Бұл карта басқа карталардан өзгерек

Шығыс Қазақстанда жерлердің электронды картасы жасалуда, ол карта келер жылдан бастап барлық азаматтар үшін қолжетімді болмақ.
Бұл электронды картада нелер болады? Кез келген тұрғын осы картадан жер телімдері, инженерлік коммуникациялар, тұрғын үйлер туралы толық ақпарат ала алады. Сондай-ақ аталмыш карта ұдайы толықтырылып және жетілдіріліп отыратын болады.
Әзірге облыста бұл жоба қанатқақты режимде, яғни сынама ретінде екі ірі шаһарда – Семей мен Өскеменде іске асырылып жатыр. Жалпы, картада 52 мың гектар жер белгіленетін болады.
Әлбетте, бұл электронды карта не үшін қажет деген сауал туындайтыны белгілі. Өйткені бүгінгі таңда әлемге әйгілі «Гугл», «Яндекс» компанияларының спутниктік картасын кез келген қалта телефонға көшіріп, әлемнің кез келген түкпірін қарап отыру мүмкіндігі әркімде де бар ғой.
– Аталмыш электронды карта Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бастамашы болған «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы аясында облыс әкімі Даниал Ахметовтің тікелей тапсырмасы бойынша әзірлену үстінде. Бірінші кезекте бұл қызмет кәсіпкерлерге бизнесті жүргізуге ыңғайлы болуы үшін жасалған. Яғни, картада картографиялық мәліметтер, қала құрылысы регламенттері, жер телімдері, инженерлік желілерге қосылу мәліметтері ұсынылады. Сонымен қатар біздің карта танымал «Яндекс» және «Гугл» қызметтеріне қатар қосылу мүмкіндігін қарастырады, – дейді облыстық жер қатынастары басқармасы басшысының орынбасары Дәулет Сарманов.
Қазіргі кезде картаны жасау ісі аяқталып қалды. Электронды карта облыс әкімінің ресми сайтында орналасады, ол кез келген адамға қолжетімді болмақ. Осы ресурсқа кірген тұрғын өзін қызықтырған барлық ақпаратты ала алады. Мәселен, қай жерде бос жатқан жер телімдері бар екенін, қай телімдерге электр жүйесі, ыстық және суық су, кәріз құбыры сынды инженерлік желілер тартылғаны, тұрғын үйлердің учаскелері туралы толық ақпаратты оп-оңай біле алады. Басқарма мамандарының айтуынша, қаладағы барлық құрылыстық өзгерістер осы картаға енгізіліп, ол ұдайы жаңартылып отырады. Сондай-ақ картаның басқару тетіктері де жетілдіріліп тұрмақшы.
Әзірлеушілердің айтуынша, кейін карта инженерлік коммуникацияларға қосылуға өтінімді электронды түрде беру қызметін де атқаруы тиіс.
– Электронды картаның келешегі зор. Ары қарай оны түрлі қала құрылысы мақсаттарына, қаланы жоспарлауға пайдалануға болады. Келешекте картада қай қоғамдық көліктің, не болмаса жедел қызмет көлігінің қай жерде кетіп бара жатқаны көрсетіліп тұрады. Картаны жасау оңайға соққан жоқ, жұмыс барысында Ұлттық картография-геодезия қорының материалдары, қалалардың бас жоспарлары, тұрғын аудандарды жоспарлаудың тиянақты жобалары сияқты көптеген құжаттар алынып, сараланды. Өскемен мен Семейдің жылумен және электр қуатымен қамтылуы жөніндегі материалдар сандық форматқа көшірілді, – дейді Дәулет Сарманов.
Қарап отырсақ, бір ғана электронды карта азаматтарға қажет нысанды тез табуға көмектеседі, сонымен қатар қалалардағы жерлерді тиімді пайдалану мәселесін шешеді, картографиялық іс-шараларды жүргізуді оңтайландырады, кәсіпкерлерге рұқсат құжаттарын алуды жеңілдетеді.
Картаның басқа да мақсат-міндеттері, көрсететін қызметтері көп. Оның бәрін тізіп жату артық болар. Анығы – қос қаланың карталары дайын болған соң, мамандар облыстағы басқа аудан-қалалардың осындай картасын жасауға кіріседі. «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік жобасы Шығыста осылай нақты іске асырылып жатыр.
Ержан Әбіш