Қоғам

Бұл мерекенің әлемде баламасы жоқ

Бұл мерекенің әлемде баламасы жоқ

– Бұл әлемде баламасы жоқ бірегей мереке. Толеранттылықты қалыптастыру мен оны сақтаудағы Қазақстанның тәжірибесін қазір дүниежүзінің көптеген елдері қолданып отыр, – деп атап өтті облыс әкімі Даниал АХМЕТОВ Рухани келісім күні қарсаңында өңірдің діни, қоғамдық бірлестіктер жетекшілерімен, зиялы қауым өкілдерімен болған алқалы жиында.
Жылдағы дәстүр бойынша биыл да айтулы мереке Шығыста ерекше сипатта тойланды. Алыс-жақыннан ат терлетіп жеткен құрметті қонақтардың, сала мамандарының басын қосқан өзекті мәселелер талқыланған облыс дінтанушыларының II форумымен басталған іс-шара Өскемендегі «Алтай» технопаркінде аймақ басшысы қатысқан мағыналы кездесумен жалғасын тапты.
Сонымен қатар, облыс басшысы Даниал АХМЕТОВ еліміздегі православие шіркеуінің басшысы, митрополит Александрмен кездесу өткізді.
– Баршаңызды Рухани келісім күнімен шын жүректен құттықтаймын. Бұл әлемде баламасы жоқ бірегей мереке. Бұл ғажап дәстүр өзінің бастауын осыдан 23 жыл бұрын еліміздің сол кездегі астанасы Алматыда өткен ең алғашқы Дүниежүзілік рухани келісім конгресінен бастау алады. Оның алдында жүз жыл бұрын Чикагода (АҚШ) дәл осындай конгресті өткізуге талпыныс жасалған, бірақ ол әрекеттен ештеңе шықпаған. Алайда, Қазақстан Президенті Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ көреген саясатының арқасында оны біздің елде өткізуге мүмкіндік туды. Ал сенім мен құрмет, татулық пен келісім, бірлесе қызмет ету секілді құндылықтар Рухани бірігудің негізіне айналды. Естеріңізде болса, тәуелсіздіктің алғашқы жылдары белгілі сарапшылар көпұлтты, көпдінді еліміздің әлемдік қауіп-қатерлерге төтеп бере алмайтынына болжам жасаған-ды. Бүгінгі күні көпқырлылық салдарынан елдің іргесі сөгіледі деген болжамдары жоққа шықты. Біз бұл ерекшелікті жоққа шығарып қана қоймай, мемлекеттің құндылығына айналдыра алдық. Бүгінде әлемнің бірқатар елдері Қазақстанның толеранттылықты қалыптастыру және сақтау бағытындағы озық тәжірибесін үлгі тұтып, кәделеріне жаратуда. Бұл – ең әуелі Елбасы еңбегінің жемісі! – деді облыс әкімі Даниал АХМЕТОВ.
Сондай-ақ, аймақ басшысымен кездесу барысында өңіріміздегі әртүрлі діндердің жетекшілері, зиялы қауым және қоғам өкілдері елдегі конфессияаралық ауызбіршілік, тұрақтылықты сақтау, қауіп төндіретін сыртқы күштерге бірлесе төтеп беру, жас ұрпаққа дұрыс тәрбие беру тәрізді мәселелер төңірегінде ой өрбітіп, пікірлерін ортаға салды. Бір-біріне ақжарма тілектерін жолдап, мерекемен құттықтады.
– Еліміздің Ата Заңы «Біз Қазақстан халқы» деп басталуының өзі еліміздегі барша діндер мен ұлттардың өкілдері бір шаңырақтың астында татулықта тұруын меңзейді. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының да басты ұстанымдарының бірі – елдің ынтымағын, діндердің, ұлттар мен ұлыстардың арасындағы келісімді нығайту. «Ораза, намаз тоқтықта» деп қазақ халқы бекер айтпаған. Ендеше тыныштық болған жерде дініміз де қанатын кеңге жая бермек, – деп сөйлеген ҚМДБ-ның Өскемен өңірі бойынша өкіл имамы, облыстық мешіттің бас имамы Нұрлан қажы Асанов діни және өзге де мерекелерді барша қазақстандықтар, оның ішінде барлық діндер өкілдері бірлесіп тойлау қажеттігін айтты.
Әріптесінің бұл пікірін Өскемен және Семей епархиясының эпископы владыка Амфилохий да қолдап, қасиетті жазбалардағы апостол Павелдің «барша адамдар бір-бірімен бейбітшілікте өмір сүруі керек» деген өсиетін алға тартты.
Мерекелік жиын соңында аймақ басшысы Даниал АХМЕТОВ конфессияаралық келісімді нығайтып, дін саласындағы мемлекеттік саясатты қалыптастыруға және тұрғындардың діни сауаттылығын арттыруға қосқан үлесі үшін бірқатар діни бірлестіктер мен зиялы қауым өкілдеріне грамоталар, алғыс хаттар және ақшалай сыйлықтар табыс етті.
Рухани келісім күні мерекесін тойлаудан темір тордың арғы жағында жазасын өтеп жатқандар да тыс қалмады. Облыстық дін істері басқармасының ұйымдастыруымен Өскемендегі ОВ 156/3 түзеу мекемесінде арнайы шара өтті. Жыршы-термешілер қазақтың қара домбырасымен тағылымы мол жырларды орындаса, ақындар Отан туралы патриоттық өлеңдерін оқыды, әншілер әсем әндерімен көпшіліктің көңілін көтерді. Оған қоса осы шара барысында теологтар сотталғандармен еліміздің дін саласындағы мемлекеттік саясаты туралы әңгіме өрбітті.
Діни ғимараттар көп болса, абақтылар азаяды
Кеше облыс әкімі Даниал АХМЕТОВ еліміздегі православие шіркеуінің басшысы, митрополит Александрмен кездесу өткізді. Мәртебелі мейманның өңірімізге келгендегі мақсаты – Өскемендегі қалпына келтіру жұмыстары жүргізілген Әулие-Троицк соборын дәріптеу.
– Ең алдымен сіздерді алдағы Рухани келісім күні мерекесімен құттықтаймын. Бүгінгі еліміздің өсіп-өркендеуі, халықтың әл-ауқатының өсуі – бәрінен бұрын тыныштықтың, татулықтың арқасы. Осындай тамаша мереке қарсаңында келген қадамдарыңызға гүл бітсін. Қайта жөндеуден өткізілген Әулие-Троицк соборына келсек, біздің тараптан көмек көрсетіледі. Абаттандыруға және басқа да тиісті жұмыстарды жүргізуге қол ұшын береміз. Жалпы, ол жердің жоғары құрметке лайық болуы үшін барлығын жасаймыз, – деп атап көрсеткен аймақ басшысы Даниал АХМЕТОВ православие діні өкілінің ізгі мақсат жолындағы қызметіне сәттілік тіледі.
Естеріңізге сала кетейік, Әулие-Троицк шіркеуі – Өскемендегі ең алғашқы тастан салынған ежелгі ғимарат, сәулет ескерткіші. Кейінгі уақытта діни ғимарат ескіріп, кетеуі кете бастағандықтан 2013 жылы шіркеудің алғашқы кескін-келбетін қайта қалпына келтіру бойынша жөндеу жұмыстары басталған. Бүгінде барлық жұмыстар аяқталған. Жалпы шығыны 130 млн. теңгені құраған қайта жөндеу жұмыстары «БИПЭК Авто» АҚ, «Өскемен ТМК» АҚ, «Қазцинк» ЖШС сияқты бірқатар компаниялардың демеушілік қаражаты есебінен атқарылды.
– Бірде Патриарх Кириллден «көп шіркеудің қанша керегі бар?» деп сұрағанда, ол: «Діни ғимараттар көп болса, абақтылар азаяды» деп жауап берген екен. Шындығанда солай. Имандылыққа бет бұрған, жүрегінен ізгіліктің нұры төгілген адам ешқашан жамандыққа бармайды. Сондықтан Әулие-Троицк соборының да қызметі осындай ұлы мақсаттармен ұштасып жатыр. Шіркеуді көрдім, көңілім толды. Ғимарат бұрнағы ерекше келбетін қайта тауыпты. Ұжымдық еңбектің, бірлесе атқарылған үлкен жұмыстың нәтижесі анық көрініп тұр. Осындай құдай жолындағы сауапты іске қол ұшын созып, қолдау көрсеткен баршаға, оның ішінде әсіресе, облыстың басшылығына дән ризамын, – деп ағынан жарылды митрополит Александр.

Серік Әбілхан

Осы айдарда

Back to top button