошеметтеп, университетіміздің ең үлкен марапаты – «Абай» медалін табыс етті.
Аталмыш шара қазақтың, поляктың әндерін айтумен, өлең-жырларын оқумен әсерлене түсті. Польшадағы университеттерде академиялық ұтқырлықпен оқып жатқан С.Аманжолов атындағы ШҚМУ студенттері арнайы келіп, ақжарма құттықтауларын білдірді. Олар С.Тұрысбековтің «Көңіл толқыны» күйін орындады. Поляк жұртшылығы Абайдың өлеңдері мен әндерін, қазақтың күйлерін ынтызарлықпен тыңдады. Екі халықтың тереңде жатқан тарихы тағдырлас екені байқалды.
Осы орайда екі ел арасындағы байланысты нығайтуға қызмет етуші Польшадағы Қазақстанның елшісі М.Баймұханға зор алғыс айтуымыз керек.
Екі ел арасындағы білім беру және мәдени қарым-қатынастардың бастамасы ретінде Польшадағы «Абай» жастар орталығында С.Аманжолов атындағы ШҚМУ студенті Ерасыл Мұхаметқалиевтың «50+50=100» атты Қазақстан-Польша тәуелсіздігінің тарихына арналған кітабы қазақ, орыс және ағылшын тілінде жарық көрді. Биылғы ақпанда Иоанн Павел ІІ Люблин католиктік университетінде аталмыш кітаптың тұсаукесері өтті.
Университет басшысы М.Төлегеннің ұсынысына сәйкес, жыл аяғына дейін университет қабырғасында Польша тәуелсіздігі жолында ерекше еңбек атқарған дарынды поляк жазушысы Зигмунд Красинский атындағы қазақ-поляк орталығы ашылады деп жоспарлануда.
Иә, «Абай» жастардың мәдени-білім беру орталығының ашылуы Қазақстан мен Польшаның арасындағы өзара достық, рухани байланысты нығайтуға бағытталған үлкен істің бірі болғаны даусыз. «Абай» әдеби-мәдени, ғылыми орталығын ашу және оны жүзеге асыру – халықаралық деңгейдегі ең маңызды білім беру және мәдени-ағарту жобаларының бірі. «Абай» орталығы дүниежүзімен кемел достық көпіріне айналатын, білім кеңістігінде өзара тұрақты байланыс орнататын рухани орта болатыны сөзсіз.
Айжан Картаева,
филология ғылымдарының докторы,
С.Аманжолов атындағы ШҚМУ профессоры