Қоғам

Көкпектідегі тендер дауы неден шықты?

Көкпектідегі тендер дауы неден шықты?

Көкпектідегі тендер дауы неден шықты?

Көкпектідегі тендер дауы неден шықты?

Көкпекті ауданында жергілікті әкімдік пен «ДСУ-14» ЖШС және «Көкпекті жолдары» мердігер ұйымдары арасында дау шықты. Аудандағы жол жөндеу және қардан тазалау жұмыстарымен айналысатын екі мердігер ұйымның басшылары жергілікті шенеуіктерді аудан жолдарын қардан тазалау жұмыстарына бөлінген миллиондаған қаржыны төлемей қойды деп айыптап отыр. Жергілікті әкімдік болса, соңғы бес жылда екі кәсіпкер қар тазалау жұмыстарының бағасын бірнеше мәрте көтергенін алға тартуда.

Өткен жұмада Самар ауылындағы ДСУ-14» ЖШС-нің мәжіліс залында аталмыш мәселеге байланысты жиын өтті. Оған «ДСУ-14» ЖШС-нің және «Көкпекті жолдары» мердігер ұйымдарының жұмысшыларымен қатар, аудандық әкімдік қызметкерлері де қатысты. Жиын барысында «ДСУ-14» ЖШС-ның директоры Александр Федосов аудандық әкімдік қызметкерлерінің өтініші бойынша 2015 жылы су тасқынының алдын алу жұмыстарын жүргізу барысында төрт миллион теңгеге шығындалғанын атап өтті. Кәсіпкердің айтуынша, мұндай жағдай 2016 жылы да қайталанған. Нәтижесінде, ол 23 миллион теңге шығынға батса, «Көкпекті жолдары» мердігер ұйымы басшысының міндетін атқарушы Олег Вишняков 41 миллион теңгенің жұмысын қарызға атқарып берген. Алайда, аудан көлемінде жүргізілген жұмыстардың актісі қағаз жүзінде бекітілмегендіктен екі мердігер ұйым да ауызша келісімде көрсетілген қаржы көлемін алмаған.

– Аудан әкімі Рамиль Сағындықов сол кезде осы күнге дейін жұмсалған шығынның барлығын өтеуге уәде берген. Жалпы, біз мемлекеттік органдардың қолында жеткілікті қаржы болмаған жағдайда жұмысты қарызға орындап береміз. Ал кейін ауызша келісімде айтылған қаражатты аудан басшылығынан аламыз. Алайда, бұл жолы аудандық әкімдік өкілдері бізге келісілген қаржыны төлеуден бас тартты. Сөздің шыны керек, соңғы екі айда «ДСУ-14» ЖШС-нің жұмысшыларына еңбекақы төленген жоқ. Ал «Көкпекті жолдары» бөлімшесіндегі жағдай мүлдем қиын. Онда жұмысшыларды қысқарту жүргізілді, – дейді Александр Федосов.

Осы орайда, биыл қыста Көкпекті ауданындағы барлық жол аумағының ашық болғанын айта кеткен жөн. Аудан орталығынан шалғайда жатқан елді мекендердің көшелерін қардан аршу жұмыстарын жүйелі түрде жүргізген жеке шаруа қожалықтарының басшыларына халық дән риза. Алайда, осы күнге дейін аудандағы қардан тазалау жұмыстарымен айналысып келген екі мердігер ұйымның басшылары жол тазалайтын арнайы техникасы жоқ шаруа қожалықтарының Көкпектідегі барлық маңызы бар жолдарды бұзатынын атап өтіп, аудандық сәулет, құрылыс, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің 2016-2017 жылдары тендерді дұрыс ұйымдастырмағанын жеткізді.

Биыл бюджеттік комиссияның шешімімен аудан жолдарын қаңтар-ақпан айларында қардан тазалау жұмыстарына 72 миллионнан астам теңге көлемінде қаржы бөлінген. Соның ішінде, 17,8 миллион теңге «ДСУ-14»-ке, 22 миллион теңге «Көкпекті жолдарына» берілген. Ал қалған 37,7 миллион теңге шаруа қожалықтарының басшыларына бөлінген. 2016 жылы аудан жолдарын қардан аршу жұмыстарына 44 миллиондай теңге беріліпті. Аудандық сәулет, құрылыс, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Мақсат Капчиковтың айтуынша, мемлекеттік сатып алуларды жүзеге асыру қағидаларын бекіту туралы еліміздің Қаржы министрлігінің 2015 жылғы №648 бұйрығына сәйкес, олар тендерге қатысушыларға коммерциялық ұсыныстарын көрсеткен.

– 2016 жылдың қараша, желтоқсан айларына дейін аудан жолдарын осы екі мердігер ұйымның өкілдері тазалап келген болатын. Өздеріңіз білетіндей, қысы қатал біздің өңірде жыл сайын қар қалың түседі. Ал Самар мен Көкпекті ауылдарынан шалғайда жатқан елді мекендерге арнайы техника күші жеткенше, қар нығыздалып қалады. Биыл біз бұл іске шаруа қожалықтарының басшыларын тарта отырып, 17 миллион теңге қаржы үнемдедік. Енді бұл қаржыны жазғы жол жөндеу жұмыстарына жұмсайтын боламыз. Ағымдағы жылы Қойтас, Қараөткел, Преображенка, Мелитополь, Ұзынбұлақ, Шәріптоғай, Жұмба, Егінбұлақ ауылдарының жол учаскелерін дер кезінде қардан тазалау жұмыстарын жүргізген «Теректі», «Тоқтарбаев» пен «Макаров А.В.» шаруа қожалықтарының жұмыстарын ерекше атауға болады. Бұрын аудан орталығынан шалғайда жатқан аталмыш елді мекендерге арнайы техника жіберу үшін қыруар қаржы жұмсайтын едік. Бұған дейін тендерлерге тек осы екі мердігер ұйымның басшылары ғана қатысатын. Меніңше, қазір олар нарықтық бәсекелестікке төтеп бере алмай отыр, – дейді Мақсат Капчиков.

Аудандық сәулет, құрылыс, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі мамандарының айтуынша, Көкпектідегі екі жол жөндеуші кәсіпорын соңғы бес жыл ішінде аудан бюджетінен 300 миллион теңге қаржы алған.
– Бұл қызметке 2016 жылы тағайындалдым. Ал «ДСУ-14» ЖШС-нің басшысы көрсетіп отырған 28 миллион теңге мен «Көкпекті жолдары» мердігер ұйымының басшысының міндетін атқарушы Олег Вишняков айтып отырған 41 миллион теңге қарыз туралы ешқандай құжатта көрсетілмеген. Егер қаржылық шығындар көрсетілген құжат болмаса, мен қалайша ауызша жасалынған келісімге бола мемлекет тарапынан бөлінген үлкен соманы бере аламын, – дейді Мақсат Капчиков.

Әзірге қос тараптың айтқандарынан қайтатын түрі жоқ. Аудандық әкімдік қызметкерлері бұдан былай тендер мәселесіне байланысты Көкпектіде дара иелікке жол бермейтіндерін жеткізді. Ал кәсіпкерлер болса, облыс әкімі Даниал АХМЕТОВКЕ хат жазып, прокуратураға шағымданамыз деп отыр.

Көкпекті ауданы.

Ажар САҒАТБЕКОВА

Осы айдарда

Back to top button