Бөкенің бай кені қайта игерілмек
Тоқсаныншы жылдарғы тоқырау кезінде Жармадағы тау-кен игеру саласындағы кәсіпорындар жұмысы тұралап қалған болатын. «Васильевское» кен орны Бөке ауылының іргесінде орналасқан. Басында бағы барда бұл елді мекенде 6 мыңға жуық халық тұрған еді.
Соңғы жылдары өңірге ірі кен игеруші кәсіпорындар бет бұрып, еліміздің үдемелі индустриялық-инновациялық бағдарламасына ынта білдірушілер қатары артты. Қалбаның қазынасын игеруге негізделген әр жоба зерделеніп, болашағы басым жұмыстарға басымдық берілді. Солардың бірі алтынның негізгі отаны болған Ақжал ауылдық округіне қарасты «Васильевское» кен орнын игеруге «ГМК Васильевское» ЖШС ниет білдіріп, бұл жоба жергілікті атқарушы билікпен мақұлданған болатын.
«ГМК Васильевское» ЖШС-нің директоры Қайрат Қабасовтың айтуынша, бұл кен орнына көңіл бөлінуіне ең алдымен тас жол мен теміржолдың және электр желісінің жақын орналасуы, екіншіден, өткен ғасырдан танымал кен мамандарымен сол уақыттан бастап зерттеліп, зерделеніп, нақты жер қойнауының байлығы бағамдалғандығы ескерілген. Мамандардың жасаған сараптамаларына сүйенер болсақ, шамамен кен орнында 17,5 тонна сары құнды тастың қоры бар көрінеді. Кәсіпорын құрамында алтыны бар кенді жаңаша игеріп, өңдеп, өнім алуды көздейді. Бүгінгі таңда кенді игеру, қиыршықтап ұсатуға қажетті барлық қондырғыларды Түркиядан әкелген. Мердігерлер қажетті жұмыстарын атқарса, қондырғылар орнатылып, жұмысына кіріспек.
Жұмыс жоспарына сәйкес кәсіпорын өз істерін уақтылы қолға алған. Жалпы сыйымдылығы 200 мың тонна кенді жуып-шайып тазартуға арналған орын әзірленіп, арнайы төсеніштер төселген. Алдағы уақытта мұндай орынның тағы да екеуі салынбақ. Бұл алаңқайда тазартылған кенді сілтісіздендіру қондырғысы орнатылатын зауыт құрылысы да аяқталып қалыпты.
Тәжірибе жүзінде жүзеге асып жатқан жұмыстар оң нәтижесін беретіндігіне сенімді кәсіпорын басшылығы алдағы 4 – 5 жыл ішінде жобаның екінші кезеңін іске асырмақшы. Екінші кезеңде кенді өңдеу фабрикасы құрылысын жүзеге асырып, кен игеру ауқымын кеңейтпек. Яғни, жоспардың бірінші кезеңі іске қосылысымен шамамен 150-200 тұрақты жұмыс көзі ашылса, екінші кезеңінде жұмысшылар саны 500-ге дейін артады. Қазір кәсіпорында шамамен 300-дей адам еңбек етіп жатыр.
Сондай-ақ, «Шұғыла GOLD» ЖШС күн санап жұмысын тұрақтандырып, алғашқы өнімдеріне де қол жеткізді. Кәсіпорында 200 адам еңбек етеді. Мекеме басшысы Рамазан Сүлейменов ескі кен орындарын шаймалау әдісімен игеріп, барынша кен игеру аясын кеңейтуге ынталы екендігін айтты.
Жалпы құны 2,5 млрд. теңге болатын жоба толық күшіне енсе, Бөке ауылына үлкен серпін болмақ. Қаңтарылып қалған кен орны қайта жанданып, кеншілер ауылының түтіні түзу шығатын күн де алыс емес.
Бөкенің байлығына ден қойған «ГМК Васильевское» ЖШС мен «Шұғыла GOLD» ЖШС басшыларымен кездесіп, жұмыс барысымен танысқан аудан әкімі Нұрлан Сыдықов жұмысы тұрақты кәсіпорындардың ынтасын жергілікті атқарушы билік қолдауға әзір екендігін жеткізді. Дегенмен, кенін алып, игілігін көрумен қатар, жергілікті халыққа да бетбұрыс жасау қажеттігін алға тартты.
Мейірхан Оспанбаев
Жарма ауданы.