Қоғам

Бұл мектепте аң-құстың барлық түрі бар

Бұл мектепте аң-құстың барлық түрі бар

Аудандағы ең іргелі де жүлделі білім ордаларының бірінен саналатын №4 Күршім орта мектебінде «Тірі табиғат» бұрышы ашылып, мұның өзі табиғат жанашырларының, білуге құмар ұстаздар мен талапты оқушылардың қызу қолдауына ие болып жатыр дегенді естіген едік. Оны ашқан жас ұстаздың, жас та болса көп нәрсеге бас болуға ұмтылыс білдіріп жүрген Саят Қалибеков екенінен де құлағдар болғанбыз.

Бұл мектепте аң-құстың барлық түрі бар

Жақында аталған мектепке арнайы барып, бұрышқа арнап әдейі берілген бөлменің ішіне кіргенде мұндағы тап-тұйнақтай тазалыққа, сайрап тұрған құстардың әуеніне сүйінгенімізді жасыра алмадық. Арнайы торларға орналастырылған тірі құстар мен жәндіктерді көріп, әсіресе қыс мезгілінде біздің өңірде жолықпайтын жыланның ирелеңдегеніне көз салып, шынымен таңырқадық.
– Осы тірі мақұлықтардың барлығын өз ақшама сатып әкеліп, көптен бері жинастырып жүр едім, – деді біздің көкейіміздегі сауалды дөп басқан Саят. – Кейбірін Өскеменнен, енді біреулерін Алматыдан алып келдім. Торлар да сатып алынды, ал шыны қораптарды өзім кесіп, бір-біріне жапсырып, құрастырдым. Құстардың, сондай-ақ, барлық жәндіктердің арнайы құжаттары, санитарлық қадағалау басқармасынан алынған анықтамасы бар. Онсыз балалар мекемесінде мұндай тірлік жасауға рұқсат берілмейді.

Бұл мектепте аң-құстың барлық түрі бар

Бұдан соң Саят осы әртүрлі құрал-саймандар тұратын бөлмені мектеп директоры Оралбек Сейітқазыұлының тікелей араласып, босаттырып бергенін, сырланып, ағартылып, әбден даяр болған бұрыш ашылғанда толқын қауырсынды тотыны (волнистый попугай) сатып алуға ақша бергенін ризалықпен әңгімеледі. Бүгінде «Тірі табиғат» бұрышында баласымен теңіз торайы (морская свинка), бір жұптан тотықұстың үш түрі (фишер тотысы, корелла тотысы және толқын қауырсынды тотықұс), усыз сұр жылан (полоз), көгершін тұқымдас (бриллиантовая голица) бір жұп құс, торғай тұқымдас «зебра түстес амадина» атты бір жұп құс, сондай-ақ, сарышаян мен бүйі тіршілік етіп жатыр. Олардың жейтін азығының, ішетін суының сапасы мен мөлшеріне дейін жақсы білетін Саят қамқорлығындағы жануарларды өз қолымен қоректендіруде.
– Мысалы, – дейді ол, – мына жыланға үйде болатын қаптесер тышқанды беруге болмайды. Себебі, ол тышқанның бойында алуан жұқпалы аурулардың вирустары болуы мүмкін. Өзім үйде талайдан бері атжалман (хомяк) өсіріп келемін. Жыланды ветеринарлық тексеруден өткізілген атжалманның балаларымен қоректендіремін. Бір кішкентай атжалманды жұтып алған жылан бір, кейде екі ай азықты қажет ете қоймайды.

Бұл мектепте аң-құстың барлық түрі бар

Мектептегі «Жас орнитолог» атты үйірменің жетекшісі С.Қалибеков өзінің осы бұрышты ашуға көп жылдан бері даярланып келгенін айтады. Жас жігітті Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінің биология факультетіне түсуге жетелеген де осы табиғатқа, оны мекендеген жан-жануарға деген қызығушылығы мен шынайы жанашырлығы екендігі даусыз. Енді сол құштарлық пен жанашырлықты, қамқорлықты Саят Манарбекұлы шәкірттерінің бойына сіңіріп, оларға тиянақты экологиялық тәрбие беруді алдына мақсат етіп қойып отыр. Ұстаздық еткен сегіз жыл ішінде оның бұл бағытта әжептәуір іс тындырғанын жақсы білетін біз ізденімпаз да талапты, еңбекқор да ұқыпты азаматтың әлі талай табыстарға қол жеткізетініне шынайы сенім білдіріп, қадамына сәттілік тіледік.

Хасен Зәкәрия
Күршім ауданы.

Осы айдарда

Back to top button