Бұл күні мейірімді болуға үндеді
Кеше облыс әкімі Даниал АХМЕТОВ Өскемендегі Жастар саябағына жиналған жұртшылықты православие христиандарының басты діни мейрамдарының бірі – Пасха мерекесімен құттықтады.
Әлемнің 140-тан астам елінде тойланатын бұл діни мереке еліміздің барлық аумағында, соның ішінде біздің облысымызда да жыл сайын лайықты дәрежеде тойланып келе жатыр. Иса пайғамбардың құрметіне аталып өтілетін мейрамда христиан нанымындағылар шіркеуге барып, туған-туыстары мен жақындары үшін құдайға құлшылық етеді. Бір-біріне ізгілік тілеп, мейірімді болуға үндейді. Осы мереке күндері жаны жүдеу жандарға қайырымдылықтар жасалып, құдайы астар беріледі.
Жексенбі күні Жастар саябағында ұйымдастырылған діни мерекеге біршама өскемендіктер жиналды. Саябаққа сахна құрылып, түрлі мерекелік әндер шырқалды, көрме ұйымдастырылды.
Облыс әкімі өзінің құттықтау сөзінде бұл мейрам ең алдымен ізгілік пен көктем мерекесі екендігін атап өтті.
– Біздің елімізде ұлтаралық және конфессияаралық татулықтың арқасында жүздеген ұлт пен ұлыс өкілі ұлтына, дініне бөлінбей игілік жолында аянбай еңбек етуде. Біз сіздермен бір шаңырақ астында, бейбіт елде өмір сүріп жатырмыз. Осының бәрі – Мемлекет басшысы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ сарабдал саясатының, елдегі діни тұрақтылықты сақтауға деген ынта-ықыласының арқасы. Біз – бейбітшілікті бәрінен жоғары қойған елміз, біз – ядролық қарудан, аумағымыздағы әлемге қауіп төндіріп тұрған 100-ден астам зымыраннан бас тартқан елміз. Бүгінгі пасха мерекесі мейірім мен көктем шуағына толы ізгілік мерекесі. Барлықтарыңыздың отбасыларыңызға ынтымақ пен бақыт тілеймін, – деді аймақ басшысы Даниал АХМЕТОВ өзінің құттықтау сөзінде.
Облыс әкімімен бірге саябақта өтіп жатқан көктем мерекесіне облысымыздағы этно-мәдени бірлестіктердің, ардагерлер кеңесінің өкілдері, қоғам белсенділері қатысты.
Ал православиелік христиан дінінің өкілі Алексей әкей дәл осы мереке күні діндарларды жағдайы төмен мұқтаж адамдарға рухани және материалдық көмек көрсетіп отыруға шақырды.
– Пасха әр адамды осы өмірдегі мақсаты туралы ойлануға шақырады. Біздердің арамызда көмекке, қолдауға мұқтаж бауырларымыз бен қарындастарымыз, күтімсіз қариялар, жетімдер мен шамасы кеткен қауқарсыз адамдар бар. Игі істер үшін күш-қуатымызды біріктірейік, көмек қолын созайық, оларға сүйіспеншілігіміз бен материалдық көмегімізді берейік, – – деді Алексей әкей.
Бұл күні қала тұрғындары саябақта өтіп жатқан Пасха мерекесіне барынша дайындықпен келіпті. Олар мерекелік дәстүрлі тағамдардан дәм татып, көрмені аралады.
– Пасха – үлкен мереке. Бала кезімнен бұл күні біздің отбасымызды көршілердің құттықтайтыны есімде. Бұл – халықтар арасындағы нағыз достықтың дәлелі. Біз халықтар арасындағы татулықты сақтауымыз керек. Мен барлық діни конфессияларға алғыс білдіргім келеді. Біз бірнеше жыл бойы Рождество мен Құрбан айтты, Пасха мен Наурызды тойлап келеміз,-дейді Өскемен қаласының тұрғыны Владимир Уколов
Дарын Нұрсапаров