Бөкең бос отыра алмайды
…Алпысыншы жылдардың соңындағы Алатаудың баурайындағы Алматы шаһары қандай көркем, әсем еді. Мен ҚазМу-де, ал Болат Қинашев халық шаруашылығы институтында оқыды, Жандосов көшесіндегі екі жоғары оқу орнының жатақханалары қатар орналасқан, зайсандық ағайынды Төлеген, Кенжебек Бұқатовтармен де араласып тұрдық.
Болат екеуіміз ежелден таныс болатынбыз, анасы Зәкура мен менің шешем Сағымжан екеуі бір-біріне қонаққа келіп, әңгіменің көрігін қыздыратын. Болаттың әкесі Қинаш Ыбырайұлы ауыл шаруашылығында еңбек етті, ферма басқарды. Өкінішке қарай, Қинаш аға Болат 12 жасқа толғанда қайтыс болды. Апайлары Нәзигүл, Нәзима, Мәуия, ағасы Мұрат Болат пен Бақыт, Жанатты қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай оқытты, білім беруге жәрдем жасады.
Мамандығы экономист-қаржыгер Бөкең жоғары оқу орнын бітіре салысымен, «Мичурин» кеңшарында экономист қызметіне орналасады. Бір жылдан соң білімді де білікті маманды аудандық «Казсельхозтехника» бірлестігіне бас экономист қызметіне шақырады. Бұдан кейін аудандық тұтынушылар одағында, Қара Ертіс селолық Кеңесі атқару комитетінің төрағасы, аталмыш кеңшарда партия комитетінің хатшысы қызметтерін абыроймен атқарады. Бес жыл бойы аудандық қаржы бөлімінің бастығы қызметін атқарған кезде Зайсанда аса күшті зілзала болып, мыңдаған тұрғын үйлер мен әлеуметтік ғимараттар қираған кезде Бөкең апат зардаптарын жоюға белсене араласады. Зайсан зілзаласына еліміздің барлық облыстарынан көмектің келгені белгілі. Міне, осынау сын сәтте қай елді мекенге, қандай құрылыс материалдары керек, қай жерде әлеуметтік ғимараттар салу қажет, бұған кететін шығынды есеп-қисапқа алу, Алматыдағы тиісті мекемелерге тапсырыс беру Болат басқарған мекеме ұжымына жүктелгенін біреу білсе, енді біреу біле бермес.
Қызметіне аса жауапкершілікпен қарайтын Болат досымның қандай бір істі қолға алса, тиянақты атқаратынына сан рет куә болғаным бар. Ол 1995-2006 жылдары аудан әкімінің орынбасары, аудан әкімінің бірінші орынбасары қызметін атқарды. Осы кезде іссапарда болған кезде Бөкеңмен бірге ауылдарды аралайтынбыз. Бөкеңді барлығы таниды, кездесе қалған кезде жылы амандасып, шаруаларын шешуге көмек сұрайтын. Болат Қинашұлы ешкімді ренжітпейғ істерін тындырып беретін. Аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімін басқарған кезде зейнеткерлермен жиі кездесіп, олардың талап-тілегін қанағаттандыратын.
Болат Қинашұлы қазір де қатардан қалған жоқ. Қала әкімдігі жанынан құрылған қауымдастықтың төрағасы, ақсақалдар алқасының мүшесі, сайлау науқаны кезінде жастарға тәжірибесін бөлісіп, ақыл-кеңесін аямайды. Облыстық «Дидар» газетін жарты ғасыр бойы жаздырып, онымен сырласатын, басылымды жан серігі санайтын, шабыты келген кезде мақала жазып тастайтын Бөкең жақында кездесіп қалғанда жастар бетінің көрінбей кеткенін, алдағы уақытта олардың бос уақыттарын мәнді өткізу үшін не істеу керектігі жайлы материалдар беріліп тұрса деген тілегін жеткізді. Несі бар, орынды пікір.
«Қазақстан Республикасы Конституциясына 10 жыл», «Қазақстан Республикасы Парламентіне 10 жыл», «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 20 жыл» мерекелік медальдары мен мақтау грамоталары ұзақ жылғы еңбектің өтемі болса керек. Зайсан ауданының Құрметті азаматы Болат Қинашұлы 70 жасқа толды. Аудан экономикасының өркендеуіне ерекше үлес қосқан абзал азамат өзінің өмірлік жары Әлиямен бірге ұл-қыздары мен немерелерінің қуанышына бөленіп, бақытты да ғибратты ғұмыр кешуде.
Оңдасын Елубай
Зайсан ауданы.