Бұл мәшинені Кеден одағы шеңберінде бірінші болып біз шығардық
«Азия Авто» тұтынушыларына жаңа өнімдерін ұсыну жұмыстарын бәсеңдетер емес. Олай дейтініміз, отандық автокөлік құрастыру зауыты 2013 жылдың басынан бергі уақытта-ақ бірнеше жаңа көлік маркаларын шығаруды қолға алған-ды. Енді олардың қатарына «Skoda Rapid» те қосылды. Ең мақтанарлығы, бұл автокөлікті Кедендік одақ шеңберінде алғашқы болып біздің компания шығара бастапты.
«Skoda Rapid» – чехиялық компанияның жаңаша үлгіде шығарылатын, оның тың дизайнерлік бастамаларын паш ететін сегіз көліктің алғашқысы болмақ. Ол әлем жұртшылығы назарына алғаш рет былтыр Парижде өткен халықаралық автосалонда ұсынылған.
Жалпы мамандардың айтуынша, «Rapid» чех маркасының даму стратегиясында маңызды орынға ие. Өйткені, бұл темір тұлпардың өн бойында көлік құрастырушылар мен дизайнерлердің жаңа идеялары айқын көрініс табуда. «Rapid» – алдыңғы қатарлы технологияларымен және асқан үнемділігімен кім-кімді де таңғалдыратын әдемі, әрі кең отбасылық автокөлік.
Бүгінде еліміздің жолдарында «Fabia», «Octavia», «Yeti», «Superb» сияқты «Skodaның» түр-түрін кездестіруге болады. Ресей және ТМД елдері бойынша «Skoda Auto» компаниясының аймақтық директоры Мирослав Кроупа мырза енді жаңа «Rapid» те қазақстандықтар тарапынан лайықты бағасын алар деген үмітте.
– 2012 жылы «Skodaның» жалпы өнімділігі 6,8% өсті және жаңа рекордтық көрсеткіш – сатылған автокөлік 949,4 мыңға жетті. Ақшалай түсім де бұрын-соңды болмаған 13,5 млрд. АҚШ долларын құрады. Бұған Израиль, Түркия, Алжир, Мароккомен қатар, сіздердің елдеріңіз де ерекше үлес қосып келеді. Қазақстан «Skoda» маркалы көліктер сатылымының рекордтық көрсеткіштері тіркелген елдердің бірі болды. Бұл тұрғыда сіздердің елдеріңіз алпауыт көршілеріңіз – Ресей және Қытаймен үзеңгі қағыстырып келеді, – дейді ол.
Иә, расында да, Қазақстан Кедендік одақ елдері ішінде «Skoda Rapid» маркасын өндіре бастаған алғашқы мемлекет болуы бекер емес сияқты. Әйтпесе, Мирослав Кроупа дәл осылай сөз саптамас еді. Қалай дегенде де, отандастарымыз жаңа «Rapidтің» қызығын Ресей мен Беларусь тұрғындарынан бұрын көретіні бізді ерекше қуантқан ақпарат болғаны рас.
«Skoda Rapid» – қала жолдарына арналған, бес орындық лифтбэк. Ұзындығы – 4,48, ені – 1,7 метр. Жүксалғышының сыйымдылығы – 550 килограмм литр. Двигатель күшінің көлемі 1.2 литр (75 аттың күші), 1.2 л (105 а.к.), 1.4 (122 а.к.) және 1.6 л (105 а.к.). Бес сатылы механикалық және жеті сатылы DSG трансмиссиялы автоматты беріліс қораптарымен жабдықталған түрлері бар. «Нашар жолдарға арналған пакет», алдыңғы орындықтарды жылыту, ауа баптағыш, аудиожүйе (CD+MP3+4 динамик), тіптен, терезені мұздан тазартуға арналған қырғыш сияқты көптеген функциялармен қамтылған.