Экономика

Бұл кәсіпорын нан өнімінің 150 түрін шығарады

Еліміздің үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында жүргізіліп жатқан индустрияландыру картасы бойынша биыл облыста құны 15,4 млрд. теңгенің төрт инвестициялық жобасы жүзеге асырылмақ.

Бұл кәсіпорын нан өнімінің 150 түрін шығарады

Тәулігіне жеті тоннаға дейін
әлеуметтік нан өндіріледі

Индустрияландыру картасы бойынша 2010 жылдан бастап былтырғы жылдың аяғына дейін аймақта 29 жобаның тұсауы кесілді. Өндіріс қуатын арттырып, өнім көлемін ұлғайтуға мүмкіндік берген сол жобалардың бірі – «Ақсай-нан-Өскемен» ЖШС-нің әлеуметтік нан өндіруге арналған өндіріс цехын қайта жарақтандыруға бағытталған болатын.

Өскемен мен Семей, Риддер қалаларының тұрғындарына «Зауыт наны» деген атымен танымал болып келе жатқан «Ақсай-нан-Өскемен» кәсіпорнында бүгінде 200-ге тарта адам еңбек етуде. Зауыт директоры Елена Березинская-Әбілованың айтуынша, жаңа жабдықтар сатылып алынғаннан кейін өнім көлемі біршама артып, қазір тәулігіне 7 тоннаға дейін әлеуметтік нан өндірілуде. Бұл – жобалық қуаттың 81 пайызы. Жыл аяғына дейін кәсіпорын толық қуатында жұмыс істеуге көшіп, тәулігіне 8,9 тонна нан өндіретін болады.

Әлеуметтік нан бұл жерден облыс орталығындағы 50 әлеуметтік сауда нүктесіне 40 теңгеден босатылуда. 600 грамдық бөлкелер осы сауда орындарының бәрінде 45 теңгеден сатылып келеді. Қалалық әкімдікпен жасалған келісімге сәйкес әлеуметтік нан өндіру үшін зауытқа ай сайын келісі 48 теңгеден 200 тонна көлемінде арзандатылған 1-сұрыпты ұн беріліп отыр.

– Нан өндірушілер түнгі кезекте, тоқаш, кондитерлік өнім түрлерін өндірушілер күндізгі кезекте жұмыс істеп келеді. Қазір біз ойық тоқаштар өндіретін цехта тұрмыз, – деді бізді зауыт цехымен таныстырып жүрген бас технолог Людмила Медведева. – Осыдан екі жыл бұрын ойық тоқаштар қолмен қапталып, сыртына қашан шыққанына дейін қолмен жазатынбыз. Қазір компьютерлік жүйемен жұмыс істейтін автоматтандырылған қондырғылар өнімді өздері қаптап, қаптың тігісіне қашан шыққаны да қоса жазылып шығады. Наубайханадағы ауыр қол еңбегін жеңілдеткен жаңа құралдың бірі – осы.

Зауытта 15 жаңа жұмыс орны ашылды

Индустрияландыру картасы бойынша іске асырылған әлеуметтік нан өндіру өндірісін қайта жарақтандыру жобасының арқасында сатылып алынған бес чехиялық нан пісіру пештері мен төрт нан көтеру құрал-жабдықтарының жұмысы да бастан-аяқ автоматтандырылған. Электр энергиясын пайдаланатын бұл заманауи пештердің орнына 2011 жылға дейін көмір жағатын пештер қолданылып келіпті. Күлі бұрқылдаған ыстық пештердің қасында тәулік бойы нан пісіріп жүретін наубайшылар енді қамырдың көтерілгенін, нанның піскенін, жұмыс үдерісінің бәрін де электронды жабдықтар бетіндегі өшіп-жанған көрсеткіш, белгілерден көріп, бақылап қана отыр.

Чехиялық «REVENT» фирмасының бұл ротациялық нан пісіру пештерін әкеліп құруға, іске қосуға 64,4 миллион теңге жұмсалған. Облыста мұндай құрал-жабдықпен нан өндіріп жатқан екі-үш қана зауыт бар. Құрал-жабдықтарды компания мамандарының өздері қосып беріп, алғашқы нанды да өздері пісіріп, қалай жұмыс істейтінін тәптіштеп көрсетіп беріп кетіпті. Нанның шала піскен немесе дұрыс көтерілмей, көңілдегідей болмай шыққан кезі кездеспеген. Токпен жұмыс істейтін жаңа пештер экологиялық жағынан тиімді болып қана қоймай өнім сапасын көтеруге де мүмкіндік туғызған. Оған қоса қол еңбегін жеңілдетіп, еңбек өнімділігін арттырыпты. Өндіріс көлемін ұлғайтудың нәтижесінде зауытта 15 жаңа жұмыс орны ашылған.

Жаңа жабдықтардың өнім түрлерін көбейте түсуге де септігі тиіп жатыр. Зауытта өндіріліп жатқан нан-тоқаш, кондитер өнімдерінің түрі биыл 150-ге жеткен екен. Алдағы ақпан айынан бастап жартылай фабрикаттар шығаратын аспаздық цех, оның жанынан тұрғындардың жеке сұранысы бойынша жұмыс істейтін тапсырыс үстелі ашылмақ. Жаңа цехқа құрал-жабдықтар сатылып алынып, өндіріс іске қосылуға даяр тұр. Кәсіпорын орналасқан маңдағы Бажов көшесінде ашылғалы отырған фирмалық дүкенде зауыт өнімдерін сауда үстемесінсіз сату жоспарланып отыр.

Жүз студент кәсіпорында өндірістік тәжірибеден өтті

«Ақсай-нан-Өскемен» ЖШС өндіріс қуатын, еңбек өнімділігін арттырумен қатар жас мамандардың ұстаханасы болып келе жатқан кәсіпорындардың біріне айналып отыр. Өскемендегі кәсіптік-техникалық лицейлер мен колледждердің студенттері өз білімдерін осы зауытқа келіп толықтыруда. Осында өндірістік тәжірибеден өтіп, аға буынның бағыт-бағдарымен жұмыс істеп, біліктіліктерін жетілдіруде. Былтыр 100 студент осы кәсіпорында өндірістік тәжірибеден өткен. Бір ғасырлық тарихы бар байырғы өндіріс орны ШҚМТУ-дың қайта өңдеу және тамақ өндірісі технологиясы кафедрасымен де тығыз байланыс орнатқан.

– Мен алғашында осы зауытқа «Жол картасы» бойынша жұмыссыз маман ретінде қайта даярлықтан өтуге келген болатынмын. Өскемендегі Құмаш Нұрғалиев атындағы колледжден қайта өңдеу технологиясы маманы мамандығын алып шыққан едім. Зауытта алты ай қайта даярлықтан өткен кезде мамандығымның бүге-шігесіне дейін меңгеріп, білуіме мол мүмкіндік алдым. Талай жылдан бері осында еңбек етіп келе жатқан мамандар білгендерін үйретуден жалыққан жоқ. Соның нәтижесінде осы кәсіпорында технолог болып жұмысқа орналастым. Қазір білімімді әрі қарай жалғастырып, ШҚМТУ-да тамақ өнеркәсібі технологы мамандығы бойынша сырттай оқып жатырмын, – дейді зауыт зертханасының технологы, жас маман Дана Ғаниева.

Ыстық та арзан, сапалы нанымен қалалықтарға аты белгілі болған «Ақсай-нан-Өскемен» ЖШС-нің былтыр Астанада өткен «Алтын сапа» республикалық көрме-конкурсына қатысып, алғыс хатпен марапатталуы осында жұмыс істеп жатқан қыз-келіншектердің маңдай терінің, тынымсыз еңбегінің нәтижесі.

Елена БЕРЕЗОВСКАЯ-ӘБІЛОВА, зауыт директоры:
– Жуықта өскемендік тұтынушылар арасында жүргізілген сауалнама қорытындысы қалалықтардың 85 пайызға жуығы біздің өнімдерімізді сатып алатынын көрсетті. Индустрияландыру картасына еніп, өндіріс жабдықтарын жаңартқан соң өнімдеріміздің сапасы бұрынғыдан да жоғарылады. Алайда, бізге қаладағы кәсіпорындардан түсіп отырған әлеуметтік ұн сапасының төмендігі өнім сапасына кері әсерін тигізуде. Облыста барлық талаптарға сай сапалы ұн шығарып жатқан кәсіпорындар санаулы-ақ. «ШҚ ұн комбинаты» ЖШС сияқты бүгінгі стандарттарға сай сапалы ұн шығарып отырған зауыттардың ұнын алатын болсақ нан-тоқаш өнімдерінің сапасы қазіргіден әлдеқайда жоғары болар еді.

Жанаргүл Мұқатай

Осы айдарда

Back to top button