Руханият

Бұл ауыл 24 жетім баланы бауырға басты

Бұл ауыл 24 жетім баланы бауырға басты

«Жетім көрсең, жебей жүр» дейді халық нақылы. Мұның өзі береке-бірлікке, қайырымдылыққа, «өзгенің тауқыметіне көз жұма қарама» деген ізгі ниетке меңзеп тұрғаны түсінікті. Осы айтылған сауапты ойды Елбасының өзі сабақтап, ата-ана мейіріміне шөлдеп, тұнжыр қабақ, салқын құшақты балалар үйінде тірлік кешіп жатқан жаутаңкөз бүлдіршіндерді патронаттық тәрбиеге беруге шақырған болатын.
Шынайы пейіл, жанашыр көңілмен жетім баланы қамқорлыққа алған ата-аналарға жәрдемақы төлей отырып, мемлекет туа сала тағдырдан теперіш көрген сәбилердің тиянақты отбасы жағдайында өсіп, лайықты тәрбие алуына барынша қамқорлық жасап отыр. Біздің ауданымызда мұндай қадамға алдымен Маралды ауылдық округінің тұрғындары тәуекел еткен болатын.
– Осы шараға жол ашылған 2010 жылдан бері біздің ауылдың тұрғындары 24 жетім баланы патронаттық тәрбиеге алып отыр, – дейді Үшбұлақ орта мектебінің директоры Ерлан Хамин. – Ал баса көрсетіп айтып кететін жай – бірде-бір бала қиындыққа душар болып немесе өз жағдайы келмей, балалар үйіне қайтарылған жоқ. Тез арада сіңісіп, осындағы көпшіл қауыммен біте қайнасып кетті. Жасы жетіп, білім қуып кеткендерінің жөні бір басқа. Мәселен, Тілеубаевтар отбасында тәрбиеленген Ахметбаев Дидар мектепті жақсы бітіріп, Семей медициналық университетіне түссе, Құсайыновтар отбасында болған Тұмарбеков Қуаныш Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінде білім алуда. Олардың екеуі де грантпен оқып жатыр.
Директор білім беру жағынан осындағы мектеп мұғалімдерінің ешкімнен де олқы түсе қоймайтынын атап айтып өтті. Оның дәлелі – өткен оқу жылы аяқталғанда, үшбұлақтық түлектердің Ұлттық бірыңғай тестілеуден 93 балл алып, аудан бойынша жүлделі III орыннан көрінгені. Сонымен бірге, мектепті 2015 жылы тәмамдаған бес түлектің төртеуінің оқуға түскенін ұстаздары мақтанышпен айтып отыр.
– Биыл Серебрянка қаласындағы балалар үйінен тағы үш бала әкелдік, – деп сөзін жалғады Ерлан Бекмұханбетұлы. – Олардың екеуі 2-сыныпта, біреуі 6-сыныпта оқып жатыр. Екеуін өзіміздің ұстаздарымыз Жақыпбаевтар, Сыдықовтар отбасылары тәрбиеге алған болса, біреуін осындағы үлгілі отбасылардың бірі – Әбілмәжіновтер жанұясы бауырға басты.
Бақытбек Әзілбаевтың отбасында тәрбиеленген екі қызымыз өздері бұрын болған балалар үйі көмек көрсететін болып, өз ықтиярларына орай қайтарылған болатын, қазіргі кезде екеуі де колледжде білім алып жатыр.
Мектептегі ахуал жайындағы сауалымызға директор «қанағаттанарлық» деп сенімді жауап қайтарды. 1-сыныпта жеті бала оқып жатыр, бір қызығы, биыл мектеп бітіретін түлектердің саны да жетеу екен. Жалпы, жағдай жаман емес.
Барлығы 75 оқушы білім алып жатқан атам заманғы ескі ғимараттан шыға беріп, құрылысы әлденеше жылға созылып, бітпей жатқан жаңа мектеп үйіне көз салып өттім. Ойымды сезе қойған директор.
– Құрылысқа жауапты адамдар жаңа ғимаратты биыл бітіріп беретіндерін айтып отыр. Ұстаздар да, оқушылар да алдағы күзде жаңа оқу жылын жаңа мектеп үйінде қарсы алатын болармыз деген сенімнің жетегінде, – деді.

Хасен Зәкәрия
Күршім ауданы.

Осы айдарда

Back to top button