Бұл маусым «Торпедо» үшін табысты болды
0:4. Өскемендік «Торпедо» мен Балашиханың «Динамосы» арасындағы Жоғары хоккей лигасы плей-офф кезеңінің финалы осындай есеппен аяқталды. Ақтық сында қарсыласынан қатарынан төрт мәрте жеңіліс тапқан өскемендік ұжым Братина кубогына қол созым жерде тоқтауға мәжбүр болды.
Шыны керек, финалдық бәсеке торпедолықтар үшін дәл осылай аяқталады деп ойлағандар кемде-кем болатын. Тіптен, ресейліктердің өздері де осылайша оңай жеңіске жетеміз деп ойламаған-ды. Дегенмен, Алексей Ждахин шәкірттері бұған дейінгі ойындарда тым көп күш жұмсап қойса керек, чемпиондық үшін соңғы айқаста балашихалық командаға бәлендей дерлік қарсылық көрсете алмады. Алдымен өз айдынында 1:2 және 1:3 есебімен екі рет жеңілген жерлестеріміз қонақта өткізген ойындарда да жанкүйерлерін қуанта алмады.
Балашиха қаласында өткен алғашқы ойында өскемендік хоккейшілер тіптен сылбыр қимылдады. Әсіресе, «Торпедо» үшін кездесудің үшінші жиырма минуттығы сәтсіз басталды. Бұған дейін 1:2 есебімен ұтылып тұрған командамыз айналдырған 13 секундтың ішінде екі шайба өткізіп, жағдайды мүлдем қиындатып алды. Осыдан кейін Александр Архиповтың көмегімен есеп айырмасын екі шайбаға дейін қысқартқан жерлестеріміз таразы басын теңестірмек оймен шабуылға лап қойды. Алайда, мұның орнына тәртіп бұзып, ойыншысынан айырылып, нәтижесінде өз қақпаларына тағы бір шайба жіберіп тынды. Қорытынды есеп 2:5.
Қарсыластар арасындағы төртінші кездесуде де торпедолықтардың жолы болмады. Айдын иелеріне қарағанда қақпаға қарай екі есе көп (38-73) соққы жасаған өскемендік хоккейшілер айдыннан да сирек қуылды (26-18 минут). Тек, нәтижелі соққылар жағынан ғана есе жіберіп қойды. Балашихалық Артем Волков пен Владислав Ефремовтың шайбаларына жерлестеріміз Станислав Тунхузиннің дәл соққысымен ғана жауап бере алды. Есеп 1:2. Братина кубогы «Динамоға» бұйырды.
Иә, біздің команда үшін 2016-2017 жылдардағы чемпионат осылайша, жеңіліспен аяқталды. Дегенмен, биылғы маусым өскемендік ұжым үшін сәтсіз болды деуге ауыз бармайды. Облыс басшылығының қолдауы арқасында «Торпедо» әлдеқашан ұмыт болған игі дәстүрді жаңғырта алды. Кезінде хоккей ұстаханасы, қазақ хоккейінің отаны саналған Өскеменге қайтадан үлкен жеңістер келді. Араға біраз жыл салып команда құрамына Талғат Жайлауов, Евгений Рымарев сынды Шығыстан түлеп ұшқан тәжірибелі хоккейшілер оралды. Клуб ішінде орын алған елеулі өзгерістерден кейін команданың бапкерлік цехы да, ойыншылар құрамы да едәуір жаңаланды. Мақсаттар да өзгерді. «Торпедо» ортаңқол ұжымнан жүлделі орындарға талас жүргізетін мықты командаға айналды.
Биылғы Жоғары хоккей лигасының регулярлық чемпионатын клуб тарихында тұңғыш рет бірінші орында аяқтаған өскемендіктер одан кейінгі плей-офф кезеңінде де сенімді ойнап, финалға іркілмей шықты. Тек ақтық сында жолы болмады.
Десек те, бұл «Торпедо» жанкүйерлер жүрегінен орын тапты. Шабуылдаушы ойын өрнегі мен жарқын жеңістері арқасында «Торпедоның» іздеушілері көбейіп, Б.Александров атындағы спорт сарайының трибуналары бұрынғысынша халыққа лық толатын болды. Енді келесі маусымда командамыз жерлестерінің сенімін ақтап, жеңісті жолын жалғаса нұр үстіне нұр болар еді.
Нұржан КЕНЖЕҰЛЫ